Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жеңіске жол ашқан ерлік
Қызылжар өңіріндегі Жалғызтаудың баурайындағы Аяқкөл аулында дүниеге келіп, атамекеннің тыныштығын күзеткен алып батырдай тауға қарап әсерленіп, өршіл мінезді жігіт жиырма жасында Қарағай аулындағы бастауыш мектептің мұғалімі әрі директоры қызметіне кіріскен 1940 жылы әскерге шақырылған. Украинаның Чернигов облысында орналасқан әскери бөлімде қызмет етіп жүргенінде соғыс басталып, әуелі Одесса қаласын, одан кейін Қырымды қорғауға қатысады. Майдан қызып жатқанына қарамастан, сауатты әрі орыс тілін тәуір білетін қазақ жігіті Сталинград қаласындағы кіші лейтенанттар даярлайтын курсқа алынады. Оны 1942 жылғы қазан айында бітірген соң Сталинград майданындағы кескілескен шайқасқа кіреді. Ал Қызыл армия жаудың бетін қайтарып, қарсы шабуылға шығып, Украина жеріне аяқ басқанда Днепр өзенінің бойында фашистердің мықты қорғанысына тап болады. Осыған орай Жәлел Қизатов басқаратын взводқа Днепрдің оң жағалауындағы жаудың атыс ұяларын барлап, кеңес әскері өтетін өткел іздестіру туралы бұйрық беріледі. Бұл әскери тапсырманың қалай орындалғандығы туралы батыр өзінің «Өмір мен өлім» кітабында: «Түн қараңғылығын пайдаланып, украиналық партизандар әкеліп берген қайықтарға отырып, дыбыс шығармастан арғы бетке өттік. Жардың астына жасырынып, барлаушыларды ілгері қарай жібердік. Олардың анықтағанындай, немістердің қорғанысы кіріп-шығатын ауыздары көзге түспейтін окоптар жүйесінен және 12 блиндаждан тұрады екен. Сақшысын ләм дегізбестен жайраттық та, шағын топтарға бөлініп, блиндаждарды қаумалай бастадық. Жаудың ішінде аман қалғаны аз. Плацдармды басып алып, онда берік орнығып алдық. Таң ата бес танктің қолдауымен фашистер қарсы шабуылға шықты. Мен рация арқылы өзіміздің артиллеристермен тілдестім. Солардың көмегімен жаудың жаяу әскерін танктерінен бөліп тастаудың сәті түсті. Танкіге қарсы қолданылатын қарумен екеуін күйреттік, бірақ қалғандары жылжи отырып, біздің қорғаныстың алғы шебіне дейін жетті. Мен ең алдындағы танктің шынжыр табаны астына гранатаны лақтырып, күлін көкке ұшырдым. Оның экипажы автоматтың бір жайпағанынан қалмады. Басқа танктер кейін шегінді», деп әңгімелепті. Оның взводы 1943 жылғы 28 қыркүйектен 3 қазанға дейін Днепрден өту кезіндегі ұрыста артиллериялық батареялардың жау нысандарын дәл атқылауын үйлестіріп, жаяу әскердің ілгерілеуіне жол ашқан. Сол ерлігі үшін аға лейтенант Ж.Қизатовқа КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы жарлығымен «Кеңес Одағының батыры» атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені қоса тапсырылған.
«Ұлтшыл деген қарғы тақса да...»
Ол 1945 жылы капитан шенін алып, запасқа шыққан соң туған еліне оралып, еңбек жолын жалғастырды. 1946-1957 жылдары Совет аудандық партия комитетінің хатшысы, Ленин және Булаев аудандық атқару комитеттерінің төрағасы болды. 1957 жылы ерен еңбегі үшін екінші мәрте Ленин орденімен марапатталды. Кейін әділетшілдігі мен ұлтжандылығына бола қудалауға ұшырап, қызметі төмендетіліп, Булаев ауданындағы Таман дивизиясы атындағы кеңшарды, Қарақоға элеваторын басқарды. Бұл туралы батыр өз кітабында: «Хрущевтің асыра сілтеуі мен субъективизміне қарсы шығып, жазаландым. Бірақ қорқып, тайсалғаным жоқ. Пікірімді ашық айта білдім. Мәскеудің, орталықтың заңсыздықтарына, ойларына келгендерін істеп, біздің халқымызды қысымға ұшыратқанына қарсылық білдіргеніме орай қандай қатаң соққы беріп, «ұлтшыл» деген қарғы тақса да, бәрі жала болса да, өзімнің мойымағандығымды алға тарта аламын», деп жазды.
