Байқау • Бүгін, 08:45

Бас қалаға арналған балалар байқауы

24 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты аймақтық ғылыми-тәжі­рибе­лік конференция өтті. Жастар ара­сында мәдени мұраны зерттеуге де­ген қызығушылықты арттыру мақ­сатында бұл жиынды Президент орта­лығы мен «Астана дарыны» та­лант­ты жастарды анықтау және қолдау орталығы бірлесіп ұйым­дастырған.

Бас қалаға арналған балалар байқауы

Секциялық отырыстарда Астана қала­сы мен Ақмола облысының 7-9 сынып оқушы­лары өз жобаларын ұсынды. Айта кетейік, конференцияға қатысуға 80-нен аса баяндама жіберіліп, оның 55-і екінші кезеңге өткен.

«Бүгінде бас шаһарымыз республика­ның ірі саяси, экономикалық, мәдени және ғы­лыми орталығына айналды. Астананың тари­хын, экологиялық жағдайын, туристік мәсе­лелерін балалар осы бастан білуі қажет. Сон­­дықтан біз бұл жиынға осы саланың ал­дың­­ғы қатарлы мамандарын шақырдық. Олар елорданың өркендеу жолын, қазір­гі түйт­­кілдерін, болашақтағы жай-күйін ор­таға салды. Оқушылар да ойын бүкпей, ұсыныс­тарын ашық айтты», деді Президент орталығы директорының міндетін атқарушы Серік Сыдықов.

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, сәу­лет ғылымының кандидаты Аманжол Чи­канаевтың айтуынша, Астананың бас жоспарына арналған халықаралық байқауға әлемдік сәулет өнерінің шеберлері ұсынған бірнеше жоба сараптаудан өткізілген.

«Нақтырақ айтсақ, байқауға 47 шығар­машылық ұжым қатысты. Мен ұйымдастыру комитетінің құрамында болдым. Байқаудың финалында 3 үздік жоба таңдалды. Бірінші эскиздің авторы – әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, екінші жоба – отандық сәулетшілердікі, үшінші жобаның авторлары – ресейлік мамандар еді. Астана сәулеттік қиялға шексіз еркіндік берді, ең батыл сәулеттік ұсыныстарды шешуге мүмкіндік берді», деді ол.

Аталған конференцияның ерекшелігі – бұрын мұндай жиындарға елорданың құрдастары шақырылатын, ал бұл жолы мектеп оқушылары мінбеге шығып, ұтымды ұсыныстарын айтты.

«2010 жылы Астанада «Жабық қала» кешенін салу жоспарланған. Шұғыл кон­тинентальді суық ауа райына төтеп бере­тін жоба 10 мың тұрғынға есептелген. Жергілікті сәулетшілер киіз үй сияқты жасауды ұсыныпты. Бірақ кейін бұл жоба аяқсыз қалды. Біз осы кешеннің келешекте де маңызды екенін зерттедік, ғалымдар­мен сұхбаттастық. Жалпы ұзындығы бір шақырымды қамтиды. Күмбез астында дамыған әлеуметтік инфрақұрылымдар, атап айтсақ, мәдени орталықтар, ғылыми зертханалар,  ботаникалық бақтар мен ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Қысы-жазы қалыпты ауа райын сақтап, жүз па­йыз экологиялық тазалық кепілдігін береді. Қаланың аумағы шағын болғандықтан, экономикалық жағынан тиімді. Ең бастысы, туристердің көптеп келуін қамтамасыз етеді. Жобаның ресми атауы – Батығай. Өйткені Астана маңында бұрын осы аттас қала болғанын бірнеше тарихи деректер дәлелдейді», деді Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 «Е» сыныбының оқушылары Омар Нұрланұлы мен Рысбай Бекзат.

«Білім саласындағы статистикаға көз жүгіртсек, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыс­­тыру уақытында мұндағы мектепте бар-жоғы 45 мың оқушы болса, қазір 300 мыңнан аса бала білім алып жатыр. 1997 жылы қалада 46 мектеп қана болса, қазір 200-ге жуық білім ошағы бар екенін атап өткім келеді», деді Астана қаласы білім басқармасының басшы­сы Қасымхан Сенғазыев.

Конференция нәтижесінде, Ерболат Қарақат «Астана қаласының тарихы және мәдени мұрасы (қала және аймақтың 1991 жылға дейінгі тарихы)» секциясында жеңімпаз атанды.  Ал «Астана – тәуелсіз Қазақстанның елордасы» бағытында Камила Жүсіпова 1-орын алса,  «Болашақтағы Астана» секциясында Жанерке Рысқұл көш бастады.