23 Маусым, 2010

БІЛІМ БҰЛАҒЫ АСТАНАДАН БАСТАУ АЛАДЫ

888 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
САПАЛЫ БІЛІМ БӘСЕКЕЛЕСТІК ТҰҒЫРЫ

Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі жаппай бәсекелестік белең алған шақта, адамның ақыл-ойына, оның біліміне салмақ түседі. Ғылым мен технология күннен-күнге қарышты секірістер жасап жатқан қазіргі күнде адамның сәт сайын білімін шыңдап, өмір бойы оқуына тура келеді. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек”, деп атап көр­сеткен болатын. Осыдан-ақ болашақ­тағы бәсе­келестіктің кілті білімде жатқанын бүкіл ел болып түсініп, бұл өмір­лік қағиданы ұрпақ санасына сіңіру басты парызымыз ғой деп ойлаймын.

Әсима БИМЕНДИНА, Астана қаласы білім басқармасының бастығы.

Иә, “білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген халық даналығының бүгінгі бәсекеде бәсі мықты ұрпақ қа­лып­тастырудағы мәні арта түс­кені талас тудырмайтын ақиқатқа ай­налғаны анық. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің тұғырына, ел­ді­гіміздің айбарына айналған Астана қаласының білім беру жүйесінің өркениет үрдісіне сай болуы Мемлекет басшысының қойып отырған басты талабы. Қазір Астана қаласының білім беру саласында 206 білім мекемесі жұмыс істеуде. Онда 120 мыңға жуық өскелең ұрпақ білім нәрінен сусындап жатыр. Қала елорда атанғаннан бергі жылдар ішінде мұндағы оқушылар саны 27 мыңға немесе 38,7 пайызға өскен. Жыл сайын оқушылар санының артуы білім беру мекемелері желісін кеңейтуді талап етіп отыр. Мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында соңғы жылдары қалада 20 жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Бас қала халқының күн санап артуына байланысты сонда да мектептердегі орын тапшылығы барған сайын күрделірек сезілуде. Бүгінгі таңда қала мектептеріндегі орын тапшылығы 13 мыңнан артып отырса, 2012 жылы еліміздің 12 жылдық білім беру жү­йесіне көшуіне байланысты мектеп­тердегі орынға деген сұраныс 20 мыңға дейін жетпек. Бұл көкейкесті мәселені шешуде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының игі ықпалы өлшеусіз. Осы бағдарлама аясында қаламызда 10400 оқушыға арналған 9 жаңа мектеп салу жоспарланды. Қазірге дейін 3 жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліп те үлгерді. Биылғы жылы 6800 бала білім алатын тағы 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа мектептер салумен бірге жұмыс істеп тұрған мектеп ғимараттарының айналасында балалардың дене тәрбиесімен шұғыл­дануына және қолайлы демалысына жағдай жасау мақсатында Астана қаласының әкімдігі қабылдаған “Мектеп аулалары” бағдарламасы аясында барлық мектеп аумақтарында абаттандыру және жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. “Жол картасы” шеңберінде 2009 жылы білім беру нысандарын жөндеуге 1 млрд. 85 млн. теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде 30 білім беру нысандарына әртүрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал үстіміздегі жылы осы мақсат үшін 1 млрд. 264 млн. теңге қаржы бөлініп, 19 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілмек. Жоғарыда атап өткеніміздей, сапалы білім бүгінгі жаһандану дәуіріндегі бәсе­ке­лестіктің тұғырына айналып отыр. Мем­лекетіміз білім деңгейінің өркениет талап­тарына сай болуы үшін барлық қажетті мүмкіндіктерді жасап келеді. Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміздің білім саласы жылдан-жылға дамып келеді. Бұл үрдісте елорданың білім саласы көш басынан көрініп жүр десек, артық айт­қандық емес. Мәселен, Астана мек­теп­терінің 100 оқушысы Ресей. АҚШ, Грекия, Кипр, Венгрия, Түркия, Бразилия, Ұлы­британия сияқты дамыған елдерде өткен әртүрлі ғылыми пәндік олимпиадаларға қа­тысып, 115 медальді жеңіп алды. Бас қала­мыз­дың мектеп оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауларында және пәндік олимпиадаларда командалық есеп бойынша 5 мәрте қатарынан жеңімпаз атанды. Биылғы ақпан айында өткен оқушылардың респуб­ли­калық ғылыми жобалар жарысында астаналық 55 оқушы 33 медальді иеленіп, командалық есепте жеңімпаз атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеу балалардың білім деңгейін анықтау сынағы ғана емес, сонымен бірге мектептердің білім беру сапасының дәрежесін біл­ді­ре­тін көрсеткіш екені де белгілі. Соңғы жылдары жүйелі өткізіліп келе жат­қан осы дәстүрлі білім байқауында ас­та­на­лық мектеп бі­тір­ушілердің соңғы 6 жыл ішін­дегі орташа балл көр­сет­кіші өскен. Оған дәлел биылғы жылғы Ұлттық бі­рыңғай тестілеуге қатысқан тү­ле­к­те­рі­міз тестілеу қо­­ры­­­­­тындысы бо­й­ын­ша орташа е­с­еп­­­пен 97,43 бал­л­ға ие болды. Рес­пуб­лика бойынша бұл көр­сеткіш 84,84 бал­лға тең. Сөйтіп елор­далық білім саласы қа­тарынан ал­тыншы жыл алға шықты. Астана қа­ла­сын­дағы Әлкей Мар­ғұлан № 40 орта мектептің түлегі Ғизат Сағындық 125 балл алды. ҰБТ-2010 қорытындысы бойынша, Астана қаласының “Зерде” дарынды балалар мектебі, № 38 және № 50 мектеп-лицей, ер және қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейлері, “Мирас” халықаралық мектебі және басқалары жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, биылғы оқу жылын ойдағыдай аяқтады. Мемлекет басшысының өткен жылы 13 қарашада ел тұрғындарымен тікелей желі арқылы өткізген жүздесуінде қала бойынша балабақшалардағы орын тапшылығын шұғыл жою жөнінде әкімдіктің алдына келелі міндеттер қойып, “Балапан” бағдарламасын іс жүзіне асыруды тапсырды. Елбасының “Бала­пан” бағдарламасын орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі балабақшаға деген сұранысты барынша қанағаттандыру мақ­са­тында 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жасап, ірі жұмыстар ау­қы­мын белгілеген болатын. Осы орайда мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығын төмендету міндетін мынандай төрт бағыт бойынша шешу көз­делінген: бұрын басқа мақсаттарға пай­даланылып келген 14 балабақша ғимаратын қайтадан муниципалдық меншікке алып, 2585 балабақша орнын ашу, “Жаңа құрылыс” ЖШС салып жатқан тұрғын үй кешендері ғимараттарының бірінші қабаттарынан 3 мың бүлдіршінге арналған бала­бақ­шалар ашу, 2240 орындық 10 жаңа бала­бақ­ша ғимаратын салу, жеке меншік бала­бақ­ша­ларда 2975 балаға есептелінген мемлекеттік тапсырыс беру және 1240 орындық жеке меншік балабақшалар ашу. Міне, осындай ауқымды шараларды жүзеге асырудың арқасында үстіміздегі жылы 12304 астаналық бүлдіршін балабақшалардағы орынмен қамтамасыз етілмек. Алдағы 2010-2011 жаңа оқу жылынан бастап Астана мектептеріндегі барлық төменгі сынып (1-4 сыныптар) оқушыларына жергілікті бюджет есебінен тегін тамақ беру жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі жағдайда білім беру саласын басқару тәсілін де өскелең талаптар деңгейіне көтеру мәселесі уақыт талабына айналып келеді. Білім