Мәселе • Кеше

Шырайлы өлке апат аймағына айнала ма?

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда облысындағы ең шұрайлы да, шырайлы өлке Шиелі ауданы. Батысында – Сырдария өзені, шығысында – қарт Қаратау, темір жол мен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автобаны қапталында жосылып жатыр. Осындай қолайлы географиялық жағдайымен қатар мал-жанға жайлы табиғаты мұнда халықтың жиі шоғырлануына тіптен тиімді.

Шырайлы өлке апат аймағына айнала ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Аудан орталығы – Шие­лі кенті мен ауыл­да­ры­ның арасы да онша­лық­ты қашық емес. Мұндай ерекшелігі тұрғындардың на­рық­­тық қатынасқа тез бейім­де­ліп, ауданның әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайын жақсарта түсуге көп септігін тигізіп келеді. Осы бағыттағы Үкімет қолдауы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласының, кәсіпкерліктің де өрістеуіне мол мүмкіндік аш­ты. Оның үстіне Қызылорда об­лысының әкімі Нұрлыбек Нәлі­баевтың жаңашылдығы мен іс­кер­лігі соңғы екі-үш жыл беде­рінде өңірді өркенді белес­терге көтере түсті. Орталығы сәу­летті, елді мекендері берекелі. Сон­дықтан да бұл өлке «Маржаны Сыр­дың – Шиелі» деп аталады. Өт­кен мыңжылдықта ауданнан бес «Ғасыр адамының» танылуы мен 41 Еңбек Ерінің шығуын жер­гілікті халық мақтанышпен айта­ды. Бұған биылғы Республика күні қарсаңында Президент Жар­лы­ғымен Шиелінің тумасы, әлемге әйгілі матема­тик, академик Асқар Жұма­ділдаев­тың 42-ші Еңбек Ері атағын алуын қо­сыңыз.

Хош, бәрі жақсы! Алайда осы мақтаулы өңір соңғы жылдары түрлі сынақ алаңына айналып бара жатқан сияқты. Әуелі аудан орталығының іргесінен кү­кірт қышқылын тасымалдау қой­масы салынды, қазір кідіріссіз жұ­мыс істеп тұр. 2017 жылы том­панажды цемент шығаратын «Гежуба-Шиелі» зауыты іске қо­сылды. Аталған өн­діріс орын­дарының экологиялық залал­ды қал­дықтары айналаны лас­тай­тындығын құдайдан үміті бар адам жоққа шығара алмас. Ол аз болса, биылғы жылдың жазынан бастап, сол маңнан тағы бір кү­кірт қышқылын тасымалдау қой­масының құрылысы ірге көтере бас­тады. Білетіндердің айтуынша, мұның көлемі мен ауқымы тіптен зор болмақ. Жобаны іске асырушы «Transshipment» аталатын ЖШС көрінеді. Алты қатар темір жолына тұрақтап, кіріп-шығар вагондарының қара­сы да аз болмайтыны түсінікті.

Қазан айының басында жер­гілікті қоғамдық ұйымдар мен арда­герлердің наразылық біл­ді­руімен аудан әкімдігінде осыған қа­тысты жиын өткізілді. Сонда аудан әкімінің орынбасарлары, жер­гілікті мекеме басшылары аталған құрылыс нысанын салу барысында көптеген заңсыздықтың (жерге орналастыру, кәсіпкерлік нысанның мақсатын көрсетпеу, тиісті құзырлы орындардан ке­лісім алмау, т.б.) жіберілгендігін атап көрсетті. Қоғамдық тыңдау болмаған. Аудан әкімі Айтбай Жан­дарбеков осы себептерді алға тартып, құрылысты уақытша (нақты мән-жай анықталғанша) тоқтатуға тапсырма берді. Алайда күкірт қышқылын тасымалдау мақсатындағы құрылыстың қар­қыны содан кейін де бір сәтке бәсең­сімей, өз жұмысын әлі күнге жүргізіп келеді. Көлемі үлкен 6 резервуар орналастырып, шаруа­ларын алаңсыз жалғастырып жатыр.

Ең сорақысы – мұндай эколо­гиялық қауіпті нысандар тәртіп бойынша елді мекеннен кемінде 1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс болса, ал ол Қодаманов ауылы мен Шиелі кентінің ортасынан ойып орын алып, елді мекеннен 500 метрге жетер-жетпес жерде күннен-күнге өрістеп барады. Мұның зардабы күні ертең осы маңға түгел жайылуы мүмкін. Цемент зауытының түтініне екі қоймадағы аса қауіпті күкірт қыш­қылының улы иісі қосылған соң осы ауамен тыныстайтын, тіршілік етіп келген жандының не жаны қалады? Шиелі халқының халі не болмақ?

Әрине, индустриялық жобаларды іске асырған дұрыс, кәсіпкерлікті өрістеткен де жөн. Алайда, мұның бәрі қоғамның басты байлығы – адамның денсаулығынан артық емес. Пайда іздегендердің ығына жығылып жүргенде сынақ алаңы апат аймағына айналып кетсе ше? Шырайлы өлке, мақтаулы аудан адамдары ауру, өнімі зардапты қу мекенге айналмай ма? Осының ақ-қарасын, обал-сауабын кім ажыратып, кім тоқтам салады?

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

жазушы-журналист

 

Қызылорда облысы,

Шиелі ауданы

Соңғы жаңалықтар

Адалдық – ардың ісі

Пікір • Бүгін, 09:55

Демократияның даму көрінісі

Аймақтар • Бүгін, 09:50

Өсімі жоғары өңір

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Береке белсендіге бітеді

Кәсіпкер • Бүгін, 09:30