Парламент • 04 Желтоқсан, 2024

Кәсіпкерлер дұрыс жұмыс жасаса оларға ешкім айыппұл салмайды - Еділ Жаңбыршин

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында айыппұлдардың қолданыстағы нормасын азайтуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәсіпкерлер дұрыс жұмыс жасаса оларға ешкім айыппұл салмайды - Еділ Жаңбыршин

фото ашық дереккөз

Депутат өткен жолы Бюро отырысында қолданыстағы айыппұлдардың нормасын азайту мәселесі талқыланғаннан кейін, өзі зерттеу жүргізгенін айтты. 

«2023 жылы сәуір айында жергілікті атқарушы органдардан мемлекеттік қадағалау Үкіметке берілген. Осы уақыттан бүгінге дейін кәсіпкерлерге бірінші рет Заңды бұзғаны үшін 1059 әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл қандай Заңды бұзушылар? Өздеріңіз жақсы білесіздер, көбіңіз жергілікті жерде жұмыс жасадыңыздар. Бұл - бағаны дұрыс қоймау, бағаны тіпті қоймау немесе сөрелердегі тауарлардың бағасын азайтатын акциялар жазып қою. Мысалы 50 пайызға деп жазады, бірақ кассаға келген уақытта басқа бағаны алады.  Бұған қоса мерзімі өтіп кеткен тауарларды сату, немесе техникалық регламентке сәйкес келмейтін тауарларды сату әрекеттері біздің тұтынушылардың біріншіден құқын бұзады, екіншіден сауда ережесін бұзып отыр. Осындай кәсіпкерлер біздің арамызда бар. Міне бұл норма соларға арналған. Егерде ол екінші рет қайталанатын болса, оның айыппұлы үлкейеді. Сол 1059 айыппұлдан кейін  екінші рет заң бұзғандардың саны күрт азайып кеткен. Бар болғаны 47 факт тіркелген. Яғни, бұл норма жұмыс жасап жатыр деген сөз», деді Еділ Жаңбыршин.

Оның айтуынша Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропада, бүкіл озық мемлекеттерде тұтынушының құқығын шектеген немесе оның құқығын бұзған компаниялардың бәріне, кәсіпкерлерге үлкен айыппұлдар салады.  

«Британияда Бирмингем қаласында TESCO деген компания 400 грамм клубниканың бағасын дұрыс қоймай 500 мың долларға штрафталған. Чехияда пиво сататын Билль деген компанияға  сөреде басқа баға, кассада басқа баға қойғаны үшін  280 мың кронға штраф салады. Бұл біздің бағамен қазіргі курспен есептегенде 6 млн-ның үстіндегі ақша.  Біз ең бірінші кезекте әділ қоғам дейтін болсақ, онда тұтынушыны қорғауымыз керек. Үлкен супер, гипер маркеттерде кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар, картоп болсын, ұн болсын, шекер болсын, күріш болсын соған 20 теңге, 30 теңгеден қосады немесе 20, 30 пайызға  бағасын көтереді. Олардың қулығына әлеуметтік жағынан  қорғалмаған біздің азаматтарымыз зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы аналар бірінші алданады. Кәсіпкерлер осылай миллиондаған негізсіз пайда тауып отыр. Біз ол жағын да қарауымыз керек» деді депутат.  

Еділ Жаңбыршин бұл норма қазіргі таңда өзінің нәтижесін беріп тұрғандықтан асығыстыққа барудың қажеті жоқтығын айтты.

«Себебі, мынадай бір мәселе бар, кәсіпкер жақсы жұмыс жасайтын болса, ол заңды бұзбайтын болса, ол неден қорқады? Ештеңені бұзбаса, бағаны дұрыс қойса, әділ, ашық жұмыс жасаса, сапалы заттарды сатса сонда ешкім айыппұл салмайды. Ал егерде заң  бұзды ма, онда мемлекет алдында, халықтың алдында жауап беру керек», деді ол.