беруді басқару дегеніміз – мекемені немесе қызметкерлерді басқарып қана қоймай, оның барлық сатылар бойынша дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі өндірістегі техникалық жарақ­тан­дыру және озық технологиялар жұмысшы кадрлардың кәсіби білім деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Ол үшін техникалық және кә­сіптік оқу орындарында білікті мамандар даяр­лау ісін дамыған елдердегі экономика сұраныстарына жауап бере алатындай деңгейге жеткізуіміз қажет. Білікті жұмысшы кадрларын даярлау үшін бөлінетін мемлекеттік тап­сы­рыстың көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Еліміздің экономикасының даму деңгейінің артуына байланысты еңбек рыногындағы кәсіби мамандар тапшылығы терең сезіле бастады. Осыған байланысты біз кәсіптік-техникалық білім деңгейі мен сапасын арттыруды ерекше маңызды міндеттердің қатарына қойып отырмыз. Қаланың кәсіптік білім беру мекемелерінде қазір 24261 адам 28 мамандық бойынша дәріс алуда. Елбасының тапсы­р­ма­сымен “Қазақмыс” корпорациясы респуб­ли­кадағы жетім және ата-анасының қам­қор­лы­ғынсыз қалған балалар үшін Астана қаласында 300 оқушыға арналған осы заманғы кәсіптік-тех­никалық лицей ғимаратын салып, пайдалануға берді. Заманауи технологиямен жабдықталып, озық үлгіде салынған бұл білім ошағы республикамыздағы баламасы жоқ бірегей оқу орындарының бірінен саналады. Онда еліміздің барлық өңірлерінен келген жеткіншектер кәсіби білім алуда. Бала жанының бағбаны ұстаздар қауымына жүктелетін міндет пен заманауи талап та күннен-күнге артып келеді. “Ұстазы мықтының ұстамы мықты” дегендей, Астана ұстаздарының білімі мен біліктілігі соңғы уақытта айтарлықтай дәрежеге көтерілгендігін атап өткен жөн. Соңғы жылдары елорданың 300-ге тарта мұғалімдері түрлі халықаралық және республикалық байқаулар мен форумдарға қатысып, 80 мұғалім ғылыми-әдістемелік құралдардың авторы атанса, 120 ұстаздың авторлық еңбектері республикалық және халықаралық БАҚ-тарда жарық көрді. Мәселен, № 38 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Ләззат Есено­ва­ның ғылыми еңбегі Хорватияда өткен жаңашыл мұғалімдердің еуропалық форумында 34 елден түскен 62 жобаның ішінде үздік деп та­нылып, жоғары бағаға ие болды. Ал “Да­рынды оқушыға – дарынды мұғалім” атты ІІІ республикалық педагогтар олимпиадасында астаналық ұстаз Данияр Күзембаев бас жүлдені жеңіп алды. Елорда ұстаздарының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда қала мектептері мұғалімдерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаншалықты өткір болса да біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, соңғы кезде муниципалдық тұрғын үй қорынан 155 мұғалім пәтер алса, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2008 жылы 400-ден астам ұстаз қоныс тойын тойласа, 2009 жылы 500-ден астам ұстаз пәтер алды. Өткен жылы ұстаздардың демалысы мен сауықтыру шаралары үшін 250-ден астам жолдама бөлінді. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ақпараттық технологияларды меңгеру басты да баламасыз талап болып отыр. Былтыр өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде қала әкімі И.