Саясат • Кеше

Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі басты назарда

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. Жиында әйел тергеушілердің әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуге мамандануы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі Ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызметі талқыланды.

Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі басты назарда

ІІМ-нің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері биыл 16 мың заң бұзушылықтың жолын кесті. Сондай-ақ кикілжің шығарған 91 мың азамат әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылып, оның ішінде 24 мыңы қамауға алынған. Бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 2,5 есе жоғары.

– Президент ана мен бала мүддесін қорғау мәсе­лелеріне ерекше назар ауда­рады. Бұл – мемлекеттің стра­тегиялық міндеті. Биыл Ұлт­тық комиссия «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақ­тауды қамтамасыз ету ба­ғытына басымдық береді. Әйелдер мен балаларға қатыс­ты қылмыстарды тергеу жүйесін жетілдіру мәселесі – ұлттық комиссияның тұ­рақты бақылауында. Біз­дің міндетіміз – тергеуші әйелдердің әлеуетін пайдалана отырып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң­ның орындалуын бақылау және оны толық қамтамасыз ету, – деді Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева.

Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зор­лық-зомбылық қыл­мыс­тарын тергеумен 261 әйел-тергеуші айналысады. Құрылған мо­биль­ді топтар мекенжайы бо­йынша 33 мыңнан аса отбасын қарап, көмекке мұқтаж 1 мың­нан аса отбасын анықтады.

Топтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қызметтің ұйым­дас­тырушылық негіздері, оның ішінде әйел тергеушілердің осы қылмыстық істерді айрық­ша тергеуі туралы талаптары ай­қындалған қағидалар әзір­леніп, бекітілді.

Ұлттық комиссия «Самұрық-Қазынамен» бір­лесе «Бір қадам» «One-Stop-Service» қанатқақты жобасына бастамашылық жасады. Жобаны Айман Омарова басқарады. Бастама аясында биыл 46-дан аса қылмыстық іс қаралған. Басым көпшілігі балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Өтініш білдірген 669 әйелдер мен балалар шұғыл құқықтық, психологиялық және сарап­тамалық көмек алды.

Жалпы, жоба шеңберінде кәмелетке толмағандарды жә­бірлеу, қудалау, қор­қы­ту, түрмедегі зорлық-зом­былық, тұрмыстық зорлық-зом­былық салдарынан болған кісі өлімі фактілеріне қатысты қыл­мыс­тық істер қозғалған.

Ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы құқық қолдану практикасын қада­ға­лауды жалғастырады. Бұл жұмыстың тиімділігі құқық қорғау органдарының, қоғам­дық ұйымдардың және азамат­тардың жұмылуы арқылы нәтижелі болмақ.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия төрағасы А.Балаева мемлекеттік орган­дарға бірқатар тапсырма бер­ді.