«Жыл волонтері» байқауы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл сыйлық қоғамдық пайдалы бастамаларды дамытуға елеулі үлес қосқан волонтерлерді ынталандыруға және еріктілік қозғалысқа жаңа қатысушыларды тартуға бағытталған.
– Волонтер деген түсінік біздің асар ұғыммен ұштасады. Жыл волонтерін анықтаудағы мақсат – есепсіз, есіл уақыттарын жұмсаған қайырымды жандарға деген алғыс ниеті. Оған қоса оларды көп алдына шығарып таныстыру, жыл бойына жасаған еңбектерін насихаттау, сәйкесінше, қоғамда мейірімділік, қайырымдылық құндылықтарының орнығуына ықпал ету. Меніңше, байқау әлеуметтік маңызы бар міндеттерді белсенді түрде шешіп, волонтерлік мәдениетті дамытатын отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың еңбегін, қоғамның ілгерілеуіне қосқан үлесін мойындау алаңына айналды. Әрі биылғы жобалар мен бастамалар еріктілік қызметтегі жанқиярлық пен тиімділіктің үлгісі болды, – деді Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов.
Халықаралық волонтерлер күнін мерекелеу аясында елімізде волонтерлік және қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған «Игі істер марафоны» жобасының жеңімпаздары белгілі болды.
Жалпы, «Игі істер марафоны» жобасы 2024 жылдың 9 шілдесінен 1 желтоқсанына дейін республиканың әр өңірін қамтып, бірліктің күшін, игіліктің үлгісін көрсетті. Марафон барысында 7 мыңнан астам игі іс жасалды. Ал қатысушылар саны 50 мыңға жуықтады.
Бастама бес аптадан тұратын игі істерді қамтыды. Атап айтқанда, «Экология», «Инклюзия», жануарларды қорғау, қарттар мен жастар күніне арналған мейірім апталығы.
Жоба аясында 3 200-ге жуық ағаш егілді, 240 тонна қоқыс, пластика, макалатура жиналды, 1000-нан аса үйсіз қалған жануарларға көмек көрсетілді. 6000 отбасына, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жалғызілікті қарттарға азық-түлік, тұрмыстық химия, дәрі-дәрмек үлестіріліп, ауланы тазалап, отын жарып көмек көрсетілді. Осындай қайырымды істе шет қалмай, қол ұшын созғандар арасынан «Ең мейірімді аймақ», «Ең мейірімді ұжым», «Ең мейірімді оқу орны», «Ең мейірімді ауыл», «Ең белсенді медиа» аталымында үздіктер анықталып, 20 жеңімпаз марапатталды.
Сондай-ақ мереке аясында Астанада «Volunteer FEST-2024» фестивалі өтті. Мұнда да экология, медицина, әлеуметтік көмек, инклюзия сынды салаларда жұмыс істейтін 70-тен астам еріктілер ұйымы марапатталды. Әсіресе табиғатты қорғауға атсалысқандарға, халықтың осал топтарын қолдағандарға, төтенше жағдайлар кезінде тосылмай жедел әрекет еткен жандарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектескендерге, қоғамда темірдей тәртіптің сақталуына үлес қосқандарға, ел саулығына алаңдағандарға, жануарларға қамқорлық еткендерге ерекше құрмет көрсетілді.
Қайырымды істе көптің алғысын арқалағандардың бірі – «Мейірімді жандар» қозғалысы. Еріктілер тобы бес жылдан бері көпбалалы аналарға, ерекше балалары бар отбасыларына және халықтың әлеуметтік осал топтарына жәрдем беріп келеді. Олардың күш-жігері тек көмек берумен шектелмей, елде волонтерлер қатарын арттыруға да сеп болып жүр. Яғни көмекке, қолдауға ие болғандардың көпшілігі қазір «Мейірімді жандармен» бірге еріктілікпен айналысады.
– Сіз үлкен өзгеріске себеп болған кезде, сіздің міндетіңіз өз еліңізді жақсарту және қиын жағдайға тап болғандарға көмектесу екенін түсінесіз. Біздің мақсатымыз бір – мұқтаж жандарға қолдау көрсету және жанашыр азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу, – деді «Мейірімді жандар» еріктілер қозғалысының жетекшісі Динара Ыдырысова.
Фестивальға мыңдаған қатысушы жиналды, олардың арасында танымал қоғам қайраткерлері, блогерлер мен эстрада жұлдыздары болды. Қонақтар еріктілердің жұмысымен таныстыратын фотокөрмені тамашалады. Іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
– Біздің еріктілер жоғалған адамдарды іздеуге, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесуге, экологиялық жағдайды жақсартуға белсенді қатысады. Биыл елімізде жастар мен күміс еріктілерге, яғни қоғамға көмектесуге белсенді қатысатын егде жастағы адамдарға ерекше назар аударылды. Бүгінде Астанада 6000-нан астам адамды қамтитын 70-ке жуық ұйым жұмыс істейді. Біз оларды наградалармен ғана емес, бағалы сыйлықтармен, кездесулермен және кері байланыспен де қолдауға тырысамыз, – деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.