Осы проблема айтылудай-ақ айтылып, жазылып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, одан нәтиже шамалы. Сондықтан тағы қайталап айтуға мәжбүрміз, кеңес одағы кезінде дайындау кеңсесінің (заготконтор) азаматтары ауыл-ауылды аралап, жүн-терімен қоса, сүйек-саяқ жинайтын. Елдегілер де жүн-жұрқа, сүйек-саяғын шашау шығармай жинап, бұйырған тиын-тебенге өткізуге тырысатын. Осы үрдісті қайтадан неге жаңғыртпасқа?
Егер жинап әкелінген осы бағалы шикізатты өңдеп, кәдеге жарататын болсақ, көп нәрсені сырттан алмай, өзімізде өндіруге де кең мүмкіндік ашылар еді. Әрине, ол үшін үлкенді-кішілі өңдеу, тігу кәсіпорындары керек. Үкімет бастап, қолынан іс келетін ілкімді азаматтар қостап, осы маңызды мәселені неге қолға алмасқа? Біріншіден, көптеген жұмыс орны ашылып, екіншіден, елді мекендер іріп-шіріп, айналасына неше түрлі ауру шашқан тері-терсектен құтылар еді.
Осындайда бала күніміз еске түседі. Үйдегі ана-әжелеріміз қолдары қалт еткенде жүн түтіп, ұршық иіретін. Жүн түтуге қыз-келіншектер де атсалысатын. Нәтижесінде, есік алдарында кез келген үйден ұлттық нақыштың иісін аңқытатын киіз басылып, алаша тоқылып жататын. Одан қалса, ана-әжелеріміз балалар мен үлкендерге жемпір, бөкебай, биялай, шұлық, тағы басқа киім-бұйымдар тоқитын.
Қазір соның бірі жоқ. Айтпасқа болмайды, бүгінде жүн түтіп, ұршық иірмек түгілі, ауылда тұрып сиыр саумайтын, бие байламайтын келіндер көбейіп келеді. Бұл үрдіске енді кері жол жоқ сыңайлы. Өте өкінішті.
Мейрамбек ӨМІРБАЙҰЛЫ,
ауыл тұрғыны
Ақмола облысы
Өнерлі азаматты еске алды
Ұлтына қызмет еткен аяулы ұл-қыздарының есімін ардақтап, ұлықтап отыру – халқымыздың қашаннан қанына сіңген асыл қасиет. Ал ондай жандардың есімі дүниеден озғаннан кейін де ұмытылмай қайта жаңғырып жатса, одан асқан құрмет бола ма?
Жаңа мекенге қоныс аударғанына көп бола қоймаған Шымқаладағы Жасөспірімдер кітапханасының ұжымы тағылымды-танымдық іс-шара өткізді. «Мен өлмеймін, қалдырған әнім барда» атауымен ұйымдастырылған еске алу кеші ақын, сазгер, әнші Өмірзақ Оспановтың шығармашылығына арналды. Атаулы жиынға арнайы келген марқұмның ағайын-туыстары, өнердегі әріптес достары, колледж студенттері мен мектеп оқушылары көп болды.
Мәдени іс-шара алдында келушілер өнер иесінің шығармашылығына арналған «Дарабоз дарын» атты көрмені қызыға тамашалады. Мәдениет саласының үздігі, танымал әнші Абылайхан Оспановтың орындауындағы марқұмның қызы Ләззаттың «Әке, мен сізді сағынып жүрмін» әні жиналғандардың жанарына жас үйірді.
Сұлу Сырдың бойында дүниеге келген болашақ термеші, сазгер Өмірзақ Оспановтың бар саналы ғұмыры оңтүстік өңірінде өтті. Дарынды сазгер – көпке белгілі «Бәйдібек баба», «Домалақ ана», «Шымкентім – шырайлым», «Арман», «Ағалар-ай!» секілді көптеген әннің авторы. Ол сондай-ақ термешілер мен патриоттық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Еліміздің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесінің айғағындай, Шымқаладағы «Шәмші әлемі» гүлзарында ашылған «Жұлдыздар аллеясында» есімі тасқа қашалып жазулы тұр.
Еске алу кешінің барысында оған қатысушылар «Өнерім – өмірім» атты бейнебаянды тамашалап, іс-шара иесінің ішкі-сыртқы әлеміне үңілгендей болды. Ал мазмұнды да әсерлі өткен еске алу кешін Шымкент қалалық Жасөспірімдер кітапханасының директоры Раушан Бабажанқызы қорытындылап, марқұмның зайыбы Дана Оспановаға сый-құрмет көрсетті. Соңынан дастарқан жайылып, ақын, сазгер, әншінің рухына Құран бағышталды.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
кітапқұмар
ШЫМКЕНТ
Ойын уақыты ауыстырылса игі
Кейінгі кездері «Барыс» хоккей клубы туралы әңгіме қөбейіп тұр. 2024–2025 жылғы Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) чемпионатының екі айы өтпей жатып командаға жаңа басшы тағайындалып, екі шетелдік бас бапкер орындарын босатып үлгерсе, оның үстіне сырттан шақырылған қымбат легионерлерден бас тартылып, ұжым мүлдем тұралап қалмасын деп аттөбеліндей ресейлік хоккейшілер ғана қалдырылса, әңгіме желдей еспегенде қайтсін?
Десек те олардың орнын өз командасымен жергілікті маман, сонымен қатар ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев пен негізінен қазақ жастарынан құралған ойыншылар басқаны көптеген көңілді сабасына бір түсіріп тастағаны анық. Өйткені құрамаға көп ойыншы «Барыстың» сапынан шақырылатыны тағы мәлім. Осы тұрғыдан келгенде, елордалық команданы құраманың бас бапкері жаттықтырғаны өте орынды көрінеді.
Ал командадағы ауыс-түйістің себебін астаналық клубтың тағдырына бейжай қарамайтын кез келген жанкүйер біледі: біріншілік басталғаннан кейінгі алғашқы турларда «Барыс» жеңілістен көз ашпады. Сөйтіп, турнир кестесінің ең соңғы орнында қалып қойды. Команданы өрге сүйрейді деп күтілген легионерлерден де еш қайран болмады. Канадалық бас бапкер Дэвид Немировскиді ауыстырған ресейлік Вячеслав Буцаев та жағдайды өзгертуге қауқарсыз болып шықты. Міне, осыдан кейін командада түбегейлі өзгеріс жүрді. Мұндай шешімнің қабылдануына бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз спортына дендеп еніп кеткен қымбат легионерлерден бас тарту керектігі жөнінде айтқан сөзі түрткі болды десек, ақиқаттан тым алшақ кетпейтініміз анық.
Әрине, қазір де «Барыстың» жағдайы аса жақсарып кетті дей алмаймыз. Өйткені команда сапында ҚХЛ деңгейінде тәжірибе жинап үлгермеген жастар көп. Бірақ қазақ хоккейінің болашағы солардың қолында екені күмәнсіз. Тек бүгінде оларға жанкүйерлердің қолдауы аса қажет. Ал көптеген жанкүйер 19.00-де басталатын ойындарға жұмыстан шығып үлгермей қалып жатыр. Сондықтан осы мәселені шешетін орындарға бүкіл астаналық хоккей сүйер қауымның атынан ойындар уақыты бұрынғыдай 19.30-ға ауыстырылса деген өтініш-тілегіміз бар.
Хамза ТАШАУОВ,
жанкүйер
АСТАНА