Үкімет • Кеше

Экономиканың маңызды салаларын қаржыландыратын құжаттар

22 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында депу­тат­тар Су кодексінің жобасын және су ресурстарын қорғау мен пайдалану мәселелері бойынша ілеспе түзету­лерді бірінші оқылымда, есірткі, пси­хотроптық заттар мен олардың прекур­сорларының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Экономиканың маңызды салаларын қаржыландыратын құжаттар

Палатаның жалпы отырысында алғаш болып, Қаржы және бюджет комитетінің төрайы­мы Татьяна Савельева «2009 жылғы 9 мау­сымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасының қорытынды әзірлеуі жөнінен қысқаша баяндама жасады. Қаулы қабылданып, Мәжіліс құжатты жұмысқа алды.

Одан кейін Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» мен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларының қорытынды әзірлеуі ұсынылды. Құжаттардың мән-маңызын Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин айтып берді.

Сондай-ақ отырыста Заңнама және сот-құ­қықтық реформа комитетінің төрайымы Сне­жанна Имашева «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасының қорытынды әзір­леуін таныстырды. Депутаттардың басым бөлігі аталған заң жобаларын қолдап, оң шешім қабылдады.

Жиында қаралған келесі мәселе – «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Құжатты таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров сөз арасында ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы Ұлттық қорға деген тәуелділікті азайту тұрғысында өнеркәсіпті дамытуға ерекше екпін қойылғанын атап өтті. Ал қосымша баяндамашы Қаржы министрі Мәди Тәкиев биылғы республикалық бюджеттің түсімі мен кірістеріне тоқталды.

– Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 2,7% деңгейінде болжанып отыр. Бюджет шығыстары 24,1 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, – деді министр.

Әрі қарай депутаттар сұрақ қойып, талқы­лауға ұсынылды. Кейін заң жобасын дауыс­қа салды. Қатысып отырған 95 депутаттың 85-і жақтап, 12-сі қалыс қалып, бір депутат қарсылық білдіріп, құжат қабылданды. Мәселе төңірегінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов ел бюджетін қалыптастыру кезінде, әсіресе кіріс бөлігінде үнемі дұрыс болжам жасалмайтынын айтып, пікір білдірді.

– Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары нақты мүмкіндіктермен қабыса бермейді. Нәтижесінде, елдегі жағдай нақты экономикалық жағдайдан алшақ. Мемлекеттік органдар жыл сайын бюджетті қарау кезінде бізді мемлекеттік қазынаның теңгерімді екеніне сендіреді, ал жыл соңында кіріс жеткіліксіз болып Ұлттық қордың қаражатына жүгінеміз. Еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келеді. Үкімет ішкі жалпы өнімі өсімінің оң экономикалық қарқыны туралы әдемі цифр­лармен безендірілген баяндама жасайды. Ал іс жүзінде біз оны көріп отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болуы керек. Бірақ кәсіпкерліктің даму қарқыны мен белсенділігі мардымсыз. Инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға қомақты қаржы құйып отырмыз, бірақ кіріс көзге көрінбейді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан кейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасының Су кодексінің жобасы» және «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне су ресурстарын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарының жобасын ұсынды. Ортақ баян­дама жасаған ол құжат Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негі­зінде әзірленгенін атап өтіп, халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылғанын тілге тиек етті.

– Жаңа заңнаманың маңызды компоненті – қолданыстағы заңнамада жоқ, су үнемдеуді ынталандыру механизімдерін енгізу. Жаңа талаптарға сәйкес суды пайдалануға рұқсат суды үнемдеуге (суды қайта пайдалану жабдығының болуы) кезең-кезеңімен (бес жылға дейін) көшу жоспары болған жағдайда ғана беріледі. Суды үнемдеу саясатын одан әрі жүзеге асыру және фермерлер мен кәсіпорындарды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін заңнама деңгейінде де, нақты практикалық шаралар деңгейінде де негіз қаланды, – деді Н.Нұржігітов.

Талқылау қорытындысында Мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Бұдан соң депу­тат­тар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екінші оқылымда қарап, қабылдады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Бұл ретте есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өндіру мен оларды, оның ішінде «есірткіні жасырып кетушілерді» пайдаланып өткізу арасындағы жауапкершіліктің аражігін ажырату ескерілген. Атап айтқанда, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу үшін заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-тің жеке жаңа 297-1-бабы енгізілді. Онда мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Бас комитеттен осы заңды қабылдап, Сенатқа жолдау туралы ұсыныс түсті. Мәжіліс мүшелері бірауыздан құптады. Ізінше депутаттар тағы да үш құжатты қабылдады. Атап айтқанда, «Қазақ­стан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасын­дағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы аясында 52,3 млрд йен алу ескерілген.

