Қаржы • 03 Желтоқсан, 2024

Базалық мөлшерлеме неге өсті?

204 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен аптада Ұлттық банк­тің Ақша-кредит саясаты коми­теті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. 2024 жылы біртіндеп төмендеп келе жатқан базалық мөлшерлемеге бірден 1% қосып, 15,25%-ға дейін өсіп кетті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай шешім инфляция мен елдің экономикалық дамуына қатысты болжамдарды, нақты деректер мен тәуекелдерді ескере отырып қабылданғанын айтты.

Базалық мөлшерлеме неге өсті?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ұлттық банк төрағасы «Түсінемін, доллар бағамының 500 теңгеден асуы – психологиялық  жағдай. Бірақ математик, экономист, тіпті бизнесмен ретінде қарасаңыз, өзгеріс тек 2%»,  дейді.

Т.Сүлейменов баға бірден көтеріл­мей­ді деп сендірді. Оның айтуынша, еліміз азық-түліктің барлық санаты бойынша қамтамасыз етілген. Сарапшылар теңгенің құнсыздануы­на рубльдің құлдырауы ғана себеп болмағанын айтады. Жанама әсер етіп отырған факторлар жетеді. Соңғы уақытқа дейін «Газпромбанк» Ресейдің мұнай мен газ үшін түсім алуының басты арнасы болатын. Ол санкция­лардан тыс болған, бірақ бірнеше күн бұрын АҚШ оны да санкциялық тізімге енгізді. Теңгенің әлсіреуіне бұл да әсер етті. 

Ұлттық банк басшысының айтуынша, қазан айында инфляция ырықтан шығып кетті. Әзірге болжам тұрақсыз. Сыртқы факторлардан әлемдік нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауы, негізгі сауда-экономикалық әріптесіміз – Ресейдегі инфляция мен рубль баға­мы­ның құбылуы әсер еткен. Ал ішкі факторларға ҰБ төрағасы тұрғынүй- ком­­муналдық саладағы реформалар, ұсы­ныстан асып түскен ішкі тұтыну сұранысы, теңгенің құнсыздануы мен жоғары инфляциялық ахуалды атады. 

Сонымен қатар Т.Сүлейменов қазы­нада қаржы тапшы кезде салық аз түсіп жатқандықтан, инфляцияның төмен­деуіне мүмкіндік бермейтінін атап өтті. «Осы факторлардың бәрі жинақтала келе, инфляция 5%-дық межеге бұған дейінгі болжамымыздан кешігіп жететінін байқатады. Экономикалық өсім тұрақты болу үшін қатаң ақша несие-саясатына қайта оралуымыз керек», деді ол.

Ұлттық банк 16 қарашадан бастап, интервенция жүргізген. Осы уақыт аралығында бас банк нарықта 1 млрд доллардан аса валюта сатты. Нәтижесінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 44,5 доллардан 43,5 млрд долларға дейін азайған. Алайда бас банкир соңғы екі күн өте маңызды болғанымен, бұл күндері резервтен нақты қанша доллар сатылғанын ашып айтпады. «Доллар бағамына келсек, оны жоспарламаймыз. Бағам нарық­тағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалып­тасады. Сондықтан бізде доллар бағамы қанша болатынына қатысты болжам жоқ», деді ҰБ басшысы.

Төрағаның айтуынша, Ұлттық банк интервенцияны тоқтатты, валюта ба­ғамы қазіргі уақытта таза нарықтық фак­торлардың әсерінен қалыптасып отыр. «Егер іргелі немесе нарықтық фактор­лардан тыс өзгерістер болмаса, валюта бағамына араласпаймыз. Біз мұны соңғы шара ретінде ғана жасаймыз», дейді Т.Сүлейменов.

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, қазір бізге екі мәселені, «тең­гемен депозит ұстап отырғандар ұтты ма, әлде ұтылды ма?» деген сұраққа жауап алу маңызды. «Ең алдымен бізге, осы 2024 жыл бастала салғанда курс қандай болды, соны анықтап алу керек. Қор биржасы өз жұмысын бастаған 3 қаңтарда, яғни 2024 жылдың алғашқы жұмыс күніндегі сауда-саттық нәтижесінде теңге курсы бір долларға 457,06 бағамын көрсеткен. Бүгін бағам 510 болады деп топшыласақ, онда теңгенің 11 ай ішінде долларға шаққанда 11,6 пайызға арзандағанын байқаймыз. Биыл банк депозиттеріндегі орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,6% болғанын ескерсек, онда теңгелік депозит ұстағандар қазір 2 пайыз плюсте. Долларлы депозиттің орташа сыйақысы 0,9-1% деңгейінде болды. Онда доллар ұстағандар 1% плюсте деп айта аламыз. Демек инфляция факторын ескермесек, онда теңгелік депозит кірістілігі бойынша долларлы депозитке қарағанда тиімдірек болды. Бірақ бұл инфляциясыз есеп қана. Егер инфляцияны қоссақ, онда картина өзгереді. Биылғы теңгедегі инфляцияның қазіргі жылдық мәні 8,5%. Онда 11,6+8,5 = 20,1. 20,1-13,6 = 6,5. Теңгедегі инфляция факторымен есептесек, биыл теңгелей депозит ұстағандар 6,5 пайызға минусқа кетті. Ал қазір АҚШ-та доллардың орташа инфляциясы 3% деңгейінде. 3-1 = 2. Сонда доллармен депозит ұстағандар 2% минуста», дейді А.Олжаев.

