01 Мамыр, 2015

Бұл сайлауға халық рухани, саяси тұрғыдан өсіп, біртұтас болып жетті

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
С.Елубай29 сәуір күні Елбасын ұлықтау рәсімі өтті. Біз залда отырдық. Тәуелсіздік сарайы адамға лық толы болды. Сайлауда халық Елбасына қалай қолдау көрсетсе, ұлықтауда да республиканың түкпір-түкпірінен жиналған ел дүрілдеген қолдауын көрсетіп отырды. Тағы бір айтатын нәрсе, осы салтанатқа түскеннен кейін бізге алынбайтын асу жоқтай көрінді. Елбасының сөзі де өршіл, күрескерлік рухта алға қойған мақсаттарға жетеміз деген сенімде шықты. Мемлекет басшысы кісі өте жоғары рухта сөйледі. Ұлықтау рәсімі көтеріңкі көңіл күйде өте тамаша өтті. Біз Қазақстан Президентінің сайлау учаскесіне барып өз таңдауымызды жасадық. Әрине, таңдауымыз Нұрсұл­тан Назарбаев болды. Бұған екі себеп бар. Соңғы 22-23 жылдағы біздің өміріміз тыныш болды. Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақты даму болды. Қазір «Қазақ хандары» деген 10 сериялы тарихи көркем фильмнің сценарийін жазып, аяқтап қалдық. Тарихты ақтарғанымызда, қазақ қазақ болғалы, V ғасырдың ортасынан бері, әсіресе, алғашқы ғасырда жыл сайын деу­ге болады, қазаққа жер бетінен жойылып кету қаупі төнген екен. Өйткені, оны өңшең жау мемлекеттер қоршап отырды. Ұлан-байтақ жерімізден айырылып қалмау мақсатында үнемі қырғын заманды бастан кешіріп отырдық. Ал енді қазақ қалай аман қалды? Ненің арқасында бүгінгідей заманға жетті? Бұған жеткізген – хандар мен халықтың бірлігі. Барлық қасіреттен қазақты алып шыққан тек бірлік болды. Жоғарыдағы сценарийді жазу барысында қызық мәліметтерге тап болдық. Ол дәл сол Керей Жәнібек, олардың балалары Мұрындық, Қасымның тұсындағы Қазақ хан­ды­ғының сыртқы саясаты бейбітшіл болған екен. Бейбіт көршілікті ұстанған. Ең қызығы, сол саясат әлі күнге дейін жалғасуда. Адам таңғаларлық жағдай. Әйтпесе, М.Дулати жазбақшы, Жошыдан кейін ең құдіретті хан Қасымхан болды дейді. Өйткені, оның қол астында 300 мың әскері болған. Сол 300 мың әскерді басқыншылық бағытта, өз замандасы Мұхаммед Шайбани сияқты мақсатта пайдаланған болса, онда сол кездің өзінде бұл төңіректегі әлем картасы өзгеріп кететін түрі бар екен. Себебі, ондай құдіретті әскер сол жылдары Еуразия кеңістігінде болмаған. Оның есесіне, еліміз елдігі мен өз жерін сақтады. Сол саясат бүгінге дейін жалғасуда. Әсіресе, тәуелсіздік тұсындағы Қазақ­станның ашық та айқын саяса­ты бейбітшілік болды. Соның арқасында еш елмен жанжал болған жоқ. Қазақстанның өз ішіндегі ұлттар мен ұлыстар арасында кикілжің туындамады. Бұл – әлем таңғаларлық саясат. Әйтпесе, соңғы 22 жылда бұл төңіректе қан майданға кіріп шықпаған халықты табу қиын. Біздің негізгі байлығым да – тұрақтылық, бейбітшілік, тату көршілік. Біз осы бағытта елді басқарып келе жатқан, әлемге әйгілі Көшбасшымызды сайладық. Содан кейін осы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан үлкен бір ерекшелігі болды. 90-жылдардың басынан бері халық сайлауға белсене араласып келеді. Дәл осы сайлауда халықтың ауызбірлігі көрініс берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын айқын қолдау көрініс берді. Яғни, еш дау-жанжалсыз, халық сайлау учаскелеріне кімді сайлайтындарын біліп барды. Жалпы, осы жылдарда Қазақстанның біртұтас халқы қалыптасты деуге де болады. Әйтпесе, Кеңес Одағы құла­ғаннан кейін ең бірінші аласапыран ел Қазақстан болады деп болжам айтқан еуропалық сарапшыларды да білеміз... Еліміз сол тар жол, тайғақ кешуден өтті. Осы сайлауға саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да өсіп, біріккен біртұтас елге айналып жетті. Бұл сайлаудың ең үлкен жеңісі осы!  Смағұл ЕЛУБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. АЛМАТЫ.