Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған өкілі Юрий Оксамитныймен кездесуі өтті.
Омбудсмен оның мекемесі мен ЮНИСЕФ-тің арасындағы соңғы жылдарда қалыптасқан жемісті ынтымақтасудың маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде, халықаралық сарапшыларды жүйелі негізде тарта отырып, институттық мекемелердегі балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін зерттеу жүргізілді, балалар мекемелеріне мониторинг өткізу үшін оқу құралдары мен өзге әдістемелік құжаттар әзірленді, тренингтер мен семинарлар өткізілді.
Қазақстанда БҰҰ-ның Балалар қоры мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арасындағы ынтымақтастық туралы жасалған меморандумның аясында елдегі бала қорғау жүйесін нығайту бойынша бірлескен жұмысты жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясатында алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда алдағы ынтымақтастықтың басым қырларын талқылады.
Кездесудің қорытындысында, әр тарап Қазақстанда балалар құқығын қорғау жөніндегі орнықты әрі біріктірілген жүйе құру бойынша өзара әрекеттестікті нығайтуға деген ниеттестіктерін білдірді, деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.