Тасмағамбетов алдағы оқу жылындағы басты міндеттердің бірі ретінде мектеп сайттарын ашу идеясын ұсынған еді. Қазір қаладағы мектептердің барлығында арнайы сайттар жұмыс істеп тұр. Қазіргі жаһандану үрдісі белең алған заманда, кез келген елдің білім саласы өз кеңістігінде тұйықталып қалмауы керек. Осы мақсатпен Астана қаласының білім басқармасы халықаралық білім кеңістігінде өзге елдермен тығыз байланыс жасап, жұмыс жүргізуді дәстүрге айналдырған. Біз Сингапур, Будапешт, Лондон, Мәскеу, Санкт-Петербург, Сеул, Минск, Варшава, Берлин сияқты қалалармен инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасып келеміз. Жақында 51-ші халықаралық математика олимпиадасын алғаш рет Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. Біз мұндай құрметке халықаралық деңгейдегі ынты­мақтастықтың нығаюы мен жыл сайын оқушыларымыздың осы пән бойынша өткізілетін білім бәсекесіндегі жеңістерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Міне, осындай қол жеткізген жетістіктер аясында біз алдағы уақытта да жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру мақсатында алда тұрған өрелі міндеттерге сай қызмет ете бермекпіз. КӘСІБИ МЕКТЕП – БІЛІКТІ МАМАН ҰСТАХАНАСЫ Қазақстан экономикасының даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Елбасының бала­масыз бастамаларының арқасында әлемдік дағдарыс жағдайынан елеулі қиындықтарсыз шыққан ел экономикасы дағдарыстан кейінгі даму үрдісінде шын мәнінде жо­ғары қарқын алды. Мемлекет бас­шысы атап көрсеткендей, ел эко­но­микасының бүгінгі және бола­шақтағы даму баспал­дақ­та­рында заманауи техни­калар мен озық технологияларды меңгеретін білікті де білімді отандық кадрлар ауадай қажет және оларға деген сұраныс барған сайын арта түсетіндігі де ақиқат. Еліміздің индустриялық-инно­ва­циялық даму стратегия­сы­ның басты мақсаты әлемдік сапа стандарттарына қол жеткізу болып табылады. Осыған байланысты техникалық кәсіби мамандарға ерекше басымдық беріліп отыр. Кезінде еліміздегі кәсіптік-тех­ни­калық білім жүйесінің да­ғдарысқа ұшырап, бұл салада кадр даярлау мәселесінің де назар­дан тыс қалғаны жасырын емес. Ал бүгінгі экономиканың барлық саласы халықаралық бәсекелестікке бейім­деле бастаған шақта өткен қателік­тердің орнын толтырып, елімізде қазіргі заманғы өскелең техно­ло­гиялық талаптар сұранысына сай кәсіптік-техникалық білім жүйесін қалыптастыру кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналды. Бұл орай­да еліміздің бас қаласы – Ас­танада айтарлықтай кешенді шаралардың іс жүзіне асырыл­ған­дығын атап көрсеткен жөн. Бас қаламызда соңғы 5 жыл ішінде кәсіби білім беретін оқу орындарының саны 16-дан 32-ге дейін артты. Бұл көрсеткіштің өсімі бұнымен тоқтамақ емес. Өйткені, бүгінгі озық технологиялар заманының талабы барған сайын жаңа кәсіптік-техникалық маман­дарға деген сұранысты арттырып отыр. Сонымен қазір қаламыздағы 6 кәсіптік-техникалық лицейде 18 мамандық түрі бойынша, 26 колледжде (оның 5-і мемлекеттік, 21-і жеке меншік) 72 мамандық бойынша дәріс беріледі. Бұл кәсіби білім беретін оқу орындарында бүгінгі таңда 29867 болашақ мамандар білім алуда. Оның ішінде 2484 жеткіншек кәсіптік-техни­калық лицейлерде, 27383 болашақ жас маман колледждерде білімі мен қабілеттерін шыңдауда. Ел Үкіметі қабылдаған дағ­да­рысқа қарсы іс-шаралар бағ­дар­ламасы ауқымындағы “Жол кар­тасы” аясында 2009 жылы Астана қаласына кадр даярлау және жұмыссыз қалған адамдарды қайта даяр­лау бағдарламасын жүзеге асы­ру үшін 1 млрд. 366 млн. 553 мың теңге трансфертті қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде өткен жылы қала бойынша 7670 адам кәсіби