Сурет: gov.kz
Кездесу барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметшілердің қажетті дағдылары мен құзыреттерін жетілдіру үшін барлық жағдай жасалғанына тоқталып, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету және кәсіби мамандарды тарту мақсатында енгізілген заңнамалық бастамаларды жүзеге асырудың тиімділігі туралы айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігін және әдептілік мінез-құлықтың жоғары стандарттарын сақтауы, коммуникациялық дағдыларын үнемі дамытуы маңызды екеніне ерекше назар аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгергенін атап өтті. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екенін алға қойды. Бұл айтылған міндеттер мемлекеттік қызметшілердің рухани-адамгершілік әлеуетін жетілдіруді және адами құндылықтарға бастайтын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» идеясын олардың санасына орнықтыруды талап етеді, – деді Д.Жазықбай.
Баспасөз туры аясында агенттік өкілдері мемлекеттік қызметтің гибридті моделі негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, персоналды бейімдеу, тұрақтандыру және ынталандыру негізінде HR-үдерістерді жетілдіру, сервистік және адамға бағдарлану қағидатын ілгерілетуге бағытталған жоспарларымен бөлісті. Бұл шаралар мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында жоспарланыпты.
Бұған қоса кездесуде мемлекеттік қызметке іріктеу және оны өткеру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту саласындағы негізгі жетістіктері атап өтілді. Кейін қатысушыларға мемлекеттік қызметке онлайн іріктеуді жүргізуге мүмкіндік беретін «eQyzmet» сыртқы порталының жұмысы таныстырылды.
Сонымен қатар «Жаңа формация басшысы» мемлекеттік саяси қызметшілерге арналған курстарда оқудың қалай өткізілетінін көрді. Жаңа формация басшылары үшін әділдік, ашықтық, мемлекетшілдік және халыққа адал қызмет ету қағидаттарын сақтаудың маңызына басымдық беріледі.
БАҚ және медиа өкілдері агенттік төрағасына мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға қатысты сұрақтар қойып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысында Д.Жазықбай Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын іске асыруда мемлекеттік органдардың БАҚ өкілдері және азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құруының маңызын атап өтіп, қатысушыларды белсенді ынтымақтастыққа шақырды.