Сурет: ru.freepik.com
Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікке бағдарланған, балаларға арналған ғылыми, тәжірибелік білім жүйесі әзірленбек. 2029 жылға дейін «Жасыл балабақша» бағытына сәйкес 622 мектепке дейінгі ұйым құру, оқушылар арасында сынып сағаттарын, экологиялық жобалар байқауларын өткізу жоспарланып отыр.
«Қазіргі жетістіктерді ескере отырып, оқытушылардың біліктілігі арттырылады, білім бағдарламалары жаңартылады, экологиялық қауіпсіздікке жауапты басшыларды, мамандарды кәсіби қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Экология саласындағы білім бағдарламалары кәсіби стандарттарға сәйкес жаңартылады, бұл экологиялық міндеттерді тиімді шешуге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді», деді министрлік өкілі.
Спикердің айтуынша, университеттер аумағында көкөніс, жеміс-жидек өсіретін «Community Gardens» қоғамдық бақтары ашылады. Бақ студенттерге экология, органикалық егіншілік, ауыл шаруашылығы негіздерін тәжірибелік оқыту алаңына айналады, сондай-ақ олардың ұжымдық еңбек, қоршаған ортаға деген жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоғары оқу орындарында қоғамдық көлікті, велосипедтерді пайдалануды, жаяу серуендеуді ынталандыру мақсатында «Green Transportation Initiatives» бастамасын енгізу жоспарланған. Осы бастамалар аясында жол жүру құнына жеңілдіктер беріледі, экологиялық таза көліктерге арналып, велосипед жолдары, автотұрақтар салынады. Бұл іс-шаралар университет студенттері мен қызметкерлерінің көміртегі ізін азайтуға, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз қозғалыс тәсілдерін насихаттауға қатысты жұмыстарды жүйелі жүргізуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілердің де экология саласындағы білімін тереңдетуге, құзыреттерін дамытуға бағытталған біліктілікті арттыру курстарын енгізу көзделген. Бір сөзбен, бастама экологиялық білім беру мәселелерін жан-жақты қарастыруға, халықтың түрлі санаттары арасында экологиялық ақпарат алу мен жауапкершілік деңгейін арттыруға, сондай-ақ заман талабына сай экологиялық сын-қатерлерге төтеп беруге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашады.