Форум • 07 Желтоқсан, 2024

Жас зерттеушілер форумы

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Young Researchers Alliance» қауымдастығы ұйымдастырған Жас зерттеушілер форумында сөз сөйледі.

Жас зерттеушілер форумы

Палата спикері өз сөзінде фо­румға қатысушыларға ілти­пат біл­діріп, Қазақстан үшін ғы­лым­ды және ғылымға негіз­дел­ген экономиканы дамыту стра­те­гия­лық маңызға ие екенін айтты. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалым­дарды жүйелі қолдауға және отан­дық ғылымның әлеуе­тін арттыруға әрдайым баса мән беріп келеді.

М.Әшімбаев бұл бағытта жас ғалымдарға өз әлеуеттерін іске асыруға үлкен қолдау көр­сетіп отырған альянстың жұ­мы­сына назар аударды. Сон­дай-ақ ол бірлестік отандық зерт­теушілердің ғылыми-зерттеу жобаларына бағыт-бағдар бе­ріп, оларды дәріптеуге үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті және осы бағытта атқарыл­ған жұмыс пен қол жеткізілген жетістіктерге назар аударды.

«Әділетті Қазақстанда ғылым, инновация және жаңа технология елдің орнықты дамуының негізі ретінде қарастырылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы – соның жарқын көрінісі. Кеңес ғылыми және технологиялық даму саласында тиімді, стратегиялық маңызды шешімдер қабылдау­ды қамтамасыз етеді. Ұлттық ғылым академиясының институ­ционалдық рөлі де айтарлықтай нығайды. Алдағы уақытта бұл институт ғылыми қоғамдастық табан тірейтін маңызды негізге айналуға тиіс. Кейінгі 4 жылда Қазақстанда ғылымды қар­жыландыру үш еседен аса өсіп, 80 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге жетті», деп М.Әшімбаев осы салада Парламент Сенаты жүзеге асырған заңнамалық реформаларға тоқталып өтті.

Сенат төрағасы атап өткен­дей, ғылым ұлттық стратегиялық мақсаттармен және бәсекелес­тік артықшылықтармен тығыз интеграцияланып, үндесуге тиіс. Палата спикері өз сөзінде Пар­ламент пен ғылыми қоғам­дастықтың алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын да тілге тиек етті.

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, аграрлық ғылымды дамытудың маңызы зор. Сондай-ақ табиғи байлы­ғымызды сақтауға және оны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін терең зерттеулер, инновациялық тәсілдер және технологиялар қажет. Химия, мұнай-газ химиясы, ғарыш ғылымы сияқты салаларды дамыту да стратегиялық мәнге ие. Тұрақты өсуге қол жеткізу үшін атом энергетикасының дамуы және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жаңа тәсілдері маңызды рөл атқарады. Осы саладағы басым бағыттардың тағы бірі – жасанды интеллект. Ғылым экономиканың тұрақты және серпінді дамуын синхрон­ды түрде қамтамасыз ете отырып, елдің стратегиялық мақсаттарын іске асыруға ықпал етуге тиіс», деді палата төрағасы.

Сонымен қатар форум барысында ғалымдар мен сарапшылар ғылым саласындағы өзекті мәселелер мен проблема­ларды кеңінен талқылап, сындар­лы диалог құрды. Соның нәтижесінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясындағы ортақ міндеттер айқындалды.