Фото: Sputnik
Хабар арнасының ақпаратынша, алмалы шаһардың әкімдігі құрылыс сапасын бақылау үшін жаңа ережелерді енгізіп, үш мектепте бір мектеп-лицейде және жеті балабақшада сейсмикалық күшейту жұмыстарын аяқтамақ.
Жылжымайтын мүлік агенттігінің аға менеджері Денис Вайншток Алматыда пәтер бағасының төмендеуіне экономикалық әрі табиғи факторлар әсер еткенін айтты.
«Мысалы, жыл басында 65 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтердің құны 70 миллион теңге болатын. Қазір 55-53 млн теңге төңірегінде. Яғни бағасы ай сайын 2-3 миллионға төмендеді. Бір бөлмелі пәтерлер де бар. 40 миллион теңгенің пәтерін қазір 29-30 миллионға алуға болады. Қазір пәтер құны біртіндеп зейнетақы қорынан ақша алғанға дейінгі кезеңдегі бағаға төмендеп келеді. Жас клиенттер сейсмикалық жағынан төзімді үйлер қайсы деп сұрайды. Үлкендері өздері де біледі. Жастар 3-ші қабаттан жоғары алғысы келмейді. Дегенмен анау-мынау бола қалса оған қарамайды. Бірақ адамдар осылай топшылайды. Осылайша жоғарғы қабаттағы пәтерлер аздап арзандады», дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің аға менеджері Денис Вайншток.
Алматыдағы ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізіліп жатыр. Паспорттаудың бірінші кезеңі 2017-2018 жылдары өтсе, екіншісі былтыр қазанда басталған. Маңызды тексеруді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты жүргізуде. Тексеру қорытындысына сай жаңа ереже бекітілсе, сәулет-құрылыс бақылау органдарының қадағалау құзыреті күшейеді.
«Себебі жобалау бір бөлек, құрылысты сол жобаға сай сапалы жүргізу бір басқа. Әсіресе тау бөктерінде маңызды. Құрылыс аумағын үлкейту үшін компаниялардың жотаны кесіп немесе сайларға топырақ төгетіні жасырын емес. Нысанның жобалауға дейінгі құжаттарын бақылау күшейді. Егер ғимаратта тіреу қабырғалары жоспарланса, оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге міндетті. Өйткені бұл өте маңызды», дейді Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Боранбаев.
Ал қазір Алматыдағы тұрғын үй нарығында тұрақтылық байқалып отыр.