Қос нысан бір күнде ашылып, ауыл тұрғындары мәре-сәре болды. Ескелді би аулында 3200 адам тұрады. Елді мекенде 30 жылдан астам уақыт бойы мұндай нысандар болмаған. Бір-біріне жақын орналасқан жаңа Мәдениет үйі мен ДСО заманауи талаптарға сай, мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға, бос уақытты тиімді өткізуге қажетті жағдайлар жасалған. Қос нысанның құрылысы осы жылдың мамыр айының соңында басталған еді.
«Мен осы ауылда туып-өстім. Аулымыздағы қазіргі оң өзгерістерді көргенде қуанамыз. Бұрын жас спортшы балаларымыз 7 шақырым жердегі Үштөбеге барып жаттығуға мәжбүр болатын, бұдан былай ешқайда бармай-ақ осы ауылда жаттығады. Сол сияқты жаңа мәдениет үйіміз де бар. Бізде 90-жылдардан бері мәдениет үйі де, спорт кешені де болған жоқ. Енді спортпен де, шығармашылықпен де айналысуға болатын сәулетті, заманауи ғимараттарымыз көзқуанышымызға айналды», дейді жергілікті тұрғын Елизавета Шин.
Жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын екі қабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратында ойын залдары, бокс, күрес, жаттығуға арналған зал бар. Күрес, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді. Ал жаңа мәдениет үйі 150 орынға лайықталған. Онда акт залы, оқу залы бар кітапхана орналасқан. Вокал, домбыра, қобыз, би үйірмелерін ашу жоспарланып отыр. Екі жаңа нысанның іске қосылуының арқасында ауылда 30 тұрақты жұмыс орны ашылды.
«Ауылды дамытуға аса қажетті нысандардың салынғанына қуаныштымыз. Бұл ең алдымен, жастарға, сосын бізге, яғни аға буынға да қажет. Осындай игі жаңалықтар көп болсын», дейді қуанышын бөліскен ауыл ақсақалы Төлеухан Сүттібаев.
Биыл өңірде жаңа бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылды. Айталық, Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Оның бесеуі пайдалануға берілді, қалған алтауын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген.
«Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес, Жаңалық ауылдарында 180, 120 орындық екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады. Ал Қарабұлақ аулындағы орта мектеп пен Елтай аулындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарабұлақ аулындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет аулындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды», деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Айта кетелік, осы жылы М.Мәметова атындағы, Қоңыр аулындағы орта мектептер мен М.Баисов аулындағы балабақша күрделі жөндеуден өткен. Одан бөлек, Алдабергенов аулындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қабылиса жырау атындағы, Қайнарлы ауылдарындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынған. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылған.
Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді, Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Медпункт Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі аулында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов аулындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы іске қосылады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 аулында жақсарады.
Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қаратал аулында жүз орынға арналған Мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр, Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілген. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады. Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға, жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд теңге бөлінген.
Жетісу облысы,
Қаратал ауданы