Суретті түсірген – Сергей Ходанов
Расында да талантты актерлық жұптан туған, сахнаның ар жағында өскен Татьяна Тарскаяның өзі де тура 55 жылын сахна өнеріне сыйлаған тұлға. Жасы 85-ке келсе де Алматыдағы аты аңызға айналған Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса жарты ғасырда театрдың алтын қорына енген жүзден астам рөл сомдапты. Дәл осы күндері де Татьяна Николаевна «Над кукушкиным гнездом», «Сац. Хроника одной репетиции», «Мой дедушка был вишней», «Гарольд и Мод», «Примадонны» спектакльдерінде өнер көрсетіп жүр.
Татьяна Тарскаяның есімі өнер майталманы ретінде «Қазақстан энциклопедиясы» мен «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізілсе, мемлекеттік наградалары мен «Жыл актрисасы» атағы – сіңірген еңбегі мен талантының мойындалғаны.
– Мен актерлердің отбасында өмірге келіппін, – деп бастады әңгімесін Татьяна Николаевна. – Шыр етіп дүние есігін ашқанымда ата-анам Грозный театрының сахнасында өнер көрсетіп жүрген, ал мен, емізулі нәресте, сахна артында жатып, бүкіл рухын бойыма сіңіріп өстім. Жиі көшіп-қонатынбыз. Грозныйдан кейін ата-анам Свердловскіде жұмыс істеді. Соғыс басталғанда, театрдың жартылай жертөлесінде тұрдық. Үстелге шығып алып, терезеге қарап, тек қана ары-бері жүріп бара жатқан аяқтарды көретінім еміс-еміс есімде. Аяқтар, аяқтар, кішкентай және үлкен аяқтар... Бірақ үстімізде театр бар екенін білетінмін. Ригаға көшкен кезімізде анам Жас көрермендер театрында, ал әкем орыс драма театрында жұмыс істей бастады.
Айтқандай, Татьяна Тарскаяның анасы – Виктория Топоркова – Латвия КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, шағын, сүйкімді актриса болғандықтан, сахнада Күлбике, Түймеқыз, Қызыл телпек сынды рөлдер бұйырған екен. Әкесі Николай Тарский-Артеменко болса – сымбатты, шашы қара, көгілдір көзді, еңселі, сол кездегі әйгілі киноактер Дружниковқа ұқсаған.
– Анам Рига Жас көрермендер театрында «Қар ханшайымы» спектаклінде Герданы ойнап жүргенде, мектептің бастауыш сыныптарында оқитын едім. Герданы қарақшылар ұстап алғанда өлердей қорқып, орындықтың астына құлап, еңірегенім есімде және бұл шын Герда екендігіне сендім, тіпті аяп, жаным ашып кетті. Осындай толқулы сәттер жан-дүниемде терең із қалдырып, тағдырыма, мамандық таңдауыма да әсер етсе керек.
Татьяна Николаевна бірден актриса атана салмаған, себебі бұған әке-шешесі қарсы болады. Ригада мектеп бітіргеннен кейін Құрылыс институтында оқып жүрсе де, театрға деген сүйіспеншілігі бұрынғыдан да күшейе түскендіктен, ешкімге айтпай, жасырын емтихан тапсырып, Рига театр студиясына қабылданады. Осы оқуды бітіргеннен кейін Татьяна Воронеждегі эксперименталды театрды бетке алады. Ал екі жылдан кейін Алматыдағы орыс Жас көрермендер театрынан шақырту алғаны бүгінгідей көз алдында. Бұл – 1968 жылдың қыркүйегі болатын, міне, содан бері актриса Тарская табан аудармай төл театрына адал болып келеді.
– Менің жолым болды, – дейді Татьяна Николаевна, – Өмір бойы өнер адамдарының немесе оны жақсы көретін, түсінетін жандардың арасында келе жатырмын.
Өзімді соғыстан кейінгі кезеңнің, алпысыншы жылдардың буынына жатқызамын. Ол кездегілер мүлдем басқа еді. Осы дәуірдің адамдары қиын-қыстау кезеңдер мен күйзелістен кейін сұлулық пен өнерге, шығармашылыққа жан-тәнімен ұмтылып, оны жүрегімен қабылдады.
Актерлік тұрғыдағы тағдырым өте сәтті өрілді. Менде «жолшыбай» рөлдер болған жоқ, мен үшін әрбір рөл, тіпті кішкентай рөлдің өзі маңызды еді. Білесіз бе, талантты режиссердің қойылымдарында ойнаған кезде, ештеңені өзгерткіңіз келмейді. Театрда өз орнымда, өз ортамда жүргенімді түсіндім, кез келген актрисаға бұйыра бермейтін, армандап қана өтетін рөлдерді ойнап келе жатырмын. Сол үшін театрыма өте ризамын! – дейді Татьяна Тарская.
