Жетісу жері Қытаймен шектесіп жатқандықтан, логистикалық һәм экономикалық қарым-қатынас шеңбері ұлғая беретіні түсінікті. Бұл – елімізге ерекше тиімді қадам. Сол себепті Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық орнату туралы келісімнің аясында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының (ШЫХО) Қытай жағындағы бөлігінде «Қорғас» ШЫХО қызметін үйлестіру тетігінің өңірлік деңгейдегі бірінші отырысы өтті. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын аясында екі тарап «Қорғас» трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде келісімге келді.
Айта кетейік, Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында осыдан бір жыл бұрын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру тетігін құру жөніндегі құжат қабылданған болатын. Аталған тетігінің бірінші рет өткізіліп отырған өңірлік деңгейдегі алғашқы отырысына екі елдің аталған өңірлерінің ресми делегациялары қатысты. Басқосуда екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Бұл ретте облыстық өкілдер Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында орналасқан экономикалық өсудің екі нүктесінің бірі Қорғас бағытын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Соның ішінде «Нұр жолы» өткізу бекетінің, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының, «Қорғас» ШЫХО-ның маңызы зор. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «KTZE-Khorgos «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты жобасы жүзеге асырылып, қазіргі таңда Қытай инвесторларының қатысуымен индустриялық парктің құрылысы жоспарланып жатыр. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақ аумағында құны 250 млрд теңгені құрайтын жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы жөніндегі Қазақстан – Германия бірлескен жобасын іске асыру көзделген.
Сол сияқты «Нұр жолы» өткізу бекетінде инфрақұрылымдық және өткізу қабілетін арттыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Электронды кезек жүйесі енгізіліп, жұмыс тәулік бойғы режімге көшті, нәтижесінде өткізу қабілеті екі есеге артып, күніне 800-ден 1 600 көлікке дейін ұлғайды. «Қорғас» ШЫХО-да жүктерді қабылдау бекеттері мен рентгендік тексеру автоматтандырылды, қабылдау бекеттерінің саны 6-дан 9-ға ұлғайтылып, жүк легі 40%-ға артты. Соның нәтижесінде бұрын орталыққа күніне орта есеппен 2 500 адам келсе, бүгінде келушілер саны 6-8 мыңнан асады.
Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, орталықтың инфрақұрылымын жақсарту кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мәселен, кварталішілік жолдарды, кәріздік сорғы стансасының бірінші кезеңін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар газ құбырын салу жұмыстары басталып кетті.
Сондай-ақ Қазақстан – Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды жетілдіру жайын айта келе, жетісулық тарап сауда рәсімдерін жеңілдету мақсатында ынтымақтастық орталығында бірлесіп зертхана салу, шекаралық аймақта заңдылықтың сақталуына бірлесіп жұмылу, «Қорғас» ШЫХО жұмысына қатысты екі жақты ақпарат алмасу сияқты мәселелерді көтерді.
Осыған қатысты қытайлық тараптан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз ұсыныстарды бірлесіп қарауға дайын екендіктерін айтты. Сол сияқты Қытай делегациясы өкілдері еліміздегі «Қорғас» ШЫХО-да инфрақұрылым құрылыстарына, трансшекаралық электрондық коммерцияны, бизнестің басқа да форматтарының аясын кеңейтуге қолдау көрсету, ынтымақтастық орталығының аумағында екінші өткел ашуға ықпал ету, сол сияқты шекаралық аймақта туристік ынтымақтастықты дамыту туралы ұсыныс білдірді.
Сондай-ақ жиын соңында екі мемлекет басшыларының бірлескен бастамаларының лайықты іске асырылуына бар күш-жігерлерін салатынын айтқан қос тарап бұл кездесу екі жақты сауда-экономикалық, мәдени-туристік, ғылыми-техникалық, сол сияқты ауыл шаруашылығы бағытындағы байланыстарды тереңдете түсетініне сенім білдірді.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін үйлестіру тетігінің өңірлік деңгейдегі бірінші отырысының қорытындысында тараптар «Қорғас» трансшекаралық туристік аймағын бірлесіп құру жөнінде» меморандумға қол қойды. Соның негізінде тараптар ынтымақтастық аймағы аумағында туристік жобаларды ілгерілетуде ынтымақтасуға, әрбір тараптың туристік бағыттарды әзірлеудегі міндеттерін айқындауға, сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған көрме, туристік фестиваль, форум сияқты іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті.
Жиыннан соң жетісулық ресми делегация ынтымақтастық орталығындағы Автокөлік көрме орталығына барды. Бұл орталықта Қытайдан шығатын автокөліктер мен оған қажетті түрлі бөлшектер саудаланады. Қытайлық тарап мұндай көліктерге қызмет көрсететін сервистік орталықты қажет жағдайда Жетісу облысынан ашуға болатынын жеткізді.
Бұдан әрі ауыл шаруашылығы өнімдерін инспекциялайтын карантиндік зертхананың салынып жатқан құрылысы көрсетілді. Белгілі болғандай, бұл нысан екі ел арасында ортақ техникалық стандарттың жұмыс істеуіне, яғни отандық аграрлық өнімдердің тексеруден өткізіліп, экспортталуына жол ашпақ. «Бір өнім – бір сертификат» қағидаты негізінде бұл зертхананың сертификаты екі елге де жарамды болады. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ ынтымақтастық орталығы аумағындағы екінші өткел салынатын орын белгіленген. Қытайлық тарап құрылысын жүргізетін бұл өткел екі елдің сауда айналымының ұлғаюына оң ықпалын тигізетін болады.
Жалпы, «Қорғас» ШЫХО-дағы инфрақұрылымды жақсартудың нәтижесінде орталыққа тартылған инвестициялардың жалпы көлемі еліміздің бөлігінде 2023 жылмен салыстырғанда 87%-ға ұлғайып, 256 млрд теңгені құрады. Инвесторлар саны 19-дан 31-ге өсіп, іске асырылатын жобалар саны 26-дан 41-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта жалпы құны 13,3 млрд теңге болатын, 150 жұмыс орнын құрған 6 жоба толық пайдалануға берілді. Сонымен бірге жыл соңына дейін алаңы 8 мың шаршы метр, құны 3 млрд теңге болатын сауда орталығын ашу жоспарланып отыр. Оған қоса 2027 жылға дейін құны 240 млрд теңге болатын тағы 34 жобаны іске асыру межеленген, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Еске салсақ, өткен жылдың сәуірінен биылғы қарашаға дейін «Қорғас» ШЫХО-ға 2,4 млн адам келді, 36,7 мың тонна жүк тасымалданды, 217,4 млн теңге сомаға кедендік төлемдер төленді.
Жетісу облысы