– Мен Мәскеуде қызметте жүрген кезімде туған күніме байланысты құттықтау сыйлық ретінде Қазақстанның 19 облысынан магнитофонға жазылған 19 әншінің орындауындағы «Жезкиік» келді. Мұндай сыйлық мені керемет әсерге бөледі. Бірінен бірі өтеді. Бірақ өзіме әнші Нариман Қаражігітовтің орындауындағысы қатты ұнады, – деген Кәкімбек ағаның сөзі «Жезкиік» еліміздің барлық өңіріне кеңінен тараған ән екенін айғақтайды.
Ж.Сейілов небәрі 49-ға аяқ басқан шағында өмірден озды. 1998 жылы ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Сол іс-шараға қатысқан Шынболат Ділдебаевтың арнауында «Солғандай боп гүліміз, Тұтылғандай күніміз, Бірге еді ғой жырымыз, Бірге еді ғой сырымыз. Нұрғисадан бата алған, Сазгерлікте іріміз, Ескерткішке айналды – Жақсыкелді ініміз» деген жолдар бар еді. Сол айтпақшы, соңында әдемі әндері қалған Жақаң туралы ел арасында айтылып қалатын жылы естеліктер де жетерлік.
Жезқазған кен өндірісінде ұзақ жыл басшылық қызметте болған Әмірбек Шегірбаевтан естіген Жақсыкелді туралы естелік те қызықты.
– Батыс Жезқазған кенішінде директор болып жүрген кезім еді. Бірде маған белгілі ақын, жыршы, термеші Шынболат Ділдебаев келді.
– Сізге бір өтінішім бар. Жақсыкелді Сейілов есімді әнші-композиторды білесіз ғой? – деді ол. Мен, әрине білетінімді айттым.
– Ендеше, сол азамат жер астындағы кеншілердің тыныс-тіршілігін ұққым келеді, мені шахтаға түсір дейді. Бұған не дейсіз? – деген Шынболатқа: – Ол кісінің көзі көрмейді деп еді ғой, – дедім.
– Көзімен емес, көңілімен көргісі келетін шығар, – деген Шынболаттың сөзіне қарсы келе алмадым, «Алып кел, бірге түсеміз», дедім. Содан бір күні олар келіп, үшеуміз шахтаға түстік. Мен сонда Жақсыкелдінің: «Мынау деген керемет қой, ғаламат қой. Қандай тамаша!» деген қуанышты лебізін естіп таң-тамаша қалғанмын. Зағип адамның шахтаға түскенін, сонда алғаш және соңғы рет көрген едім, – дейтін еді Әбекең марқұм. Бәлкім, шынында да, ол айналасындағы қым-қуыт тіршілікті жанымен сезініп, жүрек көзімен көретін болған да шығар?
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин 1994 жылдың қысында өндіріс орнына барып, екеуінің концерт қойғандарын зор ықыласпен әңгімелейді.
«Сол жылы Жезқазған, Сәтбаев қалаларында жылу мәселесі қайбір жылғы Екібастұздың күйін кешіп, қатты қиналысқа түскен еді. Жұмыс тәулік бойы жүріп жатты. Бірде жұмыскерлер тарапынан «демалысты әбден ұмыттық, тым болмаса ара-арасында әншілер келіп, концерт қойып кетсе қайтеді?» деген өтініш айтыпты. Содан Жақсыкелді екеуміз фабрикаға бардық. Мен домбырамен, ол сырнаймен, ара-тұра гитарамен ән салды. Жақаң орысша әндерге де жүйрік қой. Не керек, қазақ-орыстың бәрі риза болды.
Ол кезде Жезқазған облысын Қажымұрат Ыбырайұлы Нағманов басқаратын. Біздің түннің бір уағына дейін концерт қойғанымызды ол кісі де естіпті. Содан арада бірер апта өткенде әлдебір іс-шарада Қажекеңмен кездесіп қалдық. Ол қолымызды қысып, рахметін айтты. «Қандай көмек керек?» деп сұрағанда, Жақаң: «үйіміз бар, бірақ тарлау», деп қалды. Сол сөз Қажымұрат Ыбырайұлының құлағында қалып қойса керек, кейін жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйден бірыңғай өнер адамдарына пәтер бергізді. Сөйтіп, Жақаңның бір ауыз өтінішінің арқасында ақын да, әнші де, актер да қарық болып, бір-бірімізбен көрші болып шыға келген едік», дейді Ғалым аға.
Жақсыкелдінің облыс әкімімен еркіндеу сөйлесетін де себебі болған секілді. Мұны әнші, «Парасат» орденінің иегері Береке Көшеновтен естідік. Оның айтуынша, Қажымұрат Нағманов мәдениетке, өнерге жақын адам болған. Ол түрлі шығармашылық кештерге жиі қатысады екен. Сондай бір кеш үстінде Жақсыкелдінің өнеріне сүйсінгені сонша, қолындағы алтын сағатын шешіп, Жақаңа сыйға тартқан көрінеді.
Әкім ғана емес, халқы құрметтеп, қадірлеген Жақсыкелді Сейіловтің есімін мәңгі есте қалдыруға келгенде, «қандай шаруалар атқарылды?» дейтін сұрақ қойыла қалса, Жезқазған жұртының төмен қарағаннан басқа амалы жоқ. Өйткені Ж.Сейілов есімін көшеге де, музыка мектебіне де беруге ұсыныстар жасалғанымен, әлдебір тосқауылдарға тап болып келеді. Кабинетінен әріге өресі жетпейтіндер оны тек қана әуесқой композитор деп есептейтін шығар? Мүмкін. Ендеше, 1990 жылы Ж.Сейіловтің «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын иеленгені неге ескерілмейді? Республикалық эстрада әртістері байқауының лауреаты және «Жігер» фестивалінің жеңімпазы болғанын ұмытуға бола ма?
Тіпті атақтарын айтпағанда, қазаққа «Ана туралы баллада», «Ұлытау», «Жезкиік» , «Неге солай?», «Кездесу», «Айналайын қанатым», «Нан туралы баллада», т.б. әндер сыйлаған талант иесіне бір көшемізді немесе музыкалық мектебімізді қимаймыз ба? Қазақтың ұлы композиторларының бірі Нұрғиса Тілендиев батасын берген композитордың есімін дәріптеуге шамамыздың жетпей жүргені ақылға сыймайды. Ол «Жезкиік» деп қана емес, «Жол беріңдер Анаға» деп әлемге жар салған композитор еді ғой!
Жезқазған