25 Маусым, 2010

ЕЛБАСЫ ҚАЗЫҒЫН ҚАҚҚАН ҚҰРЫЛЫС

620 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ЕЛДІҢ ДАМУЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНДЕГІ КӨШБАСШЫ ЖОБАҒА АЙНАЛДЫ Кеше Павлодарда “Қазақстан электролиз зауытының” екінші кезегі салтанатты түрде іске қосылды. Жаңа құрылыстың ашылу рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Маусым айында жолы түсіп, өздеріне келе жатқан Елбасының сапарын естігелі бері Кереку өңірі толқу үстінде. Айтса айтқандай, өндірісі өркендеген облысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың ілтипаты мен назары ерекше екені белгілі. Ал жұртшылық “Қазақстан элек­тролиз зауытының” екінші кезегі іске қосылатынын, осыдан бес-алты жыл бұрын Елбасының өзі келіп, бос жатқан далаға қазығын қағып кеткен жерден бүгінде алып құрылыстың бой көтергенін, зауыттың алғашқы кезегін іске қосып, өндіріс тетігін басқанын, ға­сыр жобасының ел игілігіне айналғанын жақсы біліп, хабардар болып отыр. Аз уақыт ішінде иен далаға жан бітірген алып құры­лысқа таңдана қарайды, метал­лург­тер мен осы зауытты салып жатқан құрылысшылар еліміздің индустриялық картасынан белді де беделді орын алған маңызды жоба деп мақтаныш етеді. Соңғы күндері Кереку өңірінің жұртшылығы аспаннан шөкімдей бұлт іздеп таба алмай, аптап ыс­тық­тың беті қайтпай ауа қармап отыр еді. Сол екі арада дала мен қалаға жаңбыр нөсерлетті-ай ке­ліп. Айнала еркін тыныстап, сал­қындап, саябыр тапқандай. Жан­да­ры жадырап қалған жұртшылық мәртебелі қонақтың әуе жолымен басталатын бұл сапарының сонау көкпен жақсылыққа жарасқан бір байланысы да бар шығар-ау деп ой түйгендей. Енді, міне, жұртшылық асыға күткен күн де келіп жетіп, Аста­надан ұшып шыққан ақшаңқан лайнер облыс орталығының әуе­жайы­на келіп қонды. Президент осы жерден “Қазақстан электро­лиз зауытына” қарай бет алды. Зауыт алаңына жиналған жұмыс­шы­лар, құрылысшылар, металлург­тер Мемлекет басшысын асыға күтіп, шынайы мақтаныш пен шат­тық сезімінде тұр. Әрқайсы­сы­ның қолдарында көк ту – жалау­шалары желбірейді. “Қазақстан”, “Нұрсұлтан” деп қошеметтеп қар­сы алды. Бұл еліміздің Бас ме­тал­лургі атанған жоғары мәртебеге ие Елбасын құрметпен қарсы алған металлургтердің жалынды ақжарма сәлемі еді. Алдымен Мемлекет бас­шысы салтанатты рәсімді жү­зе­ге асырды. Электролиз зауытының екінші кезегін арнайы тетікті – қызыл нүктені басу арқылы іске қосты. – Ардақты ағайын, құрметті павлодарлықтар! – деді Елбасы осы бір тарихи сәтте алаңға жи­налып тұрған көпшіліктің алдында сөз бастап. – Бәріміз үшін бүгін өте бақытты күн, себебі, елімізде “Қазақстан электролиз” зауыты­ның екінші кезегі іске қосылып отыр. Мұндай металлургия зауы­тын бұрынғы кеңестік кезеңде де, Еуропаның кеңістігінде де ешкім салған жоқ. Тек қана біздің елі­міз­де салынып отыр. Біз тәуелсіздік алғалы 20 жылдай уақыт болды, сол аз ғана уақыт ішінде көптеген та­быстарға қолымыз жетті. Ал ал­дымызда тұрған онжылдықтағы ең үлкен мақсат – елімізді индус­трия­ландыру. Ол үшін арнайы бағ­дарлама жасадық. Соның аясында елімізде он жылдың ішінде 237 ірі өндіріс салатын боламыз. Биыл елімізде 144 өндіріс іске қосылады. Ал, 72 өндірістің ашылуын алдағы дүйсенбі күні тікелей байланыс арқылы жалпы халыққа жариялап көрсететін боламыз. Өндірісті өңір – Павлодардың ел экономи­ка­сы­на қосатын үлесі өте зор. Биыл­дың ішінде 42 өндірістік жобаны іске қосу керек болса, оның 12-сі осы маусым айынан бастап, қал­ғаны екінші жартыжылдықта іске қосылайын деп отыр. Сондықтан индустрия­лық өркендеу жолына түскен еліміз индустриясының ең биігі болып саналатын өндірісті өңірдің бүгінгі табысы қомақты. Сіздердің баршаларыңызды зауыт­тың екінші кезегінің іске қосы­луы­мен құт­тық­таймын. Бүгін өте үлкен өндіріс іске қосылды. Осы жерде 2,5 мың адам жұмысқа тұрады, ха­лық­тың жағдайы одан әрі де түзеле береді. Бұдан артық мемлекет үшін қандай қуаныш керек, құтты болсын! Бұдан әрі қарай Елбасы ке­ңес­тік кезеңдегі жылдары да Пав­лодарға келген сайын қанатты ме­талл – алюминий өндіруді арман­да­ғанын, ол кезде оны өндіруге елде күш-қуаттың болмағанын, қазір еліміздің тәуелсіздік алғанының арқасында осы арманға да қол жетіп отырғанын, осы орайда инвес­торларға жағдай жасалғанын, бұрынғы кезде мұндай зауыттардың жиырма жыл бойы салынатынын атап көрсетті. Ал жаңа заман құры­лыстарына бүгінде екі-екі жарым жылдай ғана уақыт керек. Біз Қазақстанды әлемге танымал еттік, сіздермен бірге қиындықтардан өттік. Қазір біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудеміз. Көп ұлтты еліміздің мойындалғанының арқасында, бірлік пен ынтымақтастықтың арқасында осындай жетістіктерге жеттік. Зауыт басшылығы алдарына қойған менің тапсырмаларымды, алған міндеттерін орындап шықты. Ал бұл дегеніміз барлық құрылыс­шы­лар мен жұмысшылардың, ме­тал­лургтердің бірлескен еңбектері­нің жемісі. Рахмет, сіздерге! Осындай зауыттың екінші кезегін іске қосу салтанатына қатысқаныма қуаныштымын! Бұл біздің елімізге деген үлкен сыйлық, деді толқи сөйлеген Мемлекет басшысы. Бұдан кейін зауыт жұмыс­шы­лары Сергей Рудченко, Бауыржан Смайылов сөз сөйлеп, Елбасына: “Біз Сіздің жолыңызды қуып ме­тал­лург болуды армандадық, енді, міне, осы зауытта жұмыс жасап жүргенімізді мақтан етеміз, барлық жас мамандар атынан Сізге алғыс айтамыз”, десе, Людмила Кузне­цова өз сөзінде: “Сізге әрқашан же­ңіс тілейміз, Сіздің саясаты­ңыз­дың арқасында елімізде тыныштық, татулық салтанат құруда, рахмет Сізге! Біз Сізді жақсы көреміз, біз Сіз сияқты әдемі, ақылды Прези­дентіміз болғанына мақтанамыз, аман болыңыз!” – деді. Аты әйгілі ENRC – табиғи ре­сурстар корпорациясы құрамына ене­тін “Қазақстан электролиз зауыты” акционерлік қоғамы – жоғары сапалы өнім өндіруге мүм­кіндік беретін, елімізде бастапқы алюминий өндіре алатын қазіргі заманғы технологиялармен жаб­дық­талған алып өндіріс орны. Осы­дан үш жыл бұрын, 2007 жылғы желтоқсанда 250 мың тонна бас­тап­қы алюминий өндіретін жоғары қуаты бар алып зауыттың алғашқы кезегі іске қосылды. Құрылысқа жалпы көлемі 800 миллион АҚШ доллары жұмсалады. Алып зауыт құрылысына әлемнің 12 елінен келген 18 компания қатысты. Ең бастысы – ғасыр жобасы аталған бұл құрылысқа тек алдыңғы қатар­лы озық технологиялар қолданыл­ды. Зауытта енді 4 мыңдай адам ең­бек ететін болады. Алғашқы кезегі іске қосылған зауыт бүгінге дейін жылдық қуаты 125 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Яғни, салмағы 20 кило тартатын алю­миний