Сурет: gov.kz
- Жуырда ғана УЕФА Чемпиондар лигасының топтық турнирінде екінші орын алып, «Төрттік финалының» жолдамасынан қағылған «Семей» футзал клубы келесі жылы сол олқылықтың орнын толтыруға мықтап кірісті. Күні кеше ғана Абай облысында жасақталған команда өз қатарын 24 жастағы Ресей құрамасының белді мүшесі Камиль Герейхановпен толықтырды. Бұған дейін «Тюмень» клубында өнер көрсеткен ол өз елінің чемпионы атанып, жасөспірімдер Олимпиадасында күміс медальды иеленген.
- Гандболдан Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатында еліміздің әйелдер құрамасы екінші кездесуінде Оңтүстік Кореядан 20:30 есебімен ұтылды. Алғашқы матчта жерлестеріміз Қытайды қапы қалдырған еді. Енді олар Сингапурмен сайысқа түседі. Әр топтан үздік шыққан екі команда плей-офф бәсекесінде бақ сынайды.
- Ертең Бейжіңде шорт-тректен World Tour сериясының үшінші кезеңі басталады. Бұл жарыста еліміздің намысын Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Айбек Нәсен, Ольга Тихонова, Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Мәдина Жанбосынова, Зейнеп Құмарқан қорғайды.
- Танымал футболшы Самат Смақов Талдықорғанның «Жетісу» клубының бас бапкері болып тағайындалды. Кезінде ол «Елімай», «Ертіс», «Ростсельмаш» (Ресей), «Жеңіс», «Қайрат», «Ақтөбе», «Ризеспор» (Түркия), «Ордабасында» ойнады. 16 жыл бойы ұлттық құраманың намысын қорғап, 76 рет жасыл алаңға шықты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Кейінде еліміздің бірқатар командасында директор болды, жаттықтырушылық қызмет атқарды.
- Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» қатарынан алтыншы рет жеңілді. Бұл жолы елордалық клуб Астанада Мәскеудің «Спартагынан» 2:4 есебімен ұтылды. Келесі ойынын «Барыс» ертең Череповецте жергілікті «Северстальға» қарсы өткізеді.
- Волейболдан Ұлттық лиганың ІІ турының алғашқы күні аяқталды. Бұл бәсекелерде мынадай есептер тіркелді: «Жетісу» – «Ару-Астана» 3:0 (25:17, 25:21, 25:14), «Қуаныш» – «Алматы» 3:0 (25:18, 25:20, 25:19), «Ертіс» – «Грация KZ» 0:3 (23:25, 21:25, 15:25), «Тұран» – «Ақтөбе» 2:3 (17:25, 25:16, 25:17, 18:25, 12:15), «Берел» – «Қарағанды» 3:0 (25:8, 25:21, 25:16).
- Аты-жөні орысша болғанымен тегі қазақ Сергей Липинец (18-3-1, 13 КО) кәсіпқой рингтегі келесі кездесуін келер жылдың 1 ақпанында Лондондағы «Уэмбли Аренада» өткізеді. Әлі жеңілістің кермек дәмін татпаған Ұлыбританияның өкілі Адам Азиммен (12-0, 9 КО), айқасады. Бірінші жартылай орта салмақта өтетін бәсекеде IBO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иегері анықталады.
- ВТБ лигасында бақ сынап жүрген «Астана» баскетболшылары Қазанда жергілікті УНИКС-тен бақандай 53 ұпай айырмашылығымен ұтылды. Есеп – 38:91 (12:26, 6:13, 10:30, 10:22). Осылайша, елімізде жасақталып, мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы алып отырған команда биылғы маусымда қатарынан 17 кездесуде жеңіліс тапты.
- 2025 жылы АҚШ-та жалауы желбірейтін клубтық әлем чемпионатына қатысатын командалар қандай себетке түскені белгілі болды: 1 себет – «Манчестер Сити» (Англия), «Реал» (Испания), «Бавария» (Германия), ПСЖ (Франция), «Фламенго» (Бразилия), «Палмейрас» (Бразилия), «Ривер Плейт» (Аргентина), «Флуминенсе» (Бразилия). 2 себет – «Челси» (Англия), «Боруссия» (Германия), «Интер» (Италия), «Порту» (Португалия), «Атлетико» (Испания), «Бенфика» (Португалия), «Ювентус» (Италия), «Ред Булл Зальцбург» (Аустрия). 3 себет – «Әл-Хилаль» (Сауд Арабиясы), «Ульсан Хендай» (Оңтүстік Корея), «Әл-Ахли» (Мысыр), «Видад» (Марокко), «Монтерей» (Мексика), «Леон» (Мексика), «Бока Хуниорс» (Аргентина), «Ботафого» (Бразилия). 4 себет – «Урава Ред Даймондс» (Жапония), «Әл-Айн» (БАӘ), «Эсперанс» (Тунис), «Мамелоди Сандаунс» (ОАР), «Пачука» (Мексика), «Сиэтл Саундерс» (АҚШ), «Окленд Сити» (Жаңа Зеландия), «Интер Майами» (АҚШ).