Жекпе-жек • 10 Желтоқсан, 2024

Мінезбен дәлелденген мықтылық

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі «Ти-Мобайл Аренада» аралас жекпе-жектен UFC 310 додасы дүркіреп тұрып өтті. Сол кештің басты бәсекелерінің бірінде қазақтың мақтан тұтар ұлы Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен күш сынасып, жеңіске жетті.

Мінезбен дәлелденген мықтылық

Негізі осы жарыстың басты жекпе-жегінде Шавкат Рахмонов Мұхаммад Белалмен жарты­лай орта салмақтың чемпион­дық тәжі үшін айқасуға тиіс еді. Алайда АҚШ спортшысы денсаулығының сыр бергенін алға тартып, октагонға шығудан бас тартты. Онсыз да біраз уақыт жанкүйерлер назарынан тыс қалған қандасымызға дереу арада қарсылас табу қажет болды. UFC басшылары біраз мықтыға ұсыныс жасап көрген еді, олар келіспеді. Бас тартқандардың қатарында Колби Ковингтон, Камару Усман сынды атақтары алысқа жайыл­ған апайтөстер де бар. Сол «ығай мен сығайлар» арасынан тек Иэн Гэрри есімді файтер ғана қазақтың қайсар ұлымен айқасуға өз келісімін берді. 

27 жастағы Ирландияның өкі­лі де «көлде­нең көк аттылардың» бірі емес. Спорттың осы түріндегі мансабын осыдан бес жыл бұ­рын бастаған Иэн сол уақыт ара­лығында 15 кездесу өткізіп, бар­лығында жеңіске жетті. Соның сегізінде қарсыластарын нокаут­­­қа жіберсе, біреуінде «қылқын­ды­ру» тәсілін қолданды. Тағы жеті бәсекенің шешімін төрешілер шығарды.

Бұған дейінгі қарсыластарынан жеңілмеген қос саңлақтың жолы жексенбі күні Лас-Вегас­та қиысты. Гэрри Шавкатпен қаймықпай ай­қас­ты. Бәсеке басталған бетте қандасы­мыз күрес­тің әдісіне салуға ұмтылды. Оны жы­ғып алып, біраз «умаждағысы» келді. Бірақ қарсыласы Рахмоновтың ырқына көнбеді. Ол грэпплинг тәсілдерінен сауатты қорғанып, әрбір қауіптің бетін оңай қайтарып отырды. Ал соққылардың дәлдігі жағынан басымдық «Номад» жағында болғаны сөзсіз. Бір мезетте оң қолмен құлақ шекеден соғып, бірде айналып (бэкфист) ұрып Иэнді тәлтіректетіп жіберді.

Бесінші раундта Рахмонов қиын жағдайға тап болды. Сол кезде барша жанкүйер­дің жүрегі аузына тығылды. Екеуі алысып жатқанда ирландиялық ебін тауып, қазақ­ты жығып алды да, тусыртына шықты. Гэрри Шавкатты қос қолымен мойнынан мықтап ұстап, «қылқындыру» әдісін қолдануға талпынды. Алайда бұл көрініс ұзаққа созылмады. Шавкат бұл қауіптен құтылды.

Бәсеке аяқталғаннан соң, барлық төре­ші Шавкат Рахмо­нов­тың мықтылығын бір­ауыз­дан мойындады. Сөйтіп, ол ок­та­гон­дағы 19 жеңісіне қол жет­кіз­ді. Бір өкініштісі, «Номад» өз ­ка­рьерасында тұңғыш рет бәсе­кені мерзімінен бұрын аяқтай алмады. Десек те бұл «Шав­кат осалдық танытты» деген сөз ­емес. Керісінше, қарсыласы өте жақ­сы да­йындықпен келген екен. Оған тіптен UFC-дің кезіндегі чемпионы Чарльз Оливейра­ның өзі секундант болды. Бірақ бәрібір қазаққа әлі жетпеді. Осылайша, күллі Ирландия үміт артқан арлан алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.