Үкімет • 05 Желтоқсан, 2024

Қазақ тілін мәдени құндылық ретінде қорғауды көздейтін құжат

186 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте депутаттар күн тәртібіндегі сегіз құжатты қарады. Оның ішінде үш заң жобасын екінші, тағы бір құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ палата отырысында мәдениет пен дипломатияға қатысты заң жобалары қаралып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен арадағы еркін сауда туралы келісім де депутаттар алдынан өткізілді.

Қазақ тілін мәдени құндылық ретінде қорғауды көздейтін құжат

Оператор жүйесін оңтайландыру қажет

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне диплома­тиялық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, құжат мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында әзірленген. Яғни заң жобасының негізгі ережесі артық егжей-тегжейлі нормаларды алып тастау, құқықтық олқылықтарды жою, заңнамалық актілерде тиісті саланың негіз қалаушы мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеуге бағытталып отыр. Мәселен, заң жобасында Сыртқы істер министрлігінің қайталанатын функциялары алынып тас­талды. Сондай-ақ құжатқа депутаттар тарапынан бірқатар түзету енгізілген. Айталық, ел шегінен тыс жерлердегі дипломатиялық қызмет органдарына бекітілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару тәртібін бекіту жөніндегі құзыретті Үкіметке беру ұсынылып отыр. Бұған қоса министрлік қызметінің ардагерлеріне бұрын халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған адамдарды теңестіру ұсыны­лып, халықаралық ұйымдардағы және еңбек қызметін аяқтаған дипломатиялық қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар әзірленіпті.

Дипломатиялық қызмет органдары­на қызметке кіру және еңбек қатынас­тарын тоқтату тәртібі нақтыланбақ. Соны­мен қатар теріс себептермен жұмыс­тан шыға­рылған азаматтардың диплома­тиялық қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салу алып тасталды.

«Бір тараптан Еуразиялық экономи­калық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да былтыр Санкт-Петербургте жасалған еркін сауда туралы келісімді ратификациялауға бағытталған. Бұл туралы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов айтты. Келісімнің мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда аймағын құру, сондай-ақ тауарларды серіктестің нарығына шығару және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға негізделіп отыр. Сонымен қатар комитет басшысы «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімге және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды. Бұл құжат Сингапурмен арадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталып отыр.

«Пошта туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты баяндама жасаған депутат Екатерина Смышляева «пошта опе­раторларының қызметі ел үшін үл­кен стратегиялық маңызы бар» деп отыр. Сондықтан бүгінгі таңда пошта саласының трансформация­дан өтуі – заңдылық. Алайда қазіргі қағаз хаттарды, мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері азайып келеді. Пошта байланысының логистикалық инфра­құрылымын жоғалтпау және дамудың оңтайлы жолдарын табу маңызы ескеріліп, бұл саланың жұмыс тәртібіне заңмен өзгерту енгізу қажеттігі айтылды.

Депутат Еділ Жаңбыршин де заң жобасын бірінші оқылымда қолдауды сұрады. Оның айтуынша, былтыр шығынға ұшы­раған «Қазпошта» биыл табысты ком­пания­ға айналды. Қазір ұлттық оператор өз қызметтерінің аясын кеңейтіп, көпфунк­ционалды және сапалы сервис­ке көшуге бағыт алды. Бұл орайда опера­тор жүйесін трансформациялаудан бас­қа, оның қызметіне қатысты заңнама­лық өзгеріс­тер қажет. Ал депутат Нұртай Сабильянов бұл құжатқа Мәжілістің барлық комитеті оң қорытындысын беріп, жұмыс тобына 61 түзету келіп түскенін жеткізді.

 

Дарынды оқушыларды қолдау тетігі

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға әкелді. Комитет төрайымы Снежанна Имашева құжат әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамадағы қоғамдық қатынастарды реттеуге арналғанын жеткізді. Әкімшілік заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін құжатқа жұмыс тобының отырыстарында депутаттар бірқатар түзету енгізген. Соның ішінде тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылық белгілеу көзделмек. Айыппұл салынатын субъектілердің тізбесі заң консультанттарымен толықтырылып, қоғамдық жұмыстар түріндегі жаңа әкімшілік жаза институтын іске асыру тетігі айтарлықтай пысықталған. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдай­ларда ішкі істер органдарының рөлі күшей­тіл­мек. Ал денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты әрекеттерге қатысты нормалар заң жобасынан алынып тасталды. Өйткені бұл құрамдарға қазір қылмыстық сипат беріліп, Қылмыстық кодекске енгізілген еді. Осы секілді қоғамда жиі айтылып жүрген айыппұл санкциялары, медиацияға қатысушылардың ісі, дербес кассациялық соттар құру секілді бірқатар бапқа түзету енгізу ұсынылған.

«Мәдениет туралы» заңға толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасы да Мәжіліс қарауына енгізілді. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл құжатқа қазақ тілін мәдени құндылық ретінде сақтау және қорғау мақсатында өзгерту енгізу көзделген. Бұған сәйкес, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау мақсатында жасанды нейрондық желілер технологиясына негізделген қазақ тілінің үлкен тілдік моделін жасау ұсынылды. Заң жобасында дарынды оқушыларды қолдауға көңіл бөлінеді. Депутаттың айтуынша, халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары назардан тыс қалып отыр.

«Дарынды балаларды қолдау үшін, заң жобасында ең беделді халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына ҰБТ-сыз университетке түсуге грант беру ұсынылды. Бұл – әділетті әрі маңыз­ды шешім. Екіншіден, «Болашақ» халық­аралық стипендиясын кеңейту. Жаңа заң жобасы бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігін беруді қарастырады. Бірақ бұл мүмкіндік тек халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда жеңіске жеткен дарынды балаларға арналған. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіруге көңіл бөлі­не­ді.Осылайша, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің «бас анықтамалығына» айналады. Төртіншіден, тәлімгерлік институтын заңнамалық реттеуге бағытталған арнайы нормалар қарастырылған. Бесіншіден, білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреттерін нақтылау бюрократияны азайту және білім беру жүйесін реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында енгізіліп отыр», деді А.Аймағамбетов.

Депутат Мұрат Әбенов заң жобасын қолдайтынын айта келіп, жастардың өтініш-тілегін жеткізді. Оның айтуынша, депутат арқылы жастар мәдениет және ақпарат саласының өкілдеріне дұғай сәлем жолдапты. Өйткені қазір тиісті министрліктердің қоғамда қабылданған заңдарды құрметтеуге шақыратын іс-шаралары көңіл көншітпейді.

«Жақында университеттегі студенттермен кездесуде қыз балалар маған бейнеролик көрсетті. Онда қыз баланы алып қашқан. Қасында бір адам көндіріп айтып отыр, ал қыз бала өз еркім­мен кел­генін айтады. Бұл – нағыз құқық бұзу­­шылық. Мәдениет саласы әншілер­дің «алып қашамын», «көресің, менің үйі­ме барасың, көнесің» деген сарындағы әндер­ді сахнада шырқап жүр. Ал Ұлттық құрыл­тайда Мемлекет басшысы қыз алып қашу­ды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде насихат­тағысы келетіндердің ісін мүлдем ақтауға болмайтынын айтқан еді», дейді депутат.

Ал депутат Еділ Жаңбыршин әріптесі көтерген мәселенің үлкен дертке айнал­ғанын айтып, алдағы уақытта қыз алып қашқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек екенін жеткізді.

Депутаттардың ұсынысын Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та қолдады.

«Бұл қоғамдағы өзекті проб­лема. Бұл туралы Президенттің де тиісті тап­сырмасы бар. Өкініштісі, орындалуы әлі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Алдағы уақытта Қылмыстық Кодекс пен Қыл­мыстық-процессуалдық кодексті қарайтын заң жобалары келгенде бұл мәселеге тек моральдық емес, заңдық тұрғыдан да баға берілуге тиіс», деді төраға.

Сондай-ақ палата «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Концессиялар туралы» Қазақ­стан Республикасы Заңының күші жойыл­ды деп тану туралы» заң жобалары­ның қоры­тындысын екінші оқылымда мақұл­дады. Құжат елдің жаңа Бюджет кодексі­нің жоба­сын іске асыру үшін әзірленіп отыр. Он­дағы енгізілетін түзетулер негізі­нен жаңа Бюджет кодексінде нысаналы салым және нысаналы аударым сияқты қаржы­ландыру тетіктерін алып тастауға, қоғам­дық кеңестердің талқылауына шығары­латын мәселелерді реттеу үшін бір құжатты ай­қындап, қайталануын болғыз­бауға, жаңа өкі­­леттіктер беру арқылы мемле­кет­тік сырт­­қы аудит органдарының қызме­тін ке­ңей­туге, мемлекеттік-жеке­шелік әріптес­тік са­ласындағы заңнаманы біріздендіруге арналған.

Жалпы отырысты қорытындыла­ған Мәжіліс төрағасы қаралған құжаттар­дың барлығы маңызды екеніне тоқтал­ды. Былтыр Президент Мәжілістің алдына жаңа экономикалық модельге көшу қажет­тігі туралы ауқымды міндет қойған. Осы­ған байланысты заңнамалық негіз біртін­деп қалыптасып келеді. Спикердің айтуын­ша, депутаттардың тарапынан айтылған сын-ескертпелердің барлығы қаралып жат­қан кез келген заң жоба­ларында ескері­ліп, Үкіметтен келген кодекс­тің жобасы­на депутаттардың тарапы­нан өте үлкен концептуалды өзгеріс­тер енгізілді. Ендігі жерде Парла­мент­те республикалық бюджет жобасын тал­қылау кезінде квазимемлекеттік сектор­дың ұстанымы ашық режімде тыңдал­мақ. Осы арқылы ашықтық пен есептілік­ті қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдар­дың тәртібін күшейтуге болады. Ал бұл азаматтардың мемлекет қаржысына деген сенімін арттыратыны сөзсіз.