М.Әшімбаев елімізде ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен отандық ғылымның әлеуетін нығайту және барлық салаға инновацияны кеңінен енгізу жөнінде жүйелі шаралар қабылданып жатқаны да сөз болды.
Сұхбат барысында тараптар білім беру және ғылыми зерттеу жұмыстарының келешегіне, сондай-ақ әртүрлі салада жаңа технологиялар мен инновациялар әзірлеу ісіне ерекше назар аударды. Осы орайда Сенат пен Назарбаев университеті жанындағы Зияткерлік жүйелер және жасанды интеллект институты арасындағы іс-қимылды одан әрі дамыту мәселесі сөз болды.
«Зияткерлік жүйелер институтымен ынтымақтаса жұмыс істеу жасанды интеллект технологияларына арналған нормативтік-құқықтық база әзірлеуде маңызы зор. Гранттық бағдарламалар сияқты жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді ынталандырудың да берері мол деп есептейміз. Университеттің осы бағыттағы ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу тиімді және прогрессивті құқықтық орта қалыптастыруға ықпал етеді», деді М.Әшімбаев.
Кездесу кезінде Сенат спикеріне Назарбаев университетінің қазіргі қызметі, алдағы жоспары және бірлескен жобалар мен бастамалар жөнінде мәліметтер берілді.