Зерде • 29 Қараша, 2024

Қайраткер қария

135 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім саласында оқытумен бірге, қоғамдық қызметін қатар алып, ұлт ұпайын түгендеу жолында қажырлы еңбек еткендер аз емес. Солардың бірі – ардақты ардагер Еркін Дәуешұлы. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ақсақалдың өнегелі өмірі кейінгі буынға қашанда өнеге болмақ.

Қайраткер қария

Жайық Бектұров және Еркін Дәуешұлы. «Оқжетпес» шипажайы 1986ж.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мектеп директорының оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметінен бастап, еңбекте ысылу мен жетілудің барлық са­тыла­рынан өткен Еркін Дәуеш­ұлы кемеліне келіп, кер жорғасы­на мінген кезінде Ақмола облысын­дағы Ақкөл ауданының білім саласын басқарды. Осы тұста ол ұйым­дастырушылық қабілетін барынша көрсете білді. Әсіресе қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бел шеше кірісті. Сенесіз бе, осы қыз­метке келгенде ауданда бір ғана қазақ мектебі болған. Содан білікті басшы құрметті демалысқа шыққанша 7 таза қазақ мектебімен қоса, 14 аралас мектептің іргетасын қалады. Тіпті кеңес өкіметі құлағаннан кейін білім ошақтары бірінен соң бірі жабылып жатқанда Еркін Дәуешұлының қолдауымен бұл ауданда бірде-бір мектеп жабылмаған. Осылайша, басқа ұлт басымдық танытқан өңірге қазақи рух қайта орала бастады.

Оқушылардың көкірегіне білім нәрін құюмен қатар, жұрт үшін жауапкершілігі мол жұмыстарды абыройлы атқарған абзал аға 2002 жылдың қазан айында зейнет­ке шығып, Астана қаласына қоныс аудар­ды. Қарекетсіз отыруды мүлде мойындауға жоқ Ерағаның тағы бір ерекше қасиеті – қаламгер­лігі. Жасының ұлғайғанына қарамас­тан, ақпарат құралдарына хат-хабарлар, толғамды ой-пікірлер жазудан қол үзбей келеді. «Арқа ажары», «Ақкөл өңірі», «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттеріне жарияланған оқылым­ды дүниелерінің астарында тол­ғауы тоқсан тіршіліктің не­бір түйткілдері жатыр. Еркін аға қозғаған тақырыптардың салмақты  болатыны сондай, билік басындағылардың сол мәселеге дереу мән беріп жататыны да белгілі.

«Ел-мүддесіне сай келеді-ау деген пікірлерімді қалың жұрт­шылық назарына ұсынуды аза­маттық парызым деп біле­мін. Өмірімнің көбін халықпен ара­ластықта өткізген маған мұның өзі зейнеткер шағымда зеріктірмес тірлікке айналды. Өзім туып өс­кен Амангелді ауылының қазіргі жайы жаныма батады. Оның шаш-етек­тен шешілмей жатқан проблемалары турасында «Арқа ажары» газетінде «Келешегің не болады, Амангелдім?» деген мақалам жарияланған. Осыдан соң іле-шала ауылға көпір салынды. Одан бөлек, «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Әліппе неден жазықты болды?» атты көлемді   мақаламыздан соң, сол кездегі Білім министрі «Келесі жылы әліппені оқытуға кірісеміз», деп жауап қатты. Демек, осынау игілікті істерге бастамашы болуға менің де мақаламның себі тиген болса керек», дейді  ақсақал.

Еркін қарияның қаламгерлігі өз алдына да, қайраткерлігі бір төбе. 1938–1945 жылдары Ақкөл ауданындағы «Амангелді» ұжым­шарын басқарған, жазықсыз жаланың құрбаны болған Бауке Құл­мағамбетовті ақтап алуы ауыз толтырарлық ғибратты іс. Соны­мен қатар Жұмабек Тәшенов, Жайық Бектұров, Тұрсынбек Кәкішев, Сағадат Нұрмағамбетов сынды ер есімдерін ел есінде сақтау жо­лында ерекше еңбек етті. Ол жұ­мыстардың нәтижелері де көп көңілінен шыққаны рас. Мәсе­­лен, 17 жыл бойы жазушы Жайық Бектұров туралы көтерген ой-пікірлері оң нәтижелерін беріп келеді. Өзі де қарап қалмай «Жа­ны жайсаң Жайық аға» деген елтанымдық кітап жазып шық­ты. Жазушының есімін ұрпаққа таныту, мәңгілікке есте сақтау мақсатында біраз жұмыс атқарды. Ол кісінің өмір жолы турасында талай мақала жазды, көше мен мектеп атын беруге тікелей атсалысты. Ерекше бір атап өтерлігі, ақсақал қаншама тер төгіп, көз майын тауысып, уақытын сарп етіп жазған бұл құнды дүниелерін бас­падан өз қаражатына шығарады. «Бұл жұмысым үшін ешкімнен марапат та, алғыс та дәметпеймін. Бастысы тұлғаның тағылымды өмірін келешек ұрпақтың жадында жаңғыртсам болды», дейді Еркін Дәуешұлы.

Сексен жастың белортасына иек артқан тұста да өңінің әрін тайдырмаған келісті де кербез ақсақалдың жүрісі де, қимыл-қарекеті де ширақ. Себебі саламатты өмір салты – оның ежелгі досы. Таңғы алты жарымнан тұрып қарапайым жаттығулар жасап, іле-шала скандинавиялық қос таяқпен саябақта он мың қадам жүруі әдетке айналған. Әр күнді бос өткізбейтін ардагер еңбекқорлығын әулеті мақтанышпен өнеге етсе, елі оны көптің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азамат деп құрмет тұтады. Отбасы туралы сөз болғанда ол алдымен қосағын ерекше ілтипатпен тілге тиек етеді. «Зайыбым Хамила Құлбекқызы екеуміз 1963 жылы отау құрдық. Қарағанды педагогикалық инсти­ту­тының түлегі, екеуміз де білім саласының үздігіміз. Еңбек өтілі­мізді қосқанда барлығы 114 жыл», дейді ақсақал.

Бауырынан өрбіген алты бала мен солардан сүйген немерелерінің қызығына тоймай бақытты ғұмыр кешіп жатқан қадірменді қария әлі де қатардан қалмай, жастарымызды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне өз үлесін қосып жүргенін атап өткеніміз абзал. Сондықтан қайраткер қарияның ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болса керек.