Сурет: Bloomberg
«Tesla», «Skype» және «SpaceX» сияқты алпауыттардың инвесторы Тим Дрейпер осы стартапқа 1 млн доллар көлемінде инвестиция құюға дайын. Кәсіпкердің жалғыз шарты – компания 2024 жылдың соңына дейін 300 мың доллар көлемінде табысқа жетіп, ішкі нарықта сұранысқа ие екенін дәлелдеуі керек.
«TrustMe» – Силикон алқабындағы акселератор нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 10 стартап қатарына енген, SMS арқылы 90 секундта маңызды келісімшарттарға қол қоюға мүмкіндік беретін «TrustContract» қызметін ұсынатын, 2 000-нан астам компанияға көмектесіп үлгерген компания. Бұл бастаманың экологияға әсері туралы да айтпай кетпеске болмас. Өйткені қағаз шығынын азайту – технология мен экологиялық тиімділік тұрғысынан өте маңызды шара.
«Шотымда жеткілікті ақша болған кезде IT саласында өзімді сынап көргім келді. Технологиялар арқылы қоғамға пайдамды тигізе алатынымды түсіндім. Осылайша, адамдар мен компаниялар өзара әрекеттескен түрлі мекемелер туралы шынайы пікір қалдыра алатын экожүйе – «TrustMe» тұжырымдамасын ойлап таптым. Кастдев өткіздік, гипотезамыз расталды және өнім жасауға кірістік. «TrustContract» бизнес-үдерістерді жақсартуды ғана емес, сонымен қатар барлық заңды талаптарға сай толық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл – кішігірім кәсіптен үлкен компанияларға дейін пайдалы ресурс. Қазір әрбір азаматтың қолдауы – отандық технологиялардың әлемдік аренада да мойындалуына үлкен көмек», дейді «TrustMe» сервисінің негізін қалаушы Шыңғыс Дәулетбаев.
Жеке капиталы 2 млрд долларға бағаланған Тим Дрейпер бүкіл салаларға әсер ете алатын стартаптарды іздейді. «Оның инвестиция құюы – тек қаржылық қолдау емес, бір жағынан стартаптың сапасы мен әлеуетін мойындау», дейді компания өкілдері.
Шыңғыстың айтуынша, басты клиенттері – шағын және орта бизнес субъектілері. Тарқата айтқанда, көлік тасымалы, сауда-саттық, туризм, тағы басқа бағыттар. Қазір елімізде шамамен бір жарым миллион жеке кәсіпкер мен 600 мың компания бар, соның арасынан 700 субъекті – «TrustContract» клиенттері. Күніне 200 компания осы платформаны пайдаланып, қол қояды. Қазірге дейін «TrustContract» көмегімен 100 мыңнан астам келісімшарт жасалған.