Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2024

Ауыл жолдарына асфальт төселді

31 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жол мәселесі – Жетісу өңірінде де өзекті тақырыптың бірі. Бүгінде алыс ауылдарға апаратын тас жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, облыстық деңгейдегі 200 шақырымға тарта асфальт қайта жабдықталған. Жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 94% жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Ауыл жолдарына асфальт төселді

Биыл Жетісуда 193 ша­қырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделді. Сол қатарда аудан ор­талығы мен ауылдардың арасын қо­сатын жолдар, ауылдардың кірме жолдары, көпірлер, ауыл­ішілік жолдар бар. Мәселен, Қаратал ауданында отыз жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген шалғайдағы Көпбірлік ауылына апаратын жол жөнделіп, жуыр­да пайдалануға берілсе, осы аудан­дағы тағы бір маңызды жол – «Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе» бағы­тындағы автотрассаның құры­лысы бітуге таяу.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданының халқымен кез­десуінде көтерілген аталған жол­дардың мәселесіне орай бюджеттен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.

«Үштөбе – Ортатөбе – Кіші­төбе жолының жөндеу жұ­мыстары белгіленген кестеге сәй­кес жүргізілді. Жалпы ұзын­дығы 11 шақырым жөнделді. Мұнда екі қабатты, қалыңдығы 10 см жабын төселді. Қазір абаттандыру, жол белгілерін орнату жұ­мыс­тары атқарылып жатыр», деді Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жо­лаушылар көлігі, автомобиль жол­дары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.

Соңғы жылдары ауылдық жер­­лердегі инфрақұрылымға ерек­ше көңіл бөліне бастағанына, халық көтерген мәселенің оң ше­шілгеніне қатысты тұрғындар да пікір білдірді.

«Сонау 1974 жылдан бері осы елді мекенде тұрамын. Биыл аудан орталығымен ауылды жалғайтын жолымыз жөнделді. Оған қоса алты көшесі бар ауылымыздың төрт көшесі жаңғыртылып, асфальт жабыны төселді. Бұған дейін жаңа мектеп салынып өс­келең ұрпақтың игілігіне берілген болатын. Медициналық пунктің бітуіне де аз қалды. Ауылдық жер­ге көңіл бөлініп жатқанына халық риза», деді Ортатөбе ауылы­ның тұр­ғыны, ардагер Ораз Шетті­бай­ұлы.

Облыс әкімі баспасөз қызме­тінің мәліметінше, биыл Жетісу өңірінде жолдарды салуға, жөн­деуге 40,6 млрд теңге бөлінген. Облыстық маңызы бар жолдардың 38 шақырымына құрылыс пен қайта жаңғырту, 155,4 км жерге орташа жөндеу, 60,6 мың шаршы метр жерге ағымдағы жөндеу, 54 елді мекенде 157 км кентішілік жолдарды салу мен реконструкциялау жүргізу жос­парланған. Сол сияқты Балқаш көліне дейінгі 132 км жол келесі жылдың туристік маусымына дейін толық пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, облыс аумағында республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға ба­ғытталған ірі жобалар іске асы­рылды. «Үшарал – Достық», «Тал­дықорған – Үшарал» автожолдарын қайта жаңарту аяқталуға жа­қын. Оған қоса «Сарыөзек – Көктал», «Айдарлы – Көктал» автожолдарының учаскелерінде жөндеу жалғасып жатыр.

 

Жетісу облысы