Әскер • 11 Желтоқсан, 2024

Жүзден жүйрік шыққан сержант

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

35748 әскери бөлімі мергендер взводының сержанты Әсілбек Қарабай Қазақстан Қарулы күштері сержанттарының арасындағы XIV бүкіл армиялық конкурсында жеңімпаз атанды. Бұл жарыста ол «Үздік взвод сержанты» аталымында жеңіске жетіп, батылдық пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Жүзден жүйрік шыққан сержант

Байқауда Қарулы күштердің 118 үздік сержанты бақ сынады. Олар – өз әскери бөлімдерінде, әскер түрлері мен тектерінде іріктеу жарыстарынан топ жарып, ақтық кезеңге қатысуға жолдама алғандар.

Әсілбек осы конкурста жеңіс­ке жету үшін көп еңбектенді. Алдын ала жаттығулар жасап, са­йыс барысында табандылық пен қайсар мінез көрсетті. Осылай­ша, ол өзінің әскери бөлімінде, содан соң «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында үздік екенін дәлелдеді. Отан қорғайтын жа­уынгер қай кезде де мықтылы­ғын көрсетіп жүру керек.

Іріктеу жарыстарында Әсілбек ерекше дене жат­ты­ғу­ларымен көпшілікті тәнті етіп қоймай, сонымен қатар әскери тарих саласында да терең білімі бар екенін байқатты. Оның ең­бекқорлық қасиеті мен өз ісіне деген адалдығы жарыста жеңіс­ке жетуіне себепші болды. Деген­мен сайыстың соңғы кезеңдері бар­лық қатысушыға бірдей өте қиын­ға соққанын мо­йындау керек.

Жарыс барысында сержант Әсілбек Қарабай «Айбын» әс­кери-спорт кешенінде бірқа­тар жауынгерлік, спорттық сы­нақ­тардан өтті. Бұл кешенде әске­рилер 100 метр, 3 шақырым қа­шықтыққа жүгірді, кермеде тартылып, қоян-қолтық ұрыс­тан жекпе-жекке шықты. Атал­ған сынақтар тек физикалық күш­ті ғана емес, ептілікті, төзімді­лік пен стрестік жағдайларда тез шешім қабылдай білуді қажет ететіні белгілі.

Жамбыл облысында орна­лас­қан «Айша бибі» полигонын­да Әсілбек «Қайсар» әскери-кәсіптік кешенінде сайысты. Он­да ол қиы­лысқан жерлер бо­йынша ұзақ қашықтыққа жүгі­ру­ден жарыс­ты. Мұнда да сар­баз өзінің қарумен ­оқ ату, граната лақтыру шеберлі­гін көрсетті, өзінің жоғары кәсібилі­­гін тағы бір мәрте дәлелдеп, мерген­дер взводының сержанты лауазымына лайықты екеніне күмән қалдырмады. Сондай-ақ сержанттар «Керуен шеруі» деп аталатын тағы бір сынақтан өтті. Бұл ер азаматтардың нағыз төзімділігін сарапқа салған жарыс болды. Сол байқауда үміткерлер 10 ша­қырым қашықтықты салмағы 15 килолық сөмкені арқаланып еңсерді.

Ал «Сері» әдеби-көркемөнер байқауында Әсілбек пен оның қарсыластары әскери дайындық машықтарынан бөлек әртүрлі өнері мен таланттарын ортаға салды. Бұл байқауда қатысушы­лар өздерінің шығармашылық қабілеті бойынша өзара бақ сынасты.

Сонымен, Әсілбек Қарабай­дың «Үздік взвод сержанты» аталымын жеңіп алуы – оның жеке марапаты ғана емес, әскери бө­лім мен «Оңтүстік» өңірлік қол­басшылығының да үлкен жетіс­­тігі. Сөз жоқ, әріптесінің биік тұ­ғыр­дан көрінуі оның қызметтес­те­ріне үміт пен жігер сыйлады. Қазіргі тілмен айтқанда, қа­ра­пайым сер­жанттың жарыс­тағы жеңісі қасын­дағы әріптестері­не тек алға ұмтылуға керемет мотивация берді.

«Әсілбек Қарабай – өз кәсі­бі­не нағыз адал жан, талапты да ең­бекқор адам. Мүмкін осы қасиет­­терінің арқасында болар, ол бай­­қаудағы сынақтардан сүрін­бей өтіп, үлкен мақсаты­на қол жет­кізді, жеңімпаздың ен­дігі жетіс­тігін басқа әріптестері де жал­ғас­­тырар деген үміттеміз», деді әскери бөлім басшылығы.

 

ШЫМКЕНТ