Қоғам • 29 Қараша, 2024

Оңтүстік ойландырып, теріскей толғандырып тұр

112 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі алмағайып заманда еліміздің бүгінгі тағдыры мен болашағы үшін көші-қон мен демография мәселелерінің маңызы зор. Осы орайда Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлерінің көптен айтып жүрген ұсыныстары ескеріліп, бұдан екі жыл бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дербес ведомствосы – Көші-қон комитеті құрылды. Ал кейінгі кезде демография жөніндегі мемлекеттік орган құру мәселесі көтеріліп жүр.

Оңтүстік ойландырып, теріскей толғандырып тұр

Бұл туралы биылғы ақпан айында Сенатта «Демографиялық өсу – ұлттың стра­те­гия­лық артықшылықтарының негізі» тақы­рыбында өткізілген Үкімет саға­тында да айтылып, Үкіметке тиісті ұсы­ным жол­данған. Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторларға қай­тар­ған рес­ми жауабын­да Ұлттық экономика ми­нистрлігі орта­лық мемлекеттік органдардың функцияларына жүргізген талдау қорытындысы бойынша жаңа мем­лекеттік орган құрып, мемлекеттік қызмет­шілер санын ұлғайту арқылы мемлекет­тік бюджетке жүктеме түсіру орынсыз деп санайтынын мәлімдеді. Қосым­ша ведомство құру Мемлекеттік басқару­ды дамы­тудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­­да­масын­да көзделген мемлекеттік ап­парат­ты оң­тайландыру бағытына да сәйкес келмейді. 

Анығында, еліміз тәуелсіздік алған жыл­дары қалыптасқан қолайсыз демогра­фия­лық жағдайға және шет елдерден атажұртқа бет алған қандастардың ұлы көшін қабылдауға байланысты Президенттің 1997 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен Көші-қон және демография агенттігі құрылған болатын. Ол кезде халқымыздың саны 16 млн адам, ал еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жас еді. Аталған агенттік 2006 жылға дейін жұмыс істеген.

Елімізге 1 млн-нан астам қандастың көшіп келгендігі, денсаулық сақтау саласын дамытуға, соның ішінде ана мен баланы қолдауға арналған жүйелі іс-шаралар қолданылғандығы бала туу мен орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштерінің өсуіне оң әсерін тигізді. Бүгінде табысына қарамастан, барлық отбасыға бала тууға, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бо­йынша жұмыс істемейтін әйелдерге, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеуге, 18 жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасыларға, көпбалалы аналарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өмірде қиын жағдайға тап болған отба­сы­ларға қосымша атаулы әлеу­мет­тік көмек тағайындалады. Қазір әрбір бесінші отандық отбасы мемлекеттік қолдау алып отыр. Осындай кешенді іс-шаралардың нәтижесінде, еліміздегі демографиялық жағдай едәуір жақсарды. Халқымыздың саны 20 млн адамнан, орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Отандастарымыздың орташа жасы – 32,1 жас. Халқымыздың үштен бірі – балалар, 58 пайызы – еңбекке қабілетті азаматтар, 11 пайызы – қарт адамдар.

Үкімет Сенат депутаттарының ұсыны­мына орай жүргізген халықаралық тә­жіри­бені талдау қорытындысы демография мәселелерімен әлем елдерінде әр­­түрлі мемлекеттік органдар айналысатынын көрсетті. Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы сияқты бала туу деңгейі төмен елдерде демографиялық жағдайға денсаулық сақтау министрлігі жауапты, Ресей Федерациясы, Украина сынды посткеңестік, сондай-ақ Польша, Словакия елдерінде, Шығыс Еуропа мемлекеттерінде демографиялық даму әлеуметтік мәселелермен айналысатын мемлекеттік органдарға жүктелген. Біздің елде бұл саладағы әртүрлі функ­циялар бес мемлекеттік органға – Ұлт­тық экономика министрлігіне, Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросына, Денсаулық сақтау министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне, Ішкі істер министрлігіне бөліп берілген. Олардың осы бағыттағы жұмыстарын Ұлттық экономика министр­лігі үйлестіреді.      

Халқымыздың саны жылдан-жылға көбе­йіп келе жатқаны көңіл көншіт­ке­ні­мен, демография саласында ойландыратын да, толғандыратын да мәселелер бар. Мәселен, демографиялық болжамға сәйкес егер елімізде қазіргі бала туу дең­гейі, көші-қон үрдісі сақталатын болса, онда 2050 жылға қарай оңтүстік өңір­лер­де халық саны 5,2 млн адамға артып, теріскей өңірлерде 1 млн адамға дейін азаюы ықтимал. Мұндай теңгерімсіздік оңтүстікте жұмыссыздықтың көбеюіне, ал теріскейде жұмыс күшінің тапшылығына әкеліп, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.

