Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Дүниежүзілік ахысқа түріктері одағының президенті Зиятдин Касанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мудеррисоглы Эврен, «Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркия Республикасының Қазақстандағы құрметті консулы Латипша Асановтар қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар Достық үйі алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң ахысқа түріктері туралы деректер қамтылған ақпараттық стендтер мен қолөнер көрмесін тамашалады. Келушілер назарына КСРО-ның солақай саясатынан зардап шеккен бауырлас халық жайында арнайы бейнеролик ұсынылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов сөз алып, туыс халықтың қазақ үшін ең жақын ағайынына айналғанын айтып берді.
«Қазақстандағы этностар арасында ахысқа түріктерінің орны ерекше. 80 жыл бойы қазақтың киелі жерінде өмір сүріп, ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, тарихымызды бірге жазып жатырмыз. Осы уақыт ішінде біз қиындық пен қуанышты бөлісіп, достығымызды күшейте түстік. 80 жылдық тарих – бауырмалдықтың, төзімділік пен ортақ болашаққа деген сенімнің жарқын белгісі», деді ол.
Ал Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековтің ықыласын жеткізіп, 1944 жылы болған оқиғаны санада қайта жаңғыртты.
«Алғаш ахысқа түріктері Қазақстанға қоныстанғанда ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен қиын-қыстау заман болды. Сталиндік саясат көптеген ұлт өкілін Қазақстанға жер аудартты. Әрине, олар өркендесін-өссін, көгеріп-көктесін деп ойламағаны айдан анық. Дегенмен түбі бір түркі жұртына қазақ халқы шама-шарқы келгенше қолұшын созды. Барлығы бірлесіп, бүгінгі бейбітшілік заманға аман-есен жетті. Қазақстанның дамуына ахысқа түріктерінің қосқан үлесі бар. Олар қазақ халқына деген ризашылығын білдірді. Біз де осынша жыл бізбен бірге болғандарыңызға, ортақ еліміздің, мемлекетіміздің гүлденуіне, өркендеуіне қосқан сүбелі үлестеріңізге алғыс айтамыз», деді қала әкімінің орынбасары.
Іс-шараға арнайы келген құрметті қонақтар лебізін білдіріп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Бірқатар белсенді азаматқа Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі мен Шымкент қаласы әкімінің Алғысхаты табысталды. Мерекелік іс-шара концерттік қойылыммен жалғасын тапты.
Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында 7 мыңға жуық түрік этносының өкілі тұрады. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі қашан да игі бастамаларға қолдау білдіріп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді.
ШЫМКЕНТ