Жоба • 03 Желтоқсан, 2024

Солтүстікке серпін берген бағдарлама

55 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірдегі әлеуметтік жобалардың іске асу барысымен танысты.

Солтүстікке серпін берген бағдарлама

Вице-премьер М.Қозыбаев атындағы университетке барып, «Серпін» бағ­дар­ла­масына қатысатын жұмыс беруші­лердің қатысуымен кеңес өткізді. «Серпін» рес­пуб­ликалық жобалау кеңсесінің жетекшісі Мұрат Әбенов «Серпін түлектері» қауым­дас­тығын құру туралы бастаманы қолдады. Бұл ұйым абитуриенттер мен студенттерге қолдау көрсетеді. Солтүстік өңірде аталған бағдарлама бойынша 1 350 адам білім алып, оқуын жалғастырып жатыр. Көптеген түлек осы өңірде жұмыс істеуді таңдаған. Отбасын құрып, облыстың дамуы­на үлес қосып жатыр. Солардың бірі – Нұрсейт Әбдіразақов. Ол 2016 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданынан келіп, университетке түскен, қазір өзі оқу орнында қызмет етіп жүр. «Бағдарлама шынымен де тиімді. Мен болашағымды осы өңірмен және өз университетіммен байланыстырамын», деді Н.Әбдіразақов.

Премьер-министрдің орынбасары жоғары оқу орындары мен колледждердің кәсіпорындармен ынтымақтастығын ны­ғай­тудың маңызын атап өтті. Ол жұмыс беру­ші­лердің қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлау бағдарламаның табыс­ты жүзеге асырылуының кепілі екеніне мән берді.

Өңірде 300-ден астам жұмыс берушімен меморандум жасалған. Биыл оқуын біті­ре­тін 68 түлекке арналған жеке іс-шаралар ұйым­дастырылды. Өңірдегі ірі компания өкіл­дері жас мамандарға сұра­ныс­тың жо­ғары екенін айтып, «Серпін» бағ­дар­ла­масына белсене қатысуға дайын екенін білдірді.

Қазіргі уақытта кадр тапшылығы сезіліп отырған 8 өңір бар. Бағдарлама түлектерін осы өңірлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Бағдарламаның әлеуметтік маңызы жоғары. Ол болашақ түлектерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді және нақты кәсіпорындардың сұранысына сай кадрлар даярлайды. Келесі жылы бағдарламаға колледждердің қатысуы жоспарланып отыр. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін барлық мүдделі министрліктер, облыс әкімдіктері мен жұмыс берушілер тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Бұл үдерісте аймақтық жобалық кеңселердің рөлі маңызды», деді Т.Дүйсенова.

Вице-премьер М.Козыбаев атындағы университеттің зертханаларымен танысып, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға түскен студенттердің ғылыми зерттеулерін көрді. Мұндай заманауи зертханалар халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мысалы, Қытайдың Солтүстік-батыс ауылшаруашылық университетінің ғалымдары Козыбаев университетінің студенттерімен бірлесе ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы жобалар бойынша жұмыс істеп жатыр.

Манаш Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті АҚШ-тың Аризона университетімен серіктес. Ынтымақтастық бағдарламасы қос диплом алу, ғалымдар арасында ғылыми алмасу, оқытушылар үшін бірлескен тағы­лым­да­ма­лар, сондай-ақ академиялық стра­тегия мен корпоративтік басқаруды жетіл­діруге арналған ұсыныстарды қамти­ды.

Сонымен қатар өңірге сапары аясында Т.Дүйсенова «Qyzylzhar» креативті индус­трия орталығына барды. Бір ай бұрын ашылған орталық инновациялық және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру алаңына айналды. Онда цифрлық технологиялар саласындағы бағытты дамыту, медиа контент, сән және басқа да шығармашылық индустрияларды құру үшін барлық қажетті жағдайлар жа­сал­ған.

Кейбір креативті мамандардың есім­дері әлі кең аудиторияға таныс емес. Ал кей­бірінің даңқы Еуропаға дейін жеткен. Мысалы, сәнгер Айжан Колчина Париждегі жоғары сән апталығында өз коллекциясын ұсынды, онда оның жұмысы жоғары бағаланды.

Айжан Колчинаның жетекшілігімен жас дизайнерлер көйлектердің бірегей үлгілерін әзірлеуде. Ең креативті эскиздер, идеялар нағыз өнер туындыларына ай­на­латын арнайы шеберханада жүзеге асы­рылады.

Мұнда құлағы нашар еститін балалардан құралған бірегей би ансамблі бар. Оның негізін қалаушы Ольга Ростовщикова бірқатар республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралған. Вице-премьер бастаманы жоғары бағалап, ерекше қажеттілігі бар балаларды шығармашылық және мәдени жобаларға қатысу арқылы дамытудың маңызын атап өтті.

Орталық базасында өңірдің креативті индустрия өкілдерімен кездесу ұйым­дас­ты­рылды. Мәдениет және ақпа­рат вице-министрі Евгений Кочетов салаға қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде баян­дады. Бүгінде тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, Парламент қарауына жолданған. Онда салалық қор құру, мемлекеттік орган­дар­ға қосымша құзырет беру, сондай-ақ экономиканың креативті салаларын қар­жы­­ландыру көздері қарастырылды. Осы бас­­тамалар еліміздегі креативті индус­трия­­ны ынталандырып қана қоймай, сала­ның дамуына серпін береді.

«Солтүстік Қазақстан облысы креативті индустрияның дамуына қажетті барлық мүмкіндікке ие. Аталған сала аймақтың экономикалық және мәдени әлеуетін нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Жалпы, облыстағы креативті индустрия хабын құру маңызды қадам, бұл тәжірибені басқа аймақтарға да тарату керек», деді Т.Дүйсенова.

Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі бірқатар медициналық ұйымдарда болып, Президенттің тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының жүзеге асырылуын тексерді.