Ақиқатында, актрисаның сахналық қоржыны қомақты, маңдайына жолы болғыштық жазылған ба дерсіз. Сонымен, 80-жылдардың І жартысында театр Әлия Молдағұлова туралы қойылымды сахналағанда Татьяна Тарская басты рөлді сомдайды.
Қойылымға Жазушылар одағының ақсақалдары келді. Көріп болғаннан кейін олар: «Бұл біздің Әлия!», депті. Актриса Теннесси Уильямстың «Сынық қанат періште» қойылымында Аманда Уингфилд сияқты үлкен, салмақты рөлді ойнап, осы еңбегі үшін 2000 жылы заманауи драматургия фестивалінде «Үздік актриса» дипломына ие болады. Ол «Мадмуазель де Бель Иль», «Бәрімен оңашада», «Вирджиния Вульфтан қорықпаймын» қойылымдарында, «Екі ханшайым болмайды» спектаклінде Мария Стюартты, «Сац» қойылымында Наталия Сац сияқты талай рөлдерді ойнап келеді.
– Менің ерекше бір сүйікті рөлім болды. Режиссер Евгений Прасолов маған жақсы көретін жазушым Федор Достоевскийдің «Қор болғандар мен қорланғандар» шығармасының желісімен сахналанған Неллидің бейнесін сеніп тапсырды. Сол кезде бақыттан төбем көкке бір елі жетпей жүрді десем де болғандай. Өйткені бұл рөл туралы тіпті, армандап та көрмеген едім. Жас кезімде таңға дейін ұйықтамай, осы повесті көрпе астында жатып, шам жарығымен оқып, кейіпкерлердің тағдырына егіліп жылаушы едім. Рөлдер таратылғаннан кейін Прасолов маған келіп: «Мен сізге басты кейіпкер Наташаны емес, Неллидің рөлін бергеніме ренжіп жүрген жоқсыз ба?», – деп сұрағанда мен: «О не дегеніңіз! Нелли – арманым емес пе? Бұл менің сүйікті Достоевскийім ғой», деп жауап бердім. Осы қойылымнан кейін көрермендер маған енді Мәскеуге бару қажеттігін жазып жатты.
Татьяна Тарская өзінің тамаша мансап жолында талай талантты режиссерлердің қойылымдарында ойнаса, өнер жолындағы ұстаздары да шеберлігін жоғары бағалап, ең күрделі және әр алуан рөлдерді сеніп тапсырды. Дегенмен, осындай жарқын естеліктердің арасында актриса үшін ерекше қымбатты режиссер бар.
– Режиссер Борис Преображенскийдің маған тигізген ықпалы орасан. Меніңше, бойымдағы актерлік жаңа қырларымды осы режиссер ашты, адам табиғатын зерттеу үдерісін одан сайын жақсы көре түстім, образ, кейіпкерлеріммен бұрынғыдан да тиянақтырақ жұмыс істей бастадым. Мен үшін бұл жарқын, жемісті шығармашылық кезеңге айналды. Борис Николаевич театрды және актерлерді қалай жақсы көрді десеңізші – оған әртістердің тынысы ашылып, өз рөлдерінен жаңа дүние тапқанын көру маңызды болатын. Кімнің болса да рөлді керемет ойнап шыққанын әрқашан мақтан тұтып, театр мен өнерге деген сүйіспеншілігімен бәрімізді шабыттандыратын. Әрине, өзімді осы режиссердің актрисасы деп есептеймін.
Жоғарыда атап өткендей, дәл осы күндері Татьяна Тарскаяны «Гарольд и Мод», «Примадонны», «Пушкин live» және «Над кукушкиным гнездом», «Мой дедушка был вишней» сияқты бірқатар тамаша қойылымнан көруге болады. Бірақ оның барлық жұмысының ішінде режиссер Галина Пьянованың 2023 жылы қойған «Сац. Хроника одной репетиции» қойылымы ерекше орын алады, онда Татьяна Николаевна театрдың негізін қалаушы Наталия Ильинична Сацтың бейнесін соншалықты тереңдікпен сомдайды.
Тағы бір қызығы, осы желтоқсан айында актрисаның мерейтойына орай Сац театры «Татьяна Тарская. Тағдырыңды ойнап шығу» атты қайталанбас өмірбаяндық спектаклін ұсынғалы отыр. Байырғы актриса осы қойылымда жаңа буынның экстремалды жанры – стендап-шоуда өзін сынап көрмек. Қойылымның әрбір сөзі мен оқиғасын тоқыған шынайылық, тереңдік пен адамға деген сүйіспеншілік Татьяна Тарская үшін әлі де үлкен мәнге ие екендігін паш етіп, көрермендерге актрисаның шығармашылық ғұмырына сүңгуіне мүмкіндік береді.
АЛМАТЫ