Экономика • 11 Желтоқсан, 2024

Трансшекаралық хабтар құру ерекше маңызға ие

36 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста құрылыс саласын дамыту мәселелері де күн тәртібінде болды.

Трансшекаралық хабтар құру ерекше маңызға ие

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Халықаралық дәлізді дамыту – негізгі міндет

Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев шекара маңындағы сауда-эко­­­но­микалық хабтар желісін құру, инвестиция тарту және елі­­міздің экспорттық әлеуетін нығайту шаралары туралы баяндады. Мемлекет басшысының елімізді Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағытта трансшекаралық хабтар құру – шекара маңындағы сауданы дамытып, өнеркәсіптік кооперация мен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін кеңейту үшін ерекше маңызға ие.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Премьер-министрге бүгінде аумақ­тары теміржол және авто­­жолдары арқылы қосылған 5 транс­ше­каралық хабты қалып­­тас­­тыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді:

  • «Қорғас торабы» Қытай­­­мен сауда-экономикалық ынтымақ­­тас­тықтың негізгі элементіне айналады;
  • «Каспий торабы» Транс­­­кас­пий бағытын байланыстырушы буын рөлін атқарады;
  • «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Ресеймен өнер­­­кә­­сіптік кооперацияны дамытуға серпін береді;
  • «Орталық Азия» ХӨКО Өзбек­станмен шекарада өндіріс­­­тік кооперация­ны дамытуға және тауарларды таратуға ықпал етеді.
  • Индустриялық сауда-логис­­­­тикалық кешен Қырғыз елі­­мен шекарадағы жобаларды іске асы­ру­ға жағдай жасауға мүм­­кін­дік береді.

Сонымен қатар Маңғыстау облысын­дағы Ақтау және Құрық порт­тарында контейнер­­­лік хабтар мен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қала­ла­­рын­­­да­ғы әуежайларда мульти­­мо­­даль­­ды әуе хабтарын құру пы­­сық­талып жатыр. Жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің орынба­­сары Серік Жұманғариннің же­­тек­­­шілігімен Жедел жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта жоба­­­лар жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілді. Іс жүзінде инвесторлармен бірлесіп іске асыру қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр инвесторларды іздеу және хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті. Барлық жоспарланған жобаны толыққанды іске қосу жүктердің өту уақы­тын қыс­­­қар­­ту­ға, өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға, салық түсімдерін ұл­­ғай­­туға, жаңа жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» хабы жобасының өзі теміржолдың өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Ақтау портында контейнерлік хаб құру жүкті ауыс­тырып-тиеу көлемін жылына 92 мыңнан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Жалпы, хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға тиіс. Бұл – мем­­лекеттер арасындағы тауар айналымын айтарлықтай арт­­­тырып, көршілес елдермен стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түседі. Осындай жоспарлы нәти­­желерге қол жеткізу үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық ресурсын жұмылдыру қажет», деді О.Бектенов.

Сонымен қатар Қытай, Парсы шыға­нағы, Кавказ және Еуропа нарық­та­­рына шығуды қамта­­­­масыз ететін «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» және «Транс­­каспий халықаралық көлік бағыты» дәліздерінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды.

Үкімет басшысы Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктері әкімдіктермен бірге әрбір хабқа әлеуетті шетелдік инвесторлардың пулын құрып, олардың жобаларға қатысуын пысықтауды, сондай-ақ хабтарды бас­қаратын компания­­­лардың жұмыс жағдайларын айқындауды тапсырды. Ең бастысы, хабтарды болашағы зор жобалармен сапалы толтыру бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп отыру қажет.

Өнеркәсіп министрлігі Ұлт­тық экономика, Қаржы министр­­ліктерімен және әкімдік­­­­­­термен бірлесіп, трансшекаралық хабтарды дамытуға арнайы экономикалық аймақтарды құру мен кеңейту жөніндегі қажетті іс-шараларды бір айдың ішінде қабылдауы қажет. Әкімдіктерге хабтардың барлығын базалық инфрақұрылыммен, соның ішін­де электр энергиясымен, сумен, көлік жолдарымен және коммуникациялармен қамтамасыз ету жүктелді.