Қаржы нарығындағы құбылысқа Ресей­дегі инфляцияның әсері бар еке­нін сарапшылар да айтып жатыр. «Қа­зір Форекстегі бағамы 109,9. Рубль/теңге па­ритетін 5 деп санағанда ол 549,5 кросс-кур­сына, ал 4,7 деп санағанда ол 516,53 кросс-курсына тіреп тұр. Демек Форекс қазір теңге рубль паритетін 4,7 деңгейінде қабылдағанын анықтай аламыз. Газпромбанк газ контракттары бойын­ша Еуропа және басқа да елдерден валюта әкеліп тұрған Ресейдегі жалғыз ресми канал болатын» дейді сарапшы.

Оның бұғатталуы нарықта алаңдау­шылық туғызды және инвесторлардың рубльден тезірек құтыла бастауына әкел­ді. Қазір биржаларда барлығы жаппай рубль сатып жатыр және Ресейде басқа валюталарды айтпағанда, тіпті юань тапшылығы қатты сезіледі. «Дәл осындай жағдайда АҚШ керісінше долларды күшейтуге барын салды. DXY индексі 106,2-ге жетіп отыр. Бұл доллардың барлық әлемдік валюталар бағамына әсер етіп жатыр деген сөз. Д.Трамп доллар инфляциясын болдырмауға уәде берген. Бұл инвесторлардың әлсіз валюталардан кетіп, доллардың айналасына қайта топтаса бас­тауына жол ашады. Шындығын айтсақ, теңгеге ауырлау болуы мүмкін. Оны осы қараша айындағы КАSЕ-дегі сауда-саттық көлемінен байқауға болады. Бір күндік орташа сауда көлемі рекордтық 240 миллион долларға жетейін деп қалды. Демек инвес­торлар теңгеден долларға ауысып жатыр. Бізге не істеу керек? Дәл қазір айыр­бастау пунктіне жүгірудің еш қажеті жоқ. Қазір доллардың спекулятивті, эмоционалды толқында өсіп тұрған кезі. Ертең спекуляция толқыны басылғанда ұтылып қаласыз. 2022 жылы Ресей соғыс ашқанда долларды 512 теңгеге сатып алған адамдарды жеке танимын. Олар екі жыл күтіп, сол курсқа енді ғана келіп отыр. Ұлттық банктің конвертациялы және интервенциялық жұмысының әсері келесі аптада анық байқалатын болады» дейді А.Олжаев.

Экономист Вячеслав Додоновтың айтуынша, квазимемлекеттік сектордың валюта түсімінің 50%-ын сатуы теңгені қолдауға көмектеседі. «Қазан айында 2024 жылы 2 трлн теңге көлемінде қосымша мақсатты трансферт туралы шешім қабылданды. Бұл өте көп және Ұлттық қор активтерінің қысқаруына әкеледі. Бірақ теңге бағамы неғұрлым төмен болса, Ұлттық қордан соншалықты аз доллар жұмсау керек, сондықтан ұлттық валютаның әлсіреуі қосымша шығыстың теріс әсерін біршама жұмсартуы мүмкін. Қазақстанның мемлекеттік қаржысына қолайлы және теңгенің төмендеуіне себепші болатын басқа да факторлар бар», деп атап өтті экономист.

Қаржыгер Алмас Чукин 27-28 қара­шадағы доллардың сатылуы мен сатып алу жағдайы рекордтық деңгейде жүргенін еске түсірді. 27 қарашада жарты мил­лиард доллар және 28 қарашада 700 доллар айналымға жіберілді. Сарапшының айтуынша, теңге салмағының негізгі көзі, әрине, бюджет. Біздің мұнайды долларға сататынымыз, оған импорт сатып алатынымыз долларға деген сұранысты арттырды.

«Нарықтағы жағдай құбылып тұр. Сондықтан болжамдарды қайта қарау керек деп ойлаймын. 2025 жылға арналған бюджетті бір доллар үшін 470 теңге бағамын негізге ала отырып жоспарлаған. Бірақ Қаржы министрлігі қалағанын жоспарлай алады, ал нарық өз бетінше шешеді» дейді А.Чукин.

Сарапшының айтуынша, алаңдауға себеп жоқ. Банк секторы мықты, алтын-валюта қоры да жеткілікті. Дәл қазір кез-келген жағдайға төтеп бере алатын мүмкіндік бар. «Теңге бағамының автоматты түрде құлдырауы импорт бағасының өсуіне алып келеді. Шамамен коэффициент бізде 0.3. Инфляцияның өсуі кредиттер бойынша ставкалардың өсуіне алып келеді. Неғұрлым қымбат несиелер экономиканың өсуін тежеп, тауарлардың бағасын көтереді» дейді А.Чукин.

Қысқасы, 2024 жылға арналған инфляция болжамы 8-9%-ға дейін нақтыланды. 2025 жылға арналған болжам 6,5-8,5% -ға дейін, 2026 жылға – 5,5-7,5%-ға дейін арттыру жағына қайта қаралды. Базалық сце­нарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа алғанда барреліне 70 долларға дейін төмендеу жағына қайта қаралды. Ел экономикасының 2024 жылға арналған өсімі бойынша болжам 4-4,5% деңгейінде нақтыланған. 2025–2026 жылдарға арнал­ған болжамдар 4,5-5,5% және 4,6–5,6% дейін қайта қаралды.

 

АЛМАТЫ