Туризм • Бүгін, 08:08

Беделді марапатқа ие болды

16 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы халықаралық «Uzakrota Travel Awards» сыйлығына ие болды. Мәртебелі марапат Ыстанбұл қаласында өткен «Uzakrota Travel Summit» 2024 халықаралық саммиті аясында табысталды.

Беделді марапатқа ие болды

«Uzakrota Travel Sum­mit» – туристік индус­триядағы маңызды шаралардың бірі. Оның барысында туризм саласындағы жыл ішіндегі нәтижелерге сәйкес 40 аталым үздіктері анықталады. «Kazakh Tourism» компаниясымен қатар Сауд Арабиясы, БАӘ, Сербия, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Таиланд, Ирландия мемлекеттерінің түр­лі туристік ұйымдары да өз елдерінің халықаралық туристік аренадағы беделін арттыруға қосқан үлесі үшін үздік болып танылды. Жеңімпаздар беделді сарапшылар мен кең көлемді аудиторияның пікірі негізінде анықталды. Еліміз «Uzakrota Travel Awards» сыйлығымен алғаш рет марапатталып отыр.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» Үкіметтің 2017 жылғы 14 шілдедегі № 428 қаулысымен Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акцио­нерлік қоғам ретінде құрылған. Компания қызметінің негізгі бағыты – халықаралық көрмелер ұйымдастыру, өткізу, балалар мен жасөспірімдер туризмін, медициналық туризмді дамы­ту, келу туризмінің ағысын кө­бейту, жәрмеңкелер, аукциондар, ел имиджін ілгерілетуге бағытталған іскерлік, ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру.

Саммитке әлемнің 110 елі­нен 15 мың делегат қа­тыс­ты. «Kazakh Tourism» қаты­су­шыларға елі­міздің туристік әлеуеті мен ин­вестициялық мүм­кіндіктерін таныстырды. 2025 жылы еліміз халықаралық EMITT туристік көрмесіне қа­тысады. Оның арқа­сында Түр­­киямен, басқа елдермен туристік байланыстарды ны­ғайту көзделіп отыр.

Түркия – ТМД елдерін есепке алмағанда, елімізге келетін туристер саны жөнінен екінші орында. 30 күнге дейінгі визасыз режім, қос мемлекет ара­сындағы тұрақты тіке­лей рейстер келу­шілер қата­рының артуына ық­пал етеді. Биылғы жылдың үш тоқса­нында елі­мізге келген түрік турис­те­рі­нің саны 2023 жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстыр­ғанда 12%-ға артты.

Биыл халықаралық «Lonely Planet» баспасы «Best in Travel» рейтингінде елімізді 2025 жылы саяхаттауға болатын ең үздік елдердің бірі ретінде белгілегенін атап өткен жөн.