Оған қоса қыркүйек айында Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы полиция департаментімен бірігіп, ескі жиһаз, сынған тұрмыстық техника, құрылыс қалдықтарын бей-берекет тастаған тұрғындарға айыппұл салуға шешім қабылдауға мәжбүр болды.
Себебі тұрмыстық қалдықтарды оңды-солды лақтыру тек контейнерлік алаңдардағы олқылық емес, келеңсіз көріністер қаланың санитарлық, экологиялық жағдайына да кесірін тигізеді. Сондықтан ұдайы ұйымдастырылатын сенбіліктермен қатар, аузы-мұрнынан шығып жататын қоқыс жәшіктерін тазалау, реттеу мақсатында қосымша патруль енгізіліп, «Таза Қазақстан» акциясынан бастау алған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны кезінде «Қоқысты дұрыс сұрыпта», экологиялық турлары өтті.
Тазалық мәселесі мұнымен шектелмейді. Таяу күндері қала әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездескенде: «Келесі жылы да қоқыс алаңдарын жаңғырту жалғасады. Барлығын ретке келтіреміз. Апта аяғы, жұмадан бастап, демалыс күндері контейнерлер қоқысқа толып қалатынын білемін», деді.
Қысқасы, келесі жылы мегаполисте 800 қоқыс алаңын жаңарту жоспарланып отыр. Ал қала әкімі тұрғындарға көлемі үлкен қоқыстарды кез келген жерге тастауға болмайтынын ескертті. «Осы мақсатта қатаң жаза қарастырылған жаңа ережелерді бекіттік. Сондай-ақ қоқыс алаңдарына камералар орнатамыз. Бұл бізге тазалық сақтамайтындарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылы алғашқы 400 камераны іске қосамыз», деді қала әкімі.
Ендігі жерде коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес жылжымайтын нысандар салу мен жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қалдықтарын, көлемі үлкен қалдықтарды арнайы орындарға жеткізуге осыған маманданған ұйымдарға ақылы түрде жүгініп, болмаса өздері Алматы облысының Іле, Қарасай аудандарында орналасқан полигондарға жеткізулері тиіс.
АЛМАТЫ