Еліміздегі тыныштық, бірлік, адами сыйластық ырысты елдің үлгілі істерін әлемге паш етіп отыр. Қостанай облыстық баспасөз клубына Ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен түрлі партиялар белсенділері бас қосты. Олар алдымен еліміздегі өте маңызды саяси оқиға Президент сайлауының әділ және табысты өткенін айтты. Демократиялық ұстанымды ұстанған еліміздегі бірнеше партиялар бар. Бірақ олардың ойлағаны «аққу, шортан, шаянның» кебі емес, елдің бірлігі, ынтымағы, дамуы екен. Партиялардың Қостанай өңіріндегі филиалдарының өкілдері оны ісімен дәлелдеді. «Нұр Отан», Қазақстан Коммунистік халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, «Бірлік» және «Ақжол» демократиялық партияларының жергілікті жердегі белсенділері ынтымақтаса отырып, Қазақстан халқының бірлігі, Отан қорғаушылар күнімен және Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Қостанай облысы тұрғындарына құттықтау хат жолдады. Басқосуда партиялар өкілдері өздерінің облыстық филиалдары атынан осы құттықтау хатқа қол қойды. Мұндай шараны Қостанай облысы еліміз бойынша бірінші рет өткізіп отырғанын да айта кеткен жөн.
– Ұлы Отан соғысы біздің ортақ тарихымыз, аталарымыз өзінің қанын төгіп, өмірін беріп, фашизмнен елді, жерді қорғап қалды. Қазір тыныштығымызға сына қаққысы келетін кейбіреулер біздің тарихымыздың өзінен ілік тапқысы келеді. Ал оны өзінің арам пиғылына пайдаланғысы келетіндер де табылмауына кім кепіл? Қай партия болса да, алдымен елдің тыныштығын сақтауға атсалысуымыз қажет. Бүгін қостанайлықтарға бірігіп жазып отырған мерекелік хатымыз сондай игі жұмыстарымыздың бірі деп білеміз, – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Сергей Богатырев. Құттықтау хат: «Құрметті қостанайлықтар! Сіздерді бейбітшілік пен келісімнің, ерлік пен қайсарлықтың мерекелері Қазақстан халқының бірлігі күнімен, Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймыз! Ардагерлеріміздің майданда көрсеткен ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Соғыстағы аталар қанымен, тылдағы әжелеріміздің маңдай терімен келген бейбіт өмірдің салтанатын еліміздің жастары жалғастыратынына сенеміз. Олар ерлікті ұмытпайды», деген жолдармен басталады.
Партиялардың Қостанай өңіріндегі белсенділері бүгінгі уақыттың күрделі екендігін де еске салды. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс көп елдерді қусырып келеді. Сонымен қатар, тасада тұрып тас атып, бөтен елді бүлдіріп пайда табатындар да әмбеге аян. Партиялар белсенділері оларға қарсы қару – елдің тастүйін бірлігі, ынтымағы ғана екенін айтты. Партиялар Жеңіс мерекесінде жастарға патриоттық тәрбие беретін шаралар жоспарын да бөлісті. Мысалы, нұротандықтар Жеңіс мерекесінде «Менің атамның портреті» деген кең көлемдегі акцияны жалғастырады, социал-демократтар соғыс ардагерлеріне гүл шоқтарын сыйлайды, ал коммунистер майдангерлермен кездесулер өткізуді межелеп қойды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.