Фото: egemen.kz
Тілек Сұлтан - Ұлы даланың ұлттық қолөнерін зерттеуші ғана емес, қалпына келтіруші, дәріптеуші. Бүгінгі көрмеде этнодизайнер өзі тіккен және жинақтаған түпнұсқа 30 кимешекті көпшілік назарына ұсынды. Ол өткен кезеңде үш жүздің хасаба, кимешек киюі мен шылауыш орауы түрлі болғанын, тіпті әр ру-тайпаның кимешек тігу, кию үлгісі сан алуан болғанын түсіндірді.
«Кимешек - көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық және тазалық ерекшеліктеріне, әйелдің моральдық-этикалық талаптарына байланысты пайда болған қазақ әйелдерінің бас киімі. Жалпы халқымызда қыз бала дүниеге келгеннен бастап 10 рет бас киім ауыстырады. Туғанда құлақшын, бала шақта бөрік, ұзатыларда сәукеле кисе, жас келін бала тапқанға дейін қызыл желек таққан. Осы қызыл желекпен жүру үрдісі бүгінгі күні сақталмай отыр. Байқағаным өзбек халқы осы салтты әлі күнге дәріптеп жүр. Ал кимешекті балалы болған аналар киген, яғни кимешек ана атанғанның белгісі. Өңірінің көкіректі жауып тұруы бала емізгенде де өте қолайлы болған», дейді этнодизайнер Тілек Сұлтан.
Көрме барысында Тілек Сұлтанның шебер қолдарынан шыққан ұлттық киімдер дефилесі өтті. Көрсетілім барысында автор төбелік, ою-өрнек сынды кимешек детальдарын кию жас ерекшелігіне қарай түрленетінін тілге тиек етті. Мәселен, 40-қа дейінгі әйелдердің кимешегі қызыл жіппен әдіптелген. Ол адам өмірінің көктемін аңғартса, 50-ден асқан аналарымыздың бас киімі сары, алтын жіптермен көмкеріледі. Бұл біріншіден өмірдің күзі сынды болса, екіншіден әйелдердің болысқан-толысқан шағын, әлеуметтік жағдайынан да хабар береді. Ал 60-тан асқан аналарымыздың кимешегі ақ жіппен әспеттеледі. Ол өмірдің қысы келгенін тұспалдайды.
Тілек Сұлтан жиналған қауымға кимешек киюдің философиялық астарын ақтара отырып, оны тағу мен шылауыш ораудың үлгілерін де көрсетті.
Жоғарыда атап өткен кимешек дефилесін этнодизайнердің анасы Жібек Әділханқызы бастап шықты.
«Тілек отбасымыздағы үшінші ұл. Ол бала кезінен тігінге әуес болып, әжесі мен менің қасымда көп үлгі алды. Өсе келе осы ұлттық бас киім кимешекті, оның кестесін тігіп қана қоймай, әр рудың кимешектерінің түпнұсқасын тауып, зерттеп жүр», дейді Жібек Әділханқызы.
Ұлттық бас киімді ұлықтаған көрмені ұйымдастыруға «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы-этнолог Тұрар Шәкен ұйытқы болса, кимешек тарихымен қауыштырған шараға Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі «Руханият» КММ қолдау көрсеткен.
Ұлттық құндылықтардың құнын құлдыратпай шалқар шабыт, ілкімді ізденістермен дәріптеп жүрген Тілек Сұлтанның осы сипаттағы көрмелері Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетелдердегі байқауларда көрермен көзайымына айналғанын атап өткен жөн.