құймалары – зауыт өнімі болып табылады. Қазақ жерінің алюминийі қазір Еуропа елдеріне таныла бастады. Былтыр Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Бұл қазақ жерінің алюминийін шетелдерге өткізуге байланысты кедергілер жоқтығын байқатады. Өндірістің қоршаған ортаға залалы жоқ, зауыт жыл сайын табиғатты қорғау шара­ларына 700 миллион теңгедей қа­ра­жат бөліп келеді. Елбасы өз сө­зінде айтып өткеніндей, біздің же­рімізде глинозем де, электр қуаты да жеткілікті, ендігі жерде бастапқы таза алюминийден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, көлік­тердің қосымша бөлшектерін жа­сай­тын кәсіпорындар құру жоспар­лануда. Өткен жылғы дағдарысқа қарамастан, негізгі көрсеткіштер бой­ынша даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жоспарланған істер жүзеге асты. Жұмысшылар дағдарыс салқынын сезінбеді. Бұл күндері өндірісте орташа еңбекақы 96 568 теңгені құрайды. Өндірісте 2190 адам жұмыс істейді. Жуырда ғана зауыт жұмысшыларының балала­ры­на арнап 240 орындық бала­бақ­ша және 125 пәтерлік он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Сөйтіп, зауыттың алғашқы кезегі 2007 жылғы желтоқсан айын­да белгіленген мерзімінен 27 ай бұрын аяқталса, екінші кезегінің құ­рылысы да, міне, белгіленген уақы­тынан бұрын іске қосылып отыр. Зауыт жылына 250 мың тон­на­лық бастапқы алюминий өңдіре­тін қуатқа қол жеткізді. Қазіргі уақытта зауытта заман талаптарына сай экологиялық қауіпсіз және ең соңғы технологияларды пайдалану арқылы прогрессивті алюминий өндіру технологиялары қолда­ны­лу­да. Технологиялық операциялардың тиімділігін арттыруға, электролиз­дер­дің жұмыстарына жүйелі мони­торинг жүргізуге, газ тазалағыш құры­лғыларды, құю цехы мен көмекші нысандарды дер кезінде реттеуге мүмкіндік беретін жаңа зауыттың барлық технологиялық үдерістері автоматтандырылған басқару жүйелерімен бақыланады. Акционерлік қоғамның прези­денті Алмас Ибрагимов: “Біз бүгін барша Қазақстан электролиз зауы­ты ұжымының жеңісі мен жетіс­тіктерін атап жатырмыз. Зауыттың толық жобалық қуаттылығының іске қосылғанына қуаныштымыз. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарла­ма­лар аясында балабақшалар, тұр­ғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұр­мыс­тық нысандар салу жүйесі қа­тар­ласып ары қарай жүзеге аса бе­ре­ді. Бұл мақсатқа корпорация жал­пы құны 45 миллион АҚШ долларын жұмсамақшы”, – деді. Үкімет қаулысымен барлығы жүзден астам жобалар бекітілген елімізді индустрияландырудың кар­тасы жасалғаны белгілі. Олардың қатарына Павлодар облысынан 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд. теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба бар болса, оның 26-сы биыл, ал 12-сі осы маусым айында іске қосылады. Жоғарыда аталған 12 жобаның жуырда төртеуі, екеуі Екібастұзда іске қосылды. Олардың бірі – “Еуразиялық энергетикалық кор­порациясы” акционерлік қо­ғамы­ның “Восточный” разрезінің жаңа технологиялар арқылы көмір өндіретін кешені. Бұл технология көмір өндіру қарқынын жылына 10 миллион текше метрге арттырады. Екіншісі – “Энергия Капитал-1” кә­сіпорны. Ол тәулігіне 30 мың тонна нан-тоқаш өнімдерін пісі­ре­тін және осы жердегі азық-түлік бел­деуіне сай қаланы және оның аума­ғына