және қайта даярлау курстарынан өтті. Бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен кәсіби мамандар даярлауды арттыру кәсіптік-техникалық оқу орындары мен колледждердің инфрақұрылымын заманауи талап­тарға сай жабдықтауды қажет етеді. Бұл орайда да қаламызда ат­қарылып жатқан жұмыстар ауқымы үлкен. Мемлекет бас­ш­ы­сының тапсыр­ма­сымен “Қазақмыс” кор­порациясы өткен жылдың 1 қыр­күйегінде 300 орындық № 6 жаңа кәсіптік-тех­ни­калық лицей ғи­ма­ратын салып, пайдалануға берді. Осы заманғы жаңа техникалармен және озық технологиялармен жаб­дықталған бұл кәсіби оқу орнында еліміздің 13 об­лы­сынан келген 305 бала бү­гінгі заман сұ­ранысына сай кәсіби мамандық игеруде. Олардың ішінде 200-і жетім ба­лалар болса, 105-і аз қам­тамасыз етілген және көп балалы отбасыларынан шық­қандар. Жетім балалар ай сайын 3750 теңге мемлекеттік шәкіртақы алады. Астана қаласында сол сияқты 2006-2010 жылдардың инвес­ти­циялық жобаларының тізіміне кір­ген әрқайсысы 800 орындық тағы да 2 кәсіптік-техникалық лицей құ­рылысы салынуда. Жұмыспен ­қамту және әлеуметтік бағдар­ла­малар бас­қар­масының жыл сайын белгілейтін қала­мыз­дағы еңбек ры­ногының сұра­ны­сы­на байла­нысты кә­сіптік-тех­ни­калық ли­цейлер мен колледждерде мем­ле­кет­тік тапсырыс бо­йынша даярланатын кә­сіби маман­дық­тар түр­леріне өзгерістер енгізіліп отырылады. Кәсіби мамандар даяр­лау жұмысы оқу орындары мен кәсіп­орындар ара­сын­дағы тығыз әлеуметтік әріп­тестік байланыстар нәтижесінде өріс алуда. Бұл кәсіптік-те­х­ни­калық оқу орын­дарын тә­мам­даған түлектерді еңбекке орналастыру шара­сын­да өте тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, кәсіпорындар мен бизнес құрылымдар кәсіптік-тех­ни­ка­лық мамандар даярлауға сұ­раныс береді. Мәселен, қа­зіргі таңда 531 мемлекеттік және 1087 жеке меншік оқу ор­ын­дарымен кәсіптік-тех­ни­калық мамандар даярлау мақ­сатында 1618 келісім-шарт жа­салынды. Мәселен, 2008-2009 жылдары кәсіптік-техникалық лицейлерді бітірген түлектердің 95 пайызы жұмысқа орна­лас­тырылса, колледждерді бітірген кәсіби мамандардың 90,42 па­йы­зы жұмысқа орналас­тырылды. Ғылым мен техника дамып, озық технологиялар өндіріске кеңінен енгізіліп жатқан қазіргі уақытта әрбір жұмысшының, әрбір кәсіби маманның жан-жақты білімді әрі білікті болуы басты талап. Міне, осы міндет үдесінен шығу – Астана қаласы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің басты парызы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. “БАЛАПАН” БАҒДАРЛАМАСЫ БАЯНДЫ БОЛДЫ Елорда – Елбасының төл перзенті. Міне, сондықтан Астана қаласының даму кезең­де­рінде Мемлекет басшысы үшін ешбір ұсақ-түйек болып көрген емес. Осы орайда Елбасын елордадағы бала­бақшалар проблемасы тол­ған­дырмай қалған жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 13 қарашада тікелей желі арқылы халықпен жүздесуі барысында осы көкейкесті мә­селені ерекше назарға алып, Астана қаласының әкімдігіне нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы қаладағы балабақшалардағы орын тап­шы­­лығын жою мақсатында “Балапан” бағдарламасын іс-жүзіне  асыруды тапсырды. Елбасының “Балапан” бағ­дар­ламасын орындау мақ­сат­ында Астана қаласының әкім­дігі 2009-2010 жылдарға арна­л­ған іс-шаралар жоспарын жа­сады. Бүгінде осы іс-шаралар өзінің алғашқы игілікті жемісін бере бастады. Бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстың