Алматы • 04 Желтоқсан, 2024

Алматыда инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қалалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Өзгерістердің куәсі болған қала тұрғындары аулалар мен алаңдар заманауи және жайлы бола бастағанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

 

Мәселен, биыл Әуезов ауданында 57 жоба іске асырылады. Оның ішінде 41 ауланы абаттандыру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру және жаңа демалыс аймақтарын құру жұмыстары қарастырылған. Аталған жобалар Алматыда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

«Мен көпбалалы анамын. Демалыс күндері аудан бойынша балалармен серуендеуге шығып тұрамыз. Үй жанындағы саябақ абаттандырылды, қазір онда отбасымен уақыт өткізу ыңғайлы. Ойын алаңдары, спорт алаңдары пайда болды, тұрғындар үшін барлығы қарастырылған», деді Ақсай шағын ауданының тұрғыны Әлия Есболғанова.

ъ

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл Жетісу ауданында 34 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 24 аула аумағын, 2 жаяу жүргіншілер аймағын, саябақты, 3 скверді жөндеу және 3 автожол жүйелерін орнату жұмыстары қолға алынған. Оларды іске асыру үшін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қаржыландыру 2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

Тұрғындар өзгерістерге оң баға беріп, қала басшылығына алғыс білдірді.

«Біздің аула өзгерді, тап-таза әрі жайлы болды, гүлзарларға гүлдер отырғызылды. Біздің өтінішімізге назар аударылды. Көшелер әлдеқайда ұқыпты көріне бастады. Керемет жұмыс!», деді Жетісу ауданының тұрғыны Виктория Туғанбаева.

Аудан әкімдіктері тұрғындардың өтініштерін үнемі тыңдап, орындауға тырысады. Мәселен, бұған дейін Жетісу ауданындағы Кемел шағын ауданының тұрғындары қоқыстың уақтылы шығарылмағанына шағымданған. Қазір тазалық мәселесі айтарлықтай жақсарды, бұны тұрғындардың өздері де байқады.

«Көшелер әлдеқайда таза болды. Жаңа қоқыс жәшіктері орнатылып, қоқыс үнемі шығарылып тұрады. Қаланың тазалығын сақтайық!», деді Кемел шағын ауданының тұрғыны.

х

Жалпы, өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша Алматыда 236 жоба іске асырылды. Осы жылдың соңына дейін тағы 300-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бастамалардың едәуір саны қаланың Алмалы, Әуезов және Алатау сияқты аудандарында іске асырылып жатыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын қаржыландыру 2024 жылы 18,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын (2023 жылы - 12,9 млрд) атап өту қажет.

х