Бұл жәдігер ғылыми ортада «Болжал кітабы» («Книга гаданий») атымен танымал. Кітап Ұйғыр қағандығы кезінде жазылған деп есептеледі. Көлемі 13,75 х 8,75 см. Туындының басы мен аяғында қытайша Будда дініне арналған өлең мәтіні жазылған. Қалған 58 бетінде ежелгі түрік бітік жазуы бәдізделген.
Бұл кітапты 1907 жылы ағылшын археологі А.Стейн Қытай елінің Ганьсу провинциясы Дунхуан аймағы аумағында орналасқан «1000 буд үңгірі» ғибадатхана қызметшісінен сатып алады. Кітаптың тұпнұсқасы Лондондағы Британ музейінде тұр. Бұл жазба ескерткіш бүгінге дейін сақталып келген жалғыз руникалық қолжазба болып саналады.
Туындыны алғаш зерттеген – дат түркологі Вильгельм Томсен. Бұл кісі қолжазбадағы мәтіндердің мазмұнын талдай келе, кітап манихей дініне негізделгені жайлы пайым айтып: «Түрік тіліндегі мәтін бесінші парақтың артқы бетінен басталып, 57-парақтың бірінші бетінде аяқталады» десе, тағы бір үлкен түріктанушы ғалым В.Радлов аталған қолжазбаны «таңбамен жазылған хат» деген. Кітаптағы жазба мәтінді түрік ғалымы Х.Оркун ағылшын тіліндегі аудармасына сүйене отырып, түрікше сөйлетсе, атақты С.Малов орыс тіліне аударған.
Ал қазақ ғалымдары арасынан Ғ.Айдаров «Ырық бітікті» 1990 жылы С.Маловтың орысша аудармасы негізінде қазақ тілінде сөйлетсе, бірнеше жыл бұрын түріктанушы Н. Базылхан әр ырыққа өзінің жеке-жеке транслитерциясын ұсынған екен. Одан кейін «Ырық бітік» кітабына лингвомәдени кодификациясы және интерпретациясы бойынша зерттеу жүргізген ғалым – философия докторы (PhD) Әйгерім Жұмабаева.
«Ырық бітікті» ежелгі Шығыстың лингвистикалық феномені ретінде қарастыруға мүмкіндік бар. Бұл қолжазба мәтіндерінде кездесетін болжамдарды түсіну үшін зерттеулердің әртүрлі тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қолжазбаға қатысты барлық зерттеуден өткен материалдар әлі де оның лингвомәдени ерекшелігін ашпағанын атап өткен жөн» дейді Әйгерім Әмірбекқызы.