Олжас Бектенов индустриялық сауда-логистика кешенін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Энергетика министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне Қордай ауданында қосалқы станса құрылысын қысқа мерзімде қамтамасыз етуді тапсырды. Сауда және интеграция министрлігіне трансшекаралық хабтар құру мен дамыту жөніндегі үдеріске қатысушылардың барлығын тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету міндеті қойылды.

 

Құрылысты бақылау мен үлескер құқын қорғау қатаңдайды

Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмысының кө­­лемі 2023 жылдың сәйкес ке­зеңіндегі көрсеткішпен салыс­­­­тырғанда, 15,7%-ға өсіпті. Қанат Шарлапаевтың айтуынша биыл 18,03 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Осы жылдың қаңтар-қараша айларындағы динамиканы ескере отырып, қазірдің өзінде 16 млн шаршы метр салынды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінің 107%-ын құрайды.

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкімет басшысына «Наурыз», «Отау» және «Асыл мекен» сияқты ипотекалық бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы айтты. 1 жел­­тоқсандағы жағдай бойынша 6,6 мың­нан аса адам қарыз ресімдеп, өз баспа­насының иесі атанған.

Премьер-министр құрылыс саласы ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі саналатынын, тұрғын үй мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды дамыту мен жұмыс орындарын құруға тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді іске қосу жөніндегі алға қойған міндеті шеңберінде 2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұры­­­­лым­ды дамыту тұжырымдамасы өзектендірілді. Биыл Үкімет аталған секторды одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша іс-шараларды іске асырды. Атап айтқанда, Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабыл­­­данды, жаңа жеңілдетілген ипо­текалық бағдарламалар іске қосы­лып, қаржыландыру көлемі артты.

Олжас Бектенов құрылыс сапасы мен іргелес инфрақұрылымды арттырудың, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мен тұрғын үйге кезекте тұрғандарды өзек­­тен­­дірудің маңызы туралы айтты. Сөйтіп өңірлердегі тізім­дерді түгелдеуді жеделдетуді тапсырып, кезекте нақты мұқтаж азаматтар болуға тиіс екенін атап өтті.

Үлестік құрылыс мәселесіне ерекше назар аударды. Кепіл­дік бермей шарттар жасасу фак­ті­ле­рін болдырмау мақсатында үлес­кер­лерді қосымша қорғау үшін заңнамаға түзетулер енгі­зі­леді.

«Көптеген құрылыс компаниясы заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлер қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік бермес­тен шартқа отырады. Қазір Мәжіліс Үлестік құрылыс мәселелері бо­йынша заң жобасын әзірледі. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет. Бұған қоса, үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырамын. Ол азаматтарымыз үшін тәуекелдерді толығымен жоюға тиіс», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы биыл және келесі жылға арналған тұрғын үй және инже­нер­лік желілерді іске қосу жос­пар­ларын орындау үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті жағдай жасауды тапсырды. Жаңа ипотекалық бағдарламаларды және құрылыстың болжамды өсімін ескере отырып, жауапты министрлік мемлекет­­­­тік органдармен және ұйымдар­­­­­­мен бірлесіп, құрылыс және ком­­му­нал­дық сектор жоба­­­ла­­­рын­дағы отандық материалдар үлесін арттыруын қамтамасыз етсін деді. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру бойынша жоспарланған жобаларды келесі жылы іске қосуды қамтамасыз ету жүктелді.

Еңбек ресурстары орталығы­ның деректеріне сәйкес, 2030 жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан аса білікті маман қажет болады. Ғылым және жоға­ры білім, Оқу-ағарту, Өнер­кәсіп және құрылыс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­ліктеріне нарықтың сұра­нысын ескере отырып, осы мамандарды даярлау мәселесін пысықтауы қажет екенін айтты.