
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Шекара асқандар
Ұлттық статистика бюросының былтырғы дерегіне сүйенсек, елден 9 148 адам көшіп кеткен. Ал биыл қоныс аударғандардың саны жыл аяқталмаса да 8 мыңға жуықтап тұр. Көңілге қаяу түсіретіні – олардың 70 пайызы еңбекке қабілетті азаматтар, ал төрттен бірі – жоғары білімді мамандар. Арасында техникалық сала өкілдері, экономистер, педагогтер, медицина қызметкерлері, заңгерлер, сәулетшілер бар.
Мәселен, америкалық «Meta» компаниясында 50-ге жуық, «Booking»-те 50-ден аса, «Google», «Yelp» секілді Лондондағы әлемге танымал IT компанияларда 100-ге тарта дарынды қазақ жастары еңбек етіп жүр. Атын жасыруды өтінген отандасымыз Ұлыбританиядағы атақты «Google» компаниясының IT саласында бағдарламашы болып жұмыс істейді. 27 жастағы кейіпкеріміз әзір Қазақстанға оралғысы келмейтінін ашық айтты.
– Алғаш магистратураға оқуға келдім. Тәмамдаған соң жергілікті компаниялардан ұсыныс түсе бастады. Жалақы да, түрлі әлеуметтік пакеті де біздің елге қарағанда әлдеқайда жоғары. Соның өзінде ойланып жүріп, «Google» компаниясына құжаттарымды өткізіп көрдім. Іріктеуден өткен соң, осында қалуға бекіндім. Өйткені өзіңе ыңғайлы уақытта жұмысқа келесің, «бүгін не ішем, не киемін?» деп алаңдап отырмайсың. Офисте фитнес, ұйықтайтын орын бар, оған қоса ас-ауқатымыз дайын тұрады. Барлығы – тегін. Мен елімізде де жұмыс істеп көрдім. Өзіңнің стартап компанияңды құрмасаң, өзгелерге жұмыс істегенде еңбегіңе сай ақы төленбейді. Мансаптық өсу де шектеулі. Сондықтан әзірге мүмкіндік барда осында қалып, тәжірибе жинақтағым келеді. Айтпасқа болмас, қажеттіліктің бәсі өскендіктен, елге қайтып бару да қиын, – деді ол.
Шетелдік компаниялардың сұранысындағы маман болмаса да, алқаптағы ауыр жұмыс пен өндіріс орындары, зауыт-фабрикаларда төменгі қызметтерге жалданып, әл-ауқатын жақсартқысы келіп жүргендер де көбейіп барады. Байқағанымыз, уақытша не тұрақты қоныс аударғандардың көпшілігі Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Испания, Франция, Германия мен Оңтүстік Кореяны таңдаған. Келесі кейіпкеріміз Сұңғат Асылбекұлы да Оңтүстік Кореяға уақытша қоныс аударған.
– Бұл жақта жұмыс табу біздің елге қарағанда оңайырақ. Келгеніме бес жылға жуықтады. Жазда алқапта, қыста күн батареяларының бөлшектерін өндіретін зауытта еңбек етемін. Заңды, заңсыз жүргеніңе қарамастан, жалақымызды уақтылы береді. 7 қазақ жігітімен пәтер жалдап тұрамыз. Айына орта есеппен 1 млн – 700 мың теңге шамасында тауып жүрміз. Ал біздің елде мұндай табысты шектеулі компаниялар мен мекемелер ғана береді. Осында жүріп, Түркістаннан екі бөлмелі, Астанадан бір бөлмелі пәтер алдым. Енді көлік алуды жоспарлап отырмын, – деді 32 жастағы отандасымыз.
Мегаполистер халықты «жұтып» жатыр
Елімізде жыл сайын қордаланатын, алайда түбегейлі шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер бар. Бұлардың алдыңғы қатарында – жұмыссыздық, қанша қазақтың бас қайғысына айналған баспана, инфляциямен теңеспейтін мардымсыз жалақы. Салдарынан жоғарыда аталған кейіпкерлеріміз сынды тәуекел еткендері не білім мен білігі озық болғандар экономикалық тұрғыда бақуатты мемлекеттерді жағалайды. Ал қалғаны Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда халық санын көбейтеді.
