Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмысшы мамандықтарды қолдау қажеттігін айтты. Бұл қадам жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Осы мақсатта өткізілген жиынға өңірдегі өндірістік, көлік-логистикалық, мұнай-газ компанияларының 100-ге жуық қызметкері, бизнесмендер, ұлттық компаниялар мен кәсіподақтар өкілдері қатысты.
«Жастар – мемлекеттің қозғаушы күші. Демек оларға әрдайым қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру маңызды. Мұнайлы өңірде мәдени, спорттық, интеллектуалдық жиындарға белсенді қатысып жүрген, жасы 35-ке дейінгі отандастарымыз аз емес. Тіпті кешегі көктемгі су тасқыны кезінде де әскерилермен бірге еріктілер сапын толтырып, игі істен қалыс қалмады. Бұған алғысымыз шексіз», деді ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Жанғалиев.
Слет аясында өндіріс саласында табысқа жеткен жандармен және компания басшыларымен мотивациялық кездесу өтті. Жастар өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасып, жеке бастамаларын жүзеге асыруға қажетті ақпарат алды. Сонымен қатар қатысушыларға арналған стратегиялық сессия ұйымдастырылды.
«Елде жұмысшы мамандықтарына тапшылық өте жоғары. Оған жастардың басым бөлігі қызығушылық танытпайды. Күні кеше ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға қарай 400 мыңнан аса жұмысшы маман қажет болады деген статистикалық есепті жариялады. Сондықтан өндірістегі компания өкілдері мұндай кездесулерге қатысып, жас буынмен танысып, сөйлесу арқылы олардың сұранысын біле алады», деді қатысушы Наиль Хакимов.