– Мемлекет басшысының биылғы 5 тамыздағы Жарлығына сәйкес, 52,3 млрд жапон йенасы көлеміндегі қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 23 тамызда қол қойылды. Жапон йенасы валютасын таңдаудың негізі себебі – ол Жапониядағы тарихи төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және қазақстандық теңге мен жапон йені арасындағы тығыз корреляцияға байланысты. Бұл қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қар­жы­ландыруға мүмкіндік береді. Аталған банк­тің қарызы Қазақстан Республикасына 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі, – Қаржы министрі М.Такиев.

Оның айтуынша, тартылатын қарызға қызмет көрсету және оны өтеу, Қарыз туралы келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес, респуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

– Өткен жылдардың ішінде Қазақстан мен аталған Банк арасында кең ауқымды экономикалық мәселелерді қамтитын берік және сындарлы ынтымақтастық қалыптасты. Қазақстан Азия Даму банкіне 1994 жылы қосылды. Еліміздің үлесі 0,805%-ды құрайды, – деді министр.

Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы бойынша 52,7 млрд йен алу қарастырылған. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 21 тамызда қол қойылды. Бұл қаражат та Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Аталған банктің қарызы Қазақстанға 3 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Қазақстан аталған банкке 2017 жылы қосылды, еліміздің үлесі 0,754%-ды құрайды.

Бұдан бөлек, Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы аясында 84,9 млрд йен тартылады. Қарыз туралы келісімге 2024 жылғы 11 қазанда қол қойылды.

– Бұл қаражат экономикамыздың маңызды салаларын қамтитын Үкіметтің биылға арналған республикалық бюджетте қарастырылған міндеттемелері мен басым бағыттарын қаржы­лан­дыруға жұмсалады. Аталған банктің қарызы 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзіміне беріледі – деді М.Такиев.

Отырыста Мәжіліс «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

– Сенат «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына жалпы сомасы 118,8 млрд теңгеге 135 түзету енгізді. Оның ішінде 2025 жылы – 60 млрд теңге, 2026 жылы – 38,5 млрд теңге, сондай-ақ 2027 жылы 20,3 млрд теңге қамтылды. Бұл шығыстар өңірлерді қолдауға, атап айтқанда «Ауыл ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға, сумен жабдықтауға және су бұруға, газ тасымалдау жүйесін дамытуға және басқа да бағыттарға жіберілді. Жалпы, Сенат енгізген түзетулер республикалық бюджет жобасы параметрлерінің тепе-теңдігін бұзбайды және экономика мен өңірлерді одан әрі тұрақты дамытуға бағытталған, – деді депутат Еркін Әбіл.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң, депутаттық сауалдарға кезек берілді. Көтерілген проблемалар қатарында өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін, үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау, жұмысшылардың құқығы, кибералаяқтық, қаржылық пирамидалардың әрекеті, иесіз қалған жан-жануарлар, астық өңдеу сынды мәселелер бар.

Депутат Мақсат Толықбаев шаруалардың проблемасын көтеріп, астық экспорттауға берілетін субсидияның ашықтығына алаңдау­шылық білдірді.

– Қазақстан – «астық державасы» деп жаһанға жар салғанда мықтымыз. Бірақ сол астықты ала жаздай табан ет, маңдай терімен бағып-қағатын жүздеген диқан нақты қолдау күтіп отыр. Үкіметтің жақын күндері шыққан қаулысына қарасақ, субсидия енді астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіндегі порттарға жеткізетін санау­лы экспорттаушыға ғана берілмек. Еуропа, Африкаға дейін жеткіземіз деп әлекпіз. Нақтырақ айтқанда, әр тоннаға – 20 мың теңгеден. Әрине, бұл да қолдаудың бір түрі. Алайда таразының бір басындағы мыңдаған шаруаның ісі шатқаяқтап тұрса, екінші басындағы ондаған адам табысқа кенеліп жүрмей ме деген күмән бар, – дей келе ол астық қоймаларын салу мәселесін де көтерді.