Тәуелсіздік алғалы бері бұл проблемаға атқарушы биліктің тісі батпай келеді. Олай дейтініміз, «жабайы» урбанизация мемлекеттің ілгерілеуіне аз кедергі келтіріп отырған жоқ. Ашып айтсақ, қала тұрғындары табиғи жолмен емес, ауыл халқы есебінен едәуір өсіп барады. Яғни қазіргі жастар ауылда қалғысы келмейді. Баласына қосақтап, кей ата-аналар да тәуекелге бел байлап, елді мекенін тастап, алып шаһарға қоныс аударады. Қалаға келісімен жасы да, кәрісі де ұсақ-түйек саудамен айналысады, аз жалақыға жалданады немесе көңілге қонған кәсіпті таппағандар жұмыссыздар легін толтырады. Ізінше жоқшылық қылмыстық оқиғалардың көбеюіне, түрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің туындауына түрткі болады. Бұл – елдің көңіл күйіне әсер етіп, атқарушы билікке деген сенімге селкеу түсіреді.
– Кейінгі он жылда бір Астана қаласында өзінде жастар саны 90 пайызға жуық өсті. Салдарынан мектеп пен мектепке дейінгі орындар, медициналық көмектің жетіспеушілігі байқалды. Бұл іс жүзінде адамды сапалы білім мен денсаулық сақтауға тең қол жеткізуге конституциялық құқығынан айырады. Әрі қалаларда «кедейлік белдеулерінің» пайда болуына әкеледі. Жас буынның радикалдануы және олардың әртүрлі дәстүрлі емес, діни қозғалыстарға тартылуы да ерекше қауіп төндіреді, – деді тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Digital social research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы жетекшісі Жанна Әубәкірова.
Ол аз болса, проблеманың бір ұшы – исі қазақтың алтын бесігі, темірқазығы саналатын ауылдардың азаюына әкеліп соқтырады. Әсіресе шекара маңындағы аймақтар халқынан ажырап жатыр. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндіріп тұр. Мәселен, солтүстік өңірдегі көптеген елді мекен қаңырап қалды. Биылдың өзінде халқы 50 адамнан аз 45 ауыл жабылуы мүмкін.
Сондай-ақ аймақта жастар саясаты негізінде қолға алынған «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» бағдарламаларының нәтижелері көрінбейді. Асылында Солтүстік Қазақстан облысында он жылда «Серпін» бағдарламасымен 1,4 мыңға жуық жас жоғары білім алды. Түлектердің тек 48 пайызы облыста тұрақтап қалған.
Сұранысқа ие педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгерту үшін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарының жастарына мемлекеттік білім гранттары берілген-ді. Жоба еліміздің еңбек тапшылығы бар өңірлеріндегі кадрлық әлеуетті толықтыруға, түлектерді Солтүстік Қазақстан облысында жұмысқа тартып, осы жақта қалдыруға негізделген еді.
– 2014 жылдан бері субсидия бөлініп келеді. Алайда бұл тек жастардың сол жаққа баруы үшін беріліп отыр. Жоғары оқу орнын бітірген түлектің көкейінде басқа да мәселелер бар. Ең өзектісі – «Тәжірибесіз, жұмысқа орналаса аламын ба?». Егер жұмыс табылмаса, баспананың не қажеті бар? Бағдарламаны жасақтаушылар жас буынның осы жақта еңбекке араласып, орнығып кетуіне септессе игі. Күні бүгінге дейін жүргізілген есептерге көз салсақ, жүз адамның тек жартысына жуығы ғана тұрақтап қалған. Демек бағдарлама бөлінген қаражатты ақтап отырған жоқ. Жастарды солтүстік өңірлерге тарту тиімді жүргізілгенімен, оларды осы аймақта орнықтыру ісі ақсап тұр, – деді осы бағдарламамен білім алып жатқан Диас Ізбасар.
