Жуырда Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы мәслихатының бір топ депутаты Жосалы, Әлімбет, Шәмші Қалдаяқов ауылдарындағы пошта бөлімшелерінің жабылуына байланысты жергілікті тұрғындардың білдірген наразылығын осы өңірден сайланған Сенат депутаты Амангелді Нұғмановқа жеткізді. Олардың пікіріне қарағанда, қазіргі таңда «Қазпошта» акционерлік қоғамы – ауылда пошта және банк қызметтерін көрсететін бірден-бір әрі аса қажет құрылым. Сондықтан да оның тұрғындар саны 2 мыңға жетпейтін ауылдық елді мекендердегі пошта бөлімшелерін жабу туралы шешімі, ең алдымен, зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарына теріс әсерін тигізеді. Өйткені олардың зейнетақы мен жәрдемақы алу үшін жақын маңдағы пошта бөлімшелеріне, әсіресе қыс пен көктемдегі жол бұзылған кезде баруы оңайға түспейді. Бұған қоса Қазақстан мен Ресей шекарасын Әлімбет ауылы арқылы кесіп өтетін азаматтар кедендік, салықтық және басқа да төлемдерді төлеуде қиындыққа тап болады. Ондай жолаушылар саны – күніне шамамен 1 500 адам.
Сенатор А.Нұғманов өз кезегінде Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онда «Қазпошта» АҚ-ның Ақтөбе облысында ғана емес, республика бойынша тұрғындар саны аз ауылдық елді мекендердегі экономикалық тұрғыдан тиімсіз пошта бөлімшелерін жабу туралы шешімі ауыл тұрғындарының үлкен ренішін туғызып отырғанын мәлімдеді.
«Бұл ретте «Қазпошта» АҚ-ның рентабельділігі туралы мәселеге қатысты мынаны атап өткіміз келеді. Оның қаржылық тұрақтылығы ауылда жылдар бойы қалыптасып, орныққан байланыс жүйесін бұзу арқылы ауыл адамдарының мүддесіне нұқсан келтіру есебінен реттелмеуге тиіс. Осы ретте бұл АҚ-ның бақылау пакеті мемлекетке тиесілі, ал негізгі функциясы халыққа қызмет көрсету екенін ұмытпауымыз керек. «Қазпоштаның» рентабельділігін қамтамасыз етудің өзге жолдарын іздестіріп, ауылдық елді мекендердегі пошта бөлімшелерін қысқартпау, яғни ауыл тұрғындарының онсыз да нашар өмір сүру жағдайын одан әрі төмендетпеу қажет», деді сенатор А. Нұғманов.
Депутаттық сауалға Үкімет қайтарған ресми жауапта Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы үш ауылдың пошта бөлімшелерін жабу туралы шешім оларды ұстауға жұмсалатын шығыстардың ұлғаюымен және көрсететін қызметтерге сұраныстың төмендеуіне байланысты қабылданғаны айтылған. Бұл ретте пошта және қаржы қызметтерінің әлеуметтік маңызы ескеріле отырып, Әлімбет және Шәмші Қалдаяқов ауылдарының тұрғындарына пошта байланысының жылжымалы бөлімшесі арқылы қызмет көрсету жалғастырылады. Ал Жосалы ауылы Қарғалы ауданының орталығы – Бадамша ауылындағы орталық операциялық учаскеге бекітілген.
Жалпы, елімізде былтырдан бері рентабельділігі төмен 167 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі жабылған. Себебі өткен жылы «Қазпошта» АҚ-ға ауылдық жерлерде қызмет көрсетуден келген шығын 17,5 млрд теңге болған. Бұған қолданыстағы тарифтердің нақты шығындармен сәйкес келмеуіне байланысты жол берілген. Мысалы, газеттер мен журналдарды жеткізу тарифі 2017 жылдан бері көтерілмей, 17 теңге мөлшерінде қалып отыр. Қазір осы қызметтің өзіндік құны 353 теңгеге жеткен. Сондай-ақ ауылды жерлерде зейнетақы мен жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді іске асырудың қолданыстағы тарифі – 247 теңге, ал өзіндік құны – 477 теңге. Яғни бұл қызметті көрсетуден түсетін кіріс те жұмсалған шығынды жаппайды.
Мамандардың айтуынша, ауылдық елді мекендердегі пошта бөлімшелерін сақтап қалу үшін «Қазпоштаның» қолданыстағы тарифтерін қайта қарау қажет. Бұған заңнамалық негіз бар. «Байланыс туралы» заңға сәйкес мерзімді баспасөз басылымдарын ауылдық елді мекендерге жеткізу жөніндегі қызметтер мемлекеттік бюджеттен субсидиялауға жатады. Ал субсидия көлемі шығыстар мен нақты кірістер арасындағы айырма ретінде айқындалады. Осыған орай қазір газеттер мен журналдарды жеткізу қызметінің тарифін 17 теңгеден 80 теңгеге дейін арттыру мәселесі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қаралып жатқан көрінеді. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жеткізу тарифін де көбейтпей болмайды. Әрине, мұндай шараларды іске асыру үшін «Қазпошта» АҚ-ның жыл сайын шегіп отырған зиянының орнын толтыруға бағытталатын субсидия көлемін ұлғайтпай болмайды.
Шынтуайтында, еліміздегі 1,2 мың тірек ауылдық елді мекеннің көбіндегі тұрғындар саны – 2 мыңнан аз. Соған қарамастан Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес олардағы рентабельділігі төмен пошта бөлімшелері сақталуға және жабылып қалғандары қайтадан ашылуға тиіс. Бұл да «Қазпошта» АҚ-ға бөлінетін субсидия көлемін арттыруды талап етеді.
Пошта бөлімшесі жабылған ауылдарда газет-журналға жазылу кемшін соғып, тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігі төмендейтіні, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету күрделене түсетіні анық. Өйткені аға ұрпақ өкілдерінің көбі мобильді телефон қосымшаларын қолдана білмейді. Ал интернет сапасы елорданың шеткері аудандарында әлі күнге пайдаланушылар шағымын туғызып отырғанын ескерсек, осы коммуникациялық желінің шалғай ауылдардағы жай-күйі тіпті шалағай екені айтпаса да түсінікті.
Түйіндей айтқанда, «Қазпошта» АҚ-ның ауылдардағы пошта бөлімшелерінің қызметінің әлеуметтік және рухани тұрғыдан мән-маңызы ерекше. Сондықтан да оларды тым құрығанда тірек ауылдық елді мекендерде сақтаудың түйінді мәселесін түпкілікті шешу қажет.