Сурет: kazislam.kz
Депутаттарға Жоғары аудиторлық палатасы төрағасының ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекет қаражатын пайдаланудың тиімділігі жөніндегі есебін тыңдау ұсынылады. Аудит Ауыл шаруашылығы министрлігінде және оның Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы аумақтық бөлімшелерінде жүргізілді.
Сонымен қатар Мәжіліс бірінші оқылымда құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайды. Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электронды түрде жасау мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ үлестік қатысу шарттарын жергілікті атқарушы органда бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы міндетті түрде тіркеу нормалары ұсынылады.
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар үлескерлерге тұрғын үй құрылысы бойынша кеңес беруді қолдайтын орталық құру жөніндегі түзетулерді енгізді. Бұған қоса алдын ала шарттарды, брондау, инвестициялау шарттарын жасасуға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алынбаған және тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігінсіз салынып жатқан үйлердің жарнамасына тыйым салу ұсынылады.