қарасты ауылдық аймақ­тар­ды бірдей қамтамасыз ете ала­тын кәсіпорын. Жалпы, аталмыш жо­балардың барлығы іске қосыл­ғанда, уақытша 12 мың жұмыс орны ашылса, соның 8 мың жұмыс орны тұрақты күйінде сақталатын болады. Ақсу ферроқорытпа зауы­тын­да шикізатты өңдеуге бағыт­талған агломерациялық цех пен жоғары маркалы болат және мұнай құбырларын шығаруға мүмкіндік беретін “KSP Steel” ЖШС өнді­ріс­ті өңірдің экономикасына жаңа серпін берері сөзсіз. Сонымен қа­тар, облыс орталығында хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс орны – “Каустик” акционерлік қоғамы, “Ромат” фармацевтикалық компа­ниясы базасында фармацевтикалық және медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар салу сияқты жобалар күн тәртібінде тұр. Қай­сысы болса да халық игілігі үшін, тұрақты жұмыс орындарының бо­луын қамтамасыз ететін жаңа өн­дірістер ретінде өмірге келеді. Бұл жобалардың көшбасшысы қата­рында “Қазақмыс” корпорациясы қолға алатын Екібастұз өңіріне қа­расты жердегі “Бозшакөл” тау-кен байыту комбинатын салу міндеті тұр. Осы арқылы өндірісті өңірдегі түсті металлургия саласын өркен­детуге, әрі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосылады. Бұл жердегі кеніштен мыс қоспасымен қатар, алтын да өндіріледі. Корпорация осы жердегі кен көзін ашып, кен-байыту ком­би­натын салуға 225 млрд. теңге кө­ле­мінде қаржы жұмсайды. Жоспар бойынша құрылыс биылғы жылдың 2-ші жартысында басталып, 2014 жылы аяқталады. Екібастұз ГРЭС-1 стансасын кеңейту және қайта жаң­ғырту жұмыстары да осы кар­таға енді. Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергия блогының құрылысы бас­талады. Еліміз бұл күндері “Қазақ­стан-2030” Стратегиясының ая­сын­да индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастап кетті. Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған үде-мелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарлама бекітілді. Жалпы, өндірісті өңірдің ты­ныс-тіршілігінің өсу деңгейін елі­міздің дамуына қосқан үлесінен де бағамдауға болады. Биылғы жыл­дың бірінші тоқсанында облыстағы өнеркәсіп орындары жалпы құны 191,4 млрд. теңгенің өнімдерін өн­дірді. Өткен жылы жаһандық эко­но­микалық және қаржылық дағда­рыс­қа қарамастан, негізгі көр­сет­кіштер бойынша даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Жоспарланған істер осылайша жүзеге асуда. Ендігі басты мақсат – Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты биылғы Жолдауынан бастау алған маңызды міндеттердің бірі – елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдар­ла­ма­сын лайықты түрде жүзеге асыру. Экономиканы жаңғыртудың жар­қын жолына түсудің кілті болып табылатын, елді дамуға бастайтын осындай серпінді жобаларды іске асыру нәтижесінде, әрине, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қата­рына ену мүмкіндігіміз бар. Келер онжылдықтағы асқаралы асулардың көрігіне айналған серпінді жоба­лар­дың алды қазір іске қосылып, халық игілігі үшін жұмыс жасай бастады. Елбасының идеясымен жүзеге асырылған егемен елдің алғашқы ірі жобаларының бірі тың жер­ден тыныс тауып, осылай жүзе­ге асты. Елбасының сапары ертең ары қарай жалғасады. Фарида БЫҚАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. ПАВЛОДАР.