Университет • 04 Желтоқсан, 2024

Қытайтану мамандары даярланады

51 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті­нің филология факуль­тетінде Қытай тілі және қытайтану кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қытайтану мамандары даярланады

Аталған кафедраның ашы­луы тіл­дік, мәдени құзы­рет­тіліктерді же­­тіл­діру ар­қылы екі ел ара­сындағы бай­­ла­нысты нығайту, қосдип­ломдық бі­­лім беру негізінде оқыту, акаде­мия­­лық ұтқырлық мәсе­лесін жолға қою, қы­тай университеттерімен, ғы­лы­­­ми зерт­теу орта­лықтарымен ын­ты­­­­мақ­тас­тық орна­ту, жаһан­дану ке­­­зе­ңінде сту­денттерді тіл, әде­биет, ау­­­дарма, ха­лық­­аралық қатынастар, биз­­нес, білім беру және ғылым сала­ла­рында жұ­мыс істеу үшін қытай тілі мен мә­де­ниеті, тарихы бойынша терең білім­мен қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Қытай тілі және қытайтану кафе­д­ра­сы­ның ашылуы аясында «Кали­графияны оқытуда цифрлық технологияны қолдану ерекшелігі» атты ғылыми семинар өтті. Аталған семинарда Цзянси ғылым-технология педагогикалық университетінің профессорлары Чен Сюпин мен Ю Чао ғылыми баяндама жасады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­даго­гика­лық университетінің ректоры Болат Тілеп кафедраның ашылу салтанатында универ­ситеттің сапалы білім беру жүйесін одан әрі жетіл­діруге, ұстаздарымыздың кәсіби өсуіне және студенттердің білімі мен шы­ғармашылық әлеуетін халық­аралық дең­гейде дамытуға, екі ел ара­сындағы білім-ғылым саласын­дағы ынты­­мақ­­тас­тықты кеңейтуге ықпал ету мақ­­са­­тында ашылып отырған Қытай тілі және қы­тайтану кафедрасының алда­ғы жұ­мы­­сына сәттілік тілейтіндігін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР-дың басшысы Си Цзиньпиньмен Астанадағы өткен кездесуінде: «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың деңгейі қашанда жоғары, екі елдің серік­тес­тігі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында табысты дамып келе жатыр», деген еді. Соның негізінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Елімізде ұлттық жоғары оқу орындарында қытай тілі кафедрасы ашылады, қытай тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады», деп мәлімдеген. Осы мақсатта екі елдің тиісті министрліктері бірқатар келісімшартқа қол қойған болатын. Қытай тілі және қытайтану ка­фе­драсы екі ел басшыларының уағда­­лас­қан ке­лі­сімдеріне орай Абай уни­вер­си­те­тінде атқа­ры­лып отырған маңызды іс-шара екені айқын.

Осы ретте студенттер қытай тілі­нің негіз­дерін ғана емес, сонымен қатар сол елдің бай мәде­ниетін, дәс­түрін, құндылықтары мен дүние­та­ны­мын терең меңгеруге мүмкіндік ала­­тындығын да айта кеткеніміз жөн. Өйт­­кені Қытай елі – қайталанбас және ежелгі көне дәстүрлерге бай, көп­ғасырлық тарихы, ерекше фило­с­о­фия­сы және қарқынды дамып келе жат­қан эко­номикасы бар ел. Ал қытай тілі – әлем­­дегі ең көне әрі заманауи тілдердің бірі. Бұл елдің мәдениетін тілі арқылы тану, зерттеу әлемді тереңірек түсінуге және адамзат ру­ха­­ния­­тын байытуға мүмкіндік береді деп ой­­лаймыз.

Аталған іс-шараға ҚХР-дың Алматы қала­­­­сын­дағы Бас консулдың ака­де­­миялық мәсе­лелер жөніндегі директоры Хуан Сяоминь, ҚХР-дың Цзянси ғылым-технология педа­гогикалық уни­вер­ситеттерінің басшылары, ғалымдары, ҚХР-дың Гуан­дун өндірістік-техникалық уни­вер­ситетінің ғалым­дары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абы­лай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың та­ны­мал ғалымдары, Абай атындағы ҚазҰПУ оқы­­ту­­шы­лары қатысып, ізгі тілектерін біл­­д­ірді.

Қазір факультетте 300-ден аса студент қытай тілі мамандығы бо­йынша білім алып жатыр. Қытай тілін үйренуге деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Сол сұранысқа бай­ланыс­ты университетімізде Қытай тілі және Қытайтану кафедрасы ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастамақ. Аталған кафедра болашақта қытай тілін меңгерген, жоғары білікті мамандарды даярлау ісіне үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

 

Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультетінің деканы