бірінші бағыты, бұрын басқа мақсаттарға пайдаланып келген қаламыздағы 14 балабақша ғимара­тын қайтадан муниципалдық мен­шікке алып, оларды балабақша ретінде қайта құру жұмыстарын жүргізу болатын. Жыл басынан бері қайтарылып алынған 10 балабақша ғимараты толық қайта құру және күрделі жөндеуден өткізіліп, аста­налық бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты. Қазір бұл бала­бақ­шаларда 1680 бүлдіршін саналы тәрбие, сапалы біліммен сусындай бастады. Үстіміздегі жылдың 25 маусымына дейін тағы 460 орындық үш балабақша пайдалануға берілгелі отыр. Жалпы, бұрын басқа мақсатта пайдаланып келген 14 балабақша ғимаратын қайта құру нәтижесінде Астана қаласында 2405 орындық балабақшалар жұмыс істейтін болады. “Ақ көгершін” Жақсыны көрмек парыз. Осындай игі мақсатпен біз бұрын Алматы ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы болып келген ғимаратқа атбасын тіредік. Бүгінгі құрылыс индустриясының озық үлгілерін молынан пайдалана отырып, қайта құрылған ғимарат көз сүйсіндіреді. Әсем шарбақпен қоршалған атшаптырым ауланың өзі бұл ғимараттың бүлдіршіндер тәрбиелеу мақсатына арналған­дығын айғақтап тұрғандай. Шағын архитектуралық тәсіл­мен жабдықталған аулада басы артық бір зат жоқ. Бүлдіршіндердің көңілді демалысы мен қызықты ойындарына арналған  сырға­нақ­тар, қызылды-жасылды не­ше түрлі әткеншектер сәнімен салтанат құрған. Сонымен бірге аулада ша­ғын футбол қақпалары, кішкентай балаларға арналған баскетбол торлары қондырылыпты. Бала­бақ­ша меңгерушісі Зария Иман­баеваның айтуынша, бұл ауладағы ойын және дене тәрбиесі жаб­дықтарының барлығы Санкт-Петербург қаласында арнайы тапсырыспен жасалыпты. Қазір іші-сырты кірсе шық­қысыз балабақшада 170 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл бүлдіршіндер қазақ тілінде тәрбие беретін 7 топқа бөлінген. Әрбір топта тәр­биеленетін бүлдіршіндер арасында тек қазақ балалары ғана емес, басқа ұлттың бүлдіршіндері де қазақ тілінің қайнары мен ұлттық тәрбиенің мәйегінен тәлім алуда. №48 “Ақ көгершін” балабақшасы гуманитарлық бағытта тәрбие беретін орталық көрінеді. Мұнда тіл үйрену, мәнерлеп сөйлеу, логика дамыту дәрістерін үйрету­мен қатар, би билеу, сурет салу үйір­мелері жұмыс істеді. “Алтынай” Бұрын Республикалық гва­р­дия меншігінде болып кел­ген ғимарат бүгінде адам та­ны­­мас­тай өзгерген. Елба­сының “Ба­лапан” бағдарламасы б­о­йын­ша өткен жылы бұл ғи­марат қала әкімдігінің мен­ші­гіне алынып, қайта құру жұ­мыстары бастал­ған. Үстіміздегі жылдың сәуір айында осы ғимарат база­сында №49 “Алты­най” балабақшасы ашылды. Ол 200 бүлдіршінге лайықталған. “Алтынай” бала­бақ­ша­сындағы бүлдіршіндер қазақ және орыс тілдерінде тәр­бие­ле­неді. Солай бола тұрса да мұн­дағы тәрбие толық қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне негіз­делген. Балабақшада “Алғашқы қадам” атты мектепке дейінгі даярлық тобы жұмыс істейді. Сынып бөлмелері заман тала­бына сай технологиялармен жабдықталған. Ерекше айта кететін бір мәселе, “Алтынай” балабақшасында балаларды емдеу және сауықтыру орта­лығы бар. Бұл орталықта УЗИ, ингалятор, кварцты лампалар ар­қылы емдеу тәсілдері қолданылады. Шыңғыс МЫРЗАХМЕТ, Еуразия Ұлттық университетінің студенті. Бетті дайындаған “Егемен Қазақстан”   газетінің тілшісі Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Суреттерді түсірген Орынбай  БАЛМҰРАТ.
Соңғы жаңалықтар