«Облыстық мемлекеттік архивте сақталған құжаттарда батыр атамыз туралы деректер бар. Мысалы, Мәскеуде өтетін кезекті жиналысқа қатысуға әріптестерімен бірге сапарға шыққан Ж.Қизатовтың пойыз купесінде өрбіткен «ашық сұхбаты» кейін облыстық партия комитетінің бюросында талқыланыпты. Қабылданған қаулыда: «Қизатов жолдас КОКП ОК пленумының Маленков, Каганович және Молотовтың антипартиялық тобы бойынша қабылдаған шешімдерін айыптаған антипартиялық әңгіме жүргізіп, сол шешімдерді дұрыс емес, ал оларды қызметтерінен алып, КОКП ОК төралқасының құрамынан шығару көрнекті қызметкерлерді орынсыз соққыға жығу деп санаған», деп жазылыпты. Ал батырдың «Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші және екінші хатшылары неге жергілікті жерден емес, шеттен әкелінеді?» деген сауалы оны бірден «ұлтшылдар» қатарына қосқаны сөзсіз. Батырдың қызметтік мансабы неге өрге баспағандығын осыдан-ақ түсінуге болады», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивтің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова.
Сайраған ізі қалды Сыр бойында
1968 жылы Қарақоға элеваторының директоры қызметін атқарып жүрген Ж.Қизатов Қызылорда облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылады. Шынтуайтында, бұл тың көтеруге байланысты кеңес одағының түкпір-түкпірінен басқа этнос өкілдері көптеп қоныс аударуына байланысты халқының құрамындағы қазақтардың үлесі тым азайып кеткен Қызылжар өңірінде компартияның ұлтсыздандыру саясатын одан әрі белсенді жүргізуге ашық қарсы шығуы әбден ықтимал батырдан оны «мәдени жер аудару» арқылы құтылу амалы болса керек. Сол кезде Сыр өңірінде жақсы элеваторлар жоқтығына байланысты жергілікті диқандар жинаған күрішті ысырапқа ұшыратпау мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. Осыған орай Ж.Қизатов Қызылорда астық өнімдері комбинатын, Шиелі, Жалағаш элеваторларын салуға ұйытқы болады. Бұған қоса, Үкімет мүшелеріне барып, Сыр өңірінің күріш өсіру саласында қалыптасқан қиын жағдайды түсіндіріп, «Ақ маржан» атанған азықтық дақылдың бағасын екі есеге дейін өсіртеді. Облыстың мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз етудің күрделі мәселесін шешуге де жәрдемін тигізеді.
Батыр басшының қарамағындағы ұжымына қамқорлығы да ерекше болған. Бұған оның қол астында қызмет істеген Нағызхан Қарымсақовтың өз естелігінде: «Ж.Қизатов күріш комбинатының еңбеккерлеріне Қызылорда қаласының «Шұғыла» шағын ауданында жүз пәтерлі тұрғын үй салғызды. Сол уақыттағы заң бойынша жаңадан салынған тұрғынжайдың 10 пайызын – тапсырыс беруші, тағы 10 пайызын – құрылысшылар алып, қалғаны қалаға берілетін. Ал Жәлел аға өз қызметкерлері аса мұқтаж болып отырған пәтерлерді мұндай талапайға салғызбайтынын мәлімдеді. Алайда жергілікті билік оны қолдаған жоқ. Содан кейін ол комбинаттың партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының өкілдерін шұғыл жинап алып, оларға: «Баспанасы жоқтардың бәрі жаңа тұрғын үйге кіріп алсын», деді. Осы дау-дамай қалалық партия комитетінің Жәлел ағаға сөгіс жариялауымен аяқталды. Бұл жазамен келіспеген батыр Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына барады. Оны мұқият тыңдаған республика басшысы: «Иә, Жәлел. Мұндай әрекет нағыз батырдың ғана қолынан келеді», деп, көмекшісіне Ж.Қизатовтың сөгісін алып тастау жөнінде тапсырма берген екен», деп жазғаны айғақ.
Қызылордалықтар іскер де әділ әрі жанашыр басшы болған Ж.Қизатовты жетпіс жасқа қараған шағында, 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат етіп сайлады. Батыр халық қалаулысы ретінде, әсіресе Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заңды жетілдіруге белсене атсалысты. 1995 жылы ол «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды. Өмірден өткен соң есімі Қызылорда қаласының бір көшесіне, №23 орта мектепке берілді.
Тобықтай түйін: Сыр жұртының кеңес заманында Қызылорда облысына басқа өңірлерден қызметі өсіріліп немесе ротацияланып, ал шындығында, компартия басшыларына әртүрлі себеппен жақпай, «мәдени жер аударылып» келген Жәлел Қизатов сынды нар тұлғалы азаматтарды көздері тірісінде де, бұ дүниеден озған соң да ешкімнің қас-қабағына қарамастан, ерекше қадірлей білген әділетшіл де кесек мінезіне, кең пейілі мен кемеңгерлігіне қалай разы болмассың.