Ел аймақтарындағы құрылыс компаниялары мен ауқатты кәсіпкерлер Алматы қаласынан тұрғын үй кешендерін салуға құлшынатыны анық. Алайда жарнамасы жер жарған кейбір кешендердің құжатынан шикілік шығып, сергелдеңге түскен салымшылар аз емес. Жауаптылар өткен жылдың өзінде 30-дан аса тұрғын үй заң талаптарына сай салынбағанын, сапаға салғырт қараған кейбір нысандар сүрілгенін айтады. Былтыр құрылыс нысандарына жүргізілген 740 тексеру шарасы барысында 956 заң бұзушылық анықталып, жауаптылар 187 млн теңге айыппұл арқалаған. Бұл – қала әкімдігінің жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқан істің бір парасы ғана.
Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы құрылысы жөн-жосықсыз жүріп жатқан тұрғын үй кешендерін жариялап, тізімін жүйелі түрде жаңартып отырады. Азаматтар алуға кеңес берілмейтін күмәнді нысандардың тізімімен әкімдіктің сайты арқылы таныса алады.
«2023 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін заңсыз 35 нысан сүрілді. Алматы қаласының қалалық құрылыс бақылау басқармасы тексеруді өз бетімен жүргізбейді. Ресми түрде арыз болуы керек. Аталған арыз түскеннен кейін басқарма құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінде тексеруді тағайындап, содан кейін жұмысын бастайды. Егер сіз қандай да бір тұрғын үйді алуға ниеттеніп жатсаңыз, оның лицензиясы, тиісті құжаттары барын КЖК-ның сайтынан қарап тексере аласыз. Компания өкілдерімен кездесіп, құжаттарды көрсетуін талап етіңіз. Қалада бірқатар тұрғын үй сүрілуі мүмкін. Ал жұрт оларды сатып алып үлгерген. Сондықтан шешім қабылдар алдында сарапшылармен сөйлескен жөн», дейді қала құрылысын бақылау басқармасындағылар.
Тау бөктерлеріне құрылыс жұмыстарын жүргізу сейсмикалық аймақта орналасқан қала үшін қаншалықты қауіпті екені айтылса да, бұл мәселе көбіне ескеріле бермейді. Өткен жылдың үш тоқсанында қала құрылысын бақылау басқармасы мегаполистің таулы алқаптарында заңсыз салынып жатқан 52 құрылыс нысанын анықтаған. Атап айтар болсақ, Бостандық ауданындағы – 21, Медеу ауданындағы – 24, Наурызбай ауданындағы 7 нысанға қатысты іс қозғалған.
– Құрылыс саласын бақылауды барынша күшейту қажет. Кейбір алып компаниялар тексеруге дес бермеуге тырысатыны анық. Тәртіпті барынша қатаңдатып, әр нысанды бүге-шігесіне дейін қадағалаған абзал. Кейінгі 20 жылда тектоникалық айрықтарға жақын орналасқан жерлерде, тіпті тау бөктерлеріне дейін тұрғын үйлер салынып кетті. Оның үстіне тұрғын үй алаңдарындағы көлік тұрақтарының мөлшері есептелмейді. Онсыз да тығыз орналасқан қаланың тынысын одан әрі тарылтпау үшін аядай аумаққа ондаған қабатты үй салуды тоқтату керек, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлы.
Құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартса, заңсыз тұрғын үйден пәтер алған азаматтар құқық қорғау органдарына жүгіну керек. Ал қаражаты жетпей тақырға отырған компаниялар кепілдікті арттыруға көбірек көңіл бөлгені абзал. Жауапты мамандар заң тетіктерін өз пайдасына асырып жатқан құрылыс компанияларының да аз емес екенін алға тартады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3-қабатқа дейінгі үйлерде, таунхаустарда рұқсат талап етілмейді.
АЛМАТЫ