«Серпін» бағдарламасымен биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін 71 түлек аяқтаған. Олардың 33-іне бос жұмыс орны ұсынылыпты. Алайда оқу аяқтала салысымен тек 10-ы ғана орналасқан. Ал 36 түлек магистратураға түсуіне, екеуі декреттік демалысқа байланысты босатылған. Сол жоғары оқу орнындағы мамандардың айтуынша, жастардың қайтып кетуіне қолжетімді баспананың жоқтығы, жалақының төмендігі, ауа райының қолайсыздығы әрі орыс тілін жетік білмеуі әсер еткен.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жуырда жарияланған «Шекара маңы өңірлеріндегі жастардың оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері» турасындағы әлеуметтанулық құжатында еліміз үшін жастардың ішкі-сыртқы миграциясы адам капиталының азаюына, экономиканың дамуын тежеп, демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы сынды түрлі сипатта айрықша әсер етуі мүмкін делінген.
– Біз мәселені әлеуметтік сауал арқылы қарадық. Бірінші кезекте миграциялық көңіл күйге жастардың интеллектуалды бөлігі бейім. Осындай миграцияның басты себебі, оқу, ал сосын еңбек миграциясы. Біз бұл үрдісті аймақтық аспектіде де қарастырдық. Мысалы, ауыл жастары қалаға қоныс аударса, қала жастары, Алматы, Астана, Шымкент сияқты үш ірі қала жастары эмиграцияға көбірек бейім, – деді Ж.Әубәкірова.
Ал саяси ғылымдар кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті Меруерт Төлебаева жастардың басым бөлігі еңбек нарығындағы жақсы жалақыға ұмтылатынын, білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және мәдени мүмкіндік үшін елден кетуге дайын екенін айтып қалды.
– Мұндай сарынды өзім жұмыс істейтін жоғары оқу орнында байқадым. Бакалавриатты аяқтаған жастардың басым бөлігі «Work and Travel» бағдарламалары бойынша шетелге шығуға ұмтылады. Екіншіден, қазіргі кезде өзге мемлекеттерге оқуға мүмкіндік беретін «академиялық ұтқырлық» бағдарламаларына қызығушылық жоғары. Үшіншіден, оларда шетелде магистратурада, докторантурада оқу ниеті басым. Осы факторларды ескере отырып, жылдан жылға өз болашағын өз мемлекетімен байланыстырғысы келмейтін жастар санының өсіп келе жатқанын аңғардым, – деді М.Төлебаева.
Енді не істеу керек?
Дарынды әрі білімді жастарды жоғалту елдің инновациялық әлеуеті мен цифрлық технология үстемдік құрған заманда үрдіске бейімделу қабілетін төмендетуі мүмкін. Демек талантты, талапты кадрларды ұстап қалу мақсатында әртараптандырылған стратегиялар әзірлеу қажет.
– Интеллектуалды миграцияның салдары қалпына келтірілмеуі және бұл бірден көрінбеуі ықтимал. Тіпті экономика, әлеуметтік сала, индустриялық инновация, IT, ауыл шаруашылығы, тұтастай алғанда Қазақстанның зияткерлік әлеуетіне елеулі салдар болғанын ондаған жылдардан кейін ғана сезілуі мүмкін, – деді Ж.Әубәкірова.
Сарапшының пікірінше, көші-қон саясатын іске асыру шеңберінде білім беру компонентіне айтарлықтай назар аудару қажет. Өйткені сапалы әрі заманауи білім беру бағдарламалары өмірлік дағдыларды жақсартуға, мәдени түсінік пен төзімділікті арттыруға ықпал ете алады. Бұл салаға инвестиция салуда тек білім деңгейін көтеруге ғана емес, ұлттық құндылықтарды назардан тыс қалдырмауға ұмытылу қажет.
Сондай-ақ жастарды әлеуметтік қолдауды күшейту, денсаулық сақтау мен тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету, жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына жағдай жасау да маңызды. Жастар урбанизациясын оңтайлы басқару үшін арнайы мониторинг жүргізіп, қалалық инфрақұрылымды дамытуға зейін қойған абзал. Орта және кіші бизнесті қолдау, инвестиция тарту мен инновация енгізу лайықты жалақыға сай жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбекпен қамтылу деңгейін арттыруға және жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге көмектеседі.