Әрине, бұл ретте Үкімет қол қусырып қа­рап отырған жоқ. Азаматттарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы қабылданып, іске асырыла бастаған 2017 жылдан бері солтүстік, шығыс өңірлерге 57 мыңнан астам адам қоныс аударған. Қоныс аударушыларға материалдық көмек көрсетіліп, қоныс аудару, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстары өтеледі. Осы әлеуметтік жоба жетілдіріліп, биыл қоныс аударушылардың тұрғынжай мәсе­­­лесін оңтайлы шешу үшін қосымша ақ­ша­­лай төлем сертификаты енгізілді. Бұған дейін тек демографиялық жағдайы тым күрделі Солтүстік Қазақстан облысында қанатқақты жоба бойынша қо­ныс аударушыларға арналған тұрғын үй­лер салынған болатын. Алайда олар­дың көбі сапасыз салынып, қоныс ауда­ру­шылардың орынды ренішін туғызған. Енді тұрғынжай мәсе­лесін қоныс аударушылардың бар­лы­ғы мемлекет жәрдеміне сүйене отырып, өз қалау­ла­рынша шешеді.

Кейінгі жылдары қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасы да көбейтіліп келеді. Биыл 7050 қоныс аудару­шы, 2433 қандас Үкімет айқындаған өңірлерге орналастырылуға тиіс. Бұл 2023 жылғымен салыстырғанда 554 адамға артық.

Өкінішке қарай, Үкімет қолданып отыр­ған іс-шараларға қарамастан, сол­түстік, шығыс өңірлердің демогра­фия­лық ахуалы жылдан-жылға нашарлап барады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында қа­лыптасқан жағдай алаңдатарлықтай. Бұл өңірде тұрғындар саны былтыр 4015 адамға азайып, небәрі 530 089 адам қалды. Халқының табиғи өсімі жоқ бірден-бір өңір де – осы облыс. Мұнда өткен жылы дүниеден озғандар саны дүниеге келген сәбилер санынан 359 адамға көп болды. Ал көші-қонның теріс сальдосы – 3 656 адам.

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының саны да 3185 адамға азайды. Абай облысында да тұрғындар саны 2 609 адамға кеміді. Қостанай облысы тұрғындарының қатары да 2250 адамға сиреді. Павлодар облысында да халық саны 1011 адамға азайды. Аталған 5 облыс­та көшіп кеткендердің саны көшіп келгендерден 22 131 адамға көп болды.

Жалпы, былтыр республика бо­­­йынша жоспарланған 6,7 мың адамның 6,56 мыңы ғана қоныс аударған. Осы орайда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қо­ныс аударушылар туралы берген ақпар­дың растығына сену де қиын. Себебі жуыр­да Бас прокуратура қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаржысының 1 млрд теңгеден астамы жалған құжаттар жасау арқылы азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен жымқырылғанын, теріс пайдаланылғанын әшкереледі. Қоныс аударушылар болып өздерінің туып-өскен өңірлерінде тұрып жатқан адамдар есепке алынған.

Демек еліміздегі демографиялық жағ­дайды шынайы бағалап, Үкімет дең­гейінде дұрыс та пәрменді шаралар қа­был­дау үшін арнайы ғылыми зерттеу жұ­мыстарын жүргізу қажет. Осы орайда сена­торлардың ұсынымы ескеріліп, биыл жоғары оқу орындарының демография мәселелері бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуі үшін гранттық қаржыландыру аясында 376 млн теңге қаражат бөлінген. Мысалы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары қазір «Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлеріндегі демографиялық және көші-қон үдерістерін зерттеу: іргелі факторларды анықтау, талдау және оларды реттеу әдістерін әзірлеу» тақырыбында зерттеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ биыл Президент жанындағы Қазақстандық стра­тегиялық зерттеулер институты солтүс­тік және шығыс өңірлерде өзінің филиалдарын ашты. Бұл да – құптарлық қадам.

Шынтуайтында, демография мәселе­ле­рі жөніндегі арнайы мемлекеттік органды құру-құрмау мәселесі де тиісті ғылыми зерттеулер негізінде шешілуге тиіс.