Мәдени кеш бастауында қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева лебіз білдірді.
Өз заманында әкесі Дүзбенбеттің тәрбиесімен бала Жиенбай жастайынан бағзы өнердің байрағын көтеріпті. Жалпы, Сырда жыраудан отызға тарта мақам қалған деседі. Дәуірлерден өрнегі бұзылмай жеткен дәстүрлі өнерді ерекше насихаттайтын топырақта «Көрғұлы» жыры Жиенбай нұсқасымен жырланады. Әйгілі Тұрмағанбет ақын «Есенжан, Жүсіп, Жиенбай, жүйріктері заманның, отарбадай әр жерден, көрінетін бір-ақ бұрқылы…» деп бағалаған жырауды ақын Қуаныш Баймағанбетұлы «Жиенбай жыр дүлдүлі Кетедегі, шәкірт қып көп шайырды жетеле. Баласы Рүстембек о да жүйрік, демейді Жиенбайдан бөтен еді…» деп жырға қосқан.
Жиенбайдан баласы Рүстембекке, Рүстембектен ұлдары Көшеней мен Бидасқа жалғасқан бағзы өнер атадан балаға сабақтасып келеді.
Жыр додасында Жиенбай жыраудың шығармашылығы насихатталып, «Көрғұлы» дастанын ұрпағы Бидас Рүстембеков жырлады.
Мәдени кеште халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Байбол Көшеней, Әділхан Қуанбаев, Айгерім Ешбаева өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленді.
ҚЫЗЫЛОРДА