«Мұндай операцияны білікті мамандардың ең озық медициналық жабдықтарды пайдалана отырып жасай бастағаны – отандық медицинадағы қарышты қадам. Ендігі жерде көздің қасаң қабығын алмастыруға тура келетін операциялар үшін науқастар шет мемлекеттерге сабылмайды, өзімізде-ақ нақты емделе алады», дейді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Биыл тамыз айының соңында Алматы облыстық ауруханасына көзіне оқыста оқ тиген науқас жеткізілді. Алдында жергілікті жерде науқастың көзінен басқа жеріне барлық ем-дом жүргізілген екен. Оқ бас пен көздің айналасын жанап өткендіктен, көзі ауыр химиялық күйікке шалдыққан. Мұндай күрделі жағдайда кретопластика жасай алатын бірден бір маман, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ офтальмология кафедрасының меңгерушісі, офтальмология орталығының директоры Марат Сүлейменов бірден іске кіріскен.
«Бастапқыда 48 жастағы науқас бізден кеңес алуға келіпті. Тексеруден кейін көздің сыртқы жылтыр қабығы, қасаң қабықты алмастыруға шешім қабылданды. Операция кезінде науқаста травматикалық катаракта бар екендігі анықталды, оны да операция барысында алып тастадық. Оқ жарақатының кесірінен көздің сыртқы қасаң қабығы балқып, көздің ішкі қабықтары сыртқа шығып кеткен. Егер операция жасап үлгермесек, онда көздің ішкі жағы ақтарылып, инфекция кіретін еді де, көзін алып тастауға мәжбүр болатын едік», дейді Марат Смағұлұлы.
Қазірдің өзінде заттардың сұлбасын ажырата бастаған науқас: «Дәрігерлер кератопластика, яғни қасаң қабықты трансплантациялау ғана көмектесе алатынын айтып, Марат Смағұлұлына жіберген еді. Жедел, бір аптаның ішінде барлық сараптамадан өтіп, операция жасалды. Бұрын тек жарықтың түсін ғана ажырата алсам, қазір өтіп бара жатқан адамдардың, заттардың сұлбасын көремін. Меніңше, алдағы уақытта мұнан да жақсы болады. Кретопластикалық операцияны тегін әрі сапалы жасап берген маманға жолыққаныма қуанамын», дейді.
М.Сүлейменовтің қасаң қабықты трансплантациялау арқылы көзді сақтап қалуы бірінші рет емес. Бұрынырақта бір ер адам өндірістік көз жарақатын алғанымен, дер кезінде емделмей жүре берген. Уақыт өте келе көруі нашарлап, жарасы қабынып, ақыр аяғында соқыр болып қалған.
«Көзім қабынған кезде дәрігер мамандар сыртқы жылтыр қабығын ауыстыру керектігін айтты. Өйткені тесік пайда болды да, көздің іші ағып кетуі әбден мүмкін еді. Барлық медициналық талдамадан өткеннен кейін, көзіме донорлық қасаң қабық қойылды. Өкінішке қарай, бәріміз ауруымыз әбден асқынған сәтте жүгіреміз», деп еске алады науқас.
Дегенмен оның көру қабілетін толық қалпына келтіру үшін әлі де ем-домын жалғастыра беруі қажет. Алдағы уақытта оған тағы бір операция жасалады.
«Бұл науқаста өте ауыр көз кеселдері бар. Кератит пен қасаң қабықтың жарасына байланысты қасаң қабық еріп, көздің ішкі қабығы да төгілген. Біз оған блефарорафия жасадық, яғни көз алмасының қабығы түсіп кетпесін деп қабақты тігіп қойдық. Содан кейін қасаң қабықты жоспарлы түрде трансплантацияладық. Жалпы, бастапқыда көз алмасын алып тастау туралы мәселе туындаған, өйткені жағдайы өте ауыр болды», дейді М.Сүлейменов.
Елімізде қасаң қабықты трансплантациялау операциялары қазірге тек С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ клиникасында жүргізіледі. Операциялар 2023 жылдың мамыр айында басталды. Қажетті донорлық қасаң қабықтар АҚШ-тан әкелінді. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, Денсаулық сақтау министрлігінің, еліміздегі «Lions World Vision Institute» көз банкі өкілдігінің қолдауымен атқарылып жатыр. Бағдарлама аясында қасаң қабықты алмастырудан да бөлек, қасаң қабық, ақ қабық, торлы қабық, тамырлы қабық, нұрлы қабық сияқты көз алмасының сырты қабықтарын жаңа әдіспен трансплантациялау операциялары жүргізіле бастады. Екі жылда 304 қасаң қабық трансплантациясын жүргізу жоспарланған, оның ішінде 83 операция артқы қабатты трансплантациялаудың бірегей жаңа әдісімен жүргізілуге тиіс. Қазірдің өзінде 200-ге жуық операция сәтті өтті.
Мұндай операциялар ел аумағында 2017 жылдан бастап мәйіт донорлығының келіспеушілік презумпциясының нормасы өзгергеннен кейін жүргізілгенін де атап өткен жөн. Мәселен, 2017 жылға дейін, егер адам тірі кезінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келіспегенімен, дәрігерлер оның ағзаларын мұқтаж науқастарға салуға ала алатын. Алайда жоғарыдағы жағдайға байланысты 6 жыл бұрын елде трансплантациялау операциялары күрт тыйылды. Қайтыс болған адамдардың органдарын трансплантациялау мүлдем төмендеді.
Көз қабығын трансплантациялау – әртүрлі көз аурулары бар науқастардың көру қабілетін сақтап қалудың жалғыз әдісі. Жыл сайын 200-250 отандасымыз осындай трансплантацияға мұқтаж.
АЛМАТЫ