01 Мамыр, 2015

Болар бала бесігінде бұлқынар

882 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
казну Сәрсенбі күні Алматыда белгілі қаламгер әрі қоғам қайраткері Ербол Шаймерденұлына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция­ ­болып өтті. Аталмыш шараға еліміздің танымал­ журналистері, БАҚ өкілдерінің басшылары мен ғалымдары қатысты Жақсы журналист боламын, елжанды азамат боламын, мем­­ле­кетшіл боламын дейтін жас­тар үшін тағылымы мол шараны ұйымдастыруға әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің журналистика факуль­теті ұйытқы болды. Студенттер қауымы Ербол Шай­мерденұлының ғибратты өмір жолы арқылы журналистиканың жүгі, жазу өнерінің қыр-сыры, қайраткерлікке бастаған терең білім мен жауапкершіліктің үлгі­сімен қауышты. Ербол Шаймерденұлының еліне сіңірген еңбегі мен өмірі жайлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, про­фессор, белгілі ақын Бауыр­жан Жақып баяндама жасады. – Ербол Шаймерденұлының есімі елге ерте танылды. 80-ші жылдары ҚазГУ-дің журналис­тика факультетінде оқытушы болып жүрген кезім болатын. Бірде кафедра меңгерушісі, профессор Тауман Амандосов доцент Сейділда Ордалиевпен әңгімелесіп отыр еді. Әңгіме арасында Таукең: «ЦК-ның сектор меңгерушісі болып менің шәкіртім Ербол Шаймерденов тағайындалыпты»,– дегенін құла­ғым шалып қалды. Профес­сор қашанда өзінің шәкірттерімен мақ­танатын. Кәкімжан Қазыбаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Ержұман Смайыл есімдерін жиі айтатын. Сол Таукең Ербол Шай­мер­деновті де өзінің алдын көрген, биіктерді бағындырған шәкірті ретінде атайтынын талай мәрте естідім. Ербол – Жоғарғы Кеңесте баспасөз хатшысы болған кезінде еліміз тәуелсіздігіне бір кісідей еңбек сіңірген қайраткер болатын. Кейін Президент Әкімшілігінде, Парламентте, Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты қызметтер атқарған жылдарында өзінің асқан жауапкершілігімен, мәдениеттілігімен, біліктілігімен, білімділігімен көзге түсті. Өз басым Ерекең туралы бір де бір жаман сөз естімеппін. Кім айтса да Ерекеңнің биязылығын, ақкөңілдігін, отансүйгіштігін ерекше айтатын еді, – деп бас­талған баяндамашының сөзі Ер­бол Шаймерденұлының өмір жолына, ақындығына және ана тілін ардақтап ғана қоймай, мем­лекеттік тілді дамытуға қосқан нақты істеріне ұласты. Осыдан кейін қазақ журна­лис­тикасына бір кісідей ғұмырын арнаған Мамадияр Жақып, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы Ержұман Смайыл, «Халық кеңесі» газетінің бұрынғы бас редакторы Сарбас Ақтаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп сынды азаматтар Ербол Шаймерденұлы жайлы болашақ журналистерге тамаша естеліктер айтты. Студенттерге «Қазақстан» ұлттық арнасында көрсетілген «Жарқын бейне» атты телесюжет ұсынылды. «Болар бала бесігінде бұлқынар» дегендей, жастар кейіпкердің балалық шағынан білімпаздыққа ұмтылып, мақсат­шыл болғанын көрді. Жас­тарды былай қойғанда, Ербол Шай­мерденұлын білемін деген замандастары да қаламгерлігін қайраткерлігімен, қайраткерлігін қаламгерлігімен суарған азамат­тың бұрын айтылмаған қырларымен қауышты. Сол сияқты Мереке Құлкенов, Нұрсан Әлімбай, Марат Тоқаш­бай, Қасымхан Бегманов, Қор­ғанбек Аманжол, Құдайберген Тұр­сын сынды ел азаматтары салиқалы естеліктерімен Ербол Шаймерденұлының тұлғасын сомдады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.