Парламент • Кеше

Ерлан Қошанов БАӘ ұлттық күніне арналған жиынға қатысты

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты. Спикер жиналған қауымды мерекемен құттықтап, достас Әмірліктер халқына бақ-береке тіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қошанов БАӘ ұлттық күніне арналған жиынға қатысты

Ерлан Қошанов өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық қауымдастықта беделі зор, экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттердің көш басында тұрғанын атап өтті.

1

Соңғы жылдары баламалы энергетика, жасанды интеллект, туризм мен қаржы саласында ауқымды реформаларды жүзеге асырып, дүние жүзіндегі озық технологиялардың орталығына айналғанына ерекше назар аударды. Осы тұрғыда, Әмірліктердің атом энергетикасындағы тарихи жеңісімен, атап айтқанда, «Барака» атом электр станциясының толық іске қосылуымен құттықтады.

– Бүгінде Әмірліктер – Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі аса маңызды серіктесі. Біз – рухтас, қанаттас елдерміз. Көшбасшыларымыздың арасындағы берік байланыстың, мызғымас достықтың арқасында екіжақты қарым-қатынасымыз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми және жұмыс сапармен екі рет барды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ынтымақтастыққа тың серпіліс беру тұрғысынан бұл сапарлардың тарихи мәні зор, – деді Палата төрағасы.

Мәжіліс спикері екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің әлеуеті зор екенін айтып, Парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға шақырды.

2

– Қазіргі уақытта жаңартылатын энергетика, көлік-логистика, жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар, жылжымайтын мүлік, білім беру және тағы да басқа бағыттарда бірлескен серпінді жобалар іске асырылуда. Соның бірі де бірегейі – алыстан көз тартып тұрған «Абу Даби Плаза» кешені Орталық Азия аумағындағы ең биік ғимарат ретінде елорда мақтанышына айналды. Ол – Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы достықтың символы іспетті, – деді Мәжіліс төрағасы.