01 Мамыр, 2015

Ұмытылмайтын жеңіс, ұмытылмайтын хат

2157 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
УОС-ЦВКеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне биыл 70 жыл толады. Адамзат тарихында терең із қалдырған бұл сұрапыл кезеңнің оқиғалары жөнінде жаңа зерттеулердің жүргізіліп, жаңа тұжырымдардың жасалуы да толық табиғи құбылыс. Өйткені, бұл соғыстың әлі де болса ой елегінен өткізуге лайық тұстары аз емес. Осы ретте, мәселен, алдымен мүмкін болғанша толық анықталуға тиіс нәрсе, әрине, адам шығыны. Республикалық статистика агент­тігінің көрсетулеріне сүйен­сек 1941 жылдың 1 қаңтарында Қазақ­стандағы халық саны 6.425 мың адам болған. Ал соғыс басталған 1941 жылдың 22 мау­сымынан 1945 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикадан әскерге 1.196.164 адам шақырылған. Егер бұл санға соғыс басталғанға дейін Қызыл Ар­мияда қызметте жүрген 170 мың адамды қоссақ соғыс жылдары әскер қатарында 1.266 мың қазақстандықтың болғанын бай­қаймыз. Бұған қосымша қорғаныс индустриясына қатысты өнеркәсіп орындарында, транспортта және құрылыста жұмыс істеуге 700 мыңнан астам адам шақырылған. Яғни, Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттар арқылы 1 миллион 900 мыңға жуық адам соғыс қажетін өтеуге сапқа тұрған. (М.Қозыбаев, Қ.Алдажұманов. Күр­­­кіреп күндей өтті ғой соғыс// «Еге­­мен Қазақстан». 1993 ж. 8 мамыр). Ал осы әскер қатарына шақы­рылған 1.266 мың адамның қан­шасы шайқас даласында қайтыс болды, тұтқыннан оралмады, хабар-ошарсыз кетті деген сауалға, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін нақты әрі дәлелді жауап жоқ. Мәселен, Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскер тарихы орталығының қыз­меткері М.Филимошиннің есебі бойынша соғыстан оралмаған қазақ­тардың саны 125,5 мың адам. (М.Филимошин. Военные потери вооруженных сил СССР). Ал біздің ғалымдардың көрсетуіне сүйенсек, майданнан оралмаған қазақстандықтардың саны 602 928 адам. Олар шайқастарда, гос­питальдарда, тұтқында өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен. Ал шайқастарда, госпитальдарда өлген немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақ­тардың саны 130 мың адам. Яғни, бұл арада тақы­рыпқа байланыс­ты зерттеу жүргізетін ресейлік ор­талық­тар мен қазақстандық зерт­­теу­ші ға­лымдардың арасында адам шы­ғынына қатысты алшақ тұ­жы­рымдардың бар екендігі бай­қалады. Қалай болғанда да соғыс ке­зін­­дегі адам шығыны, майдан дала­сындағы жауынгерлердің ерлігі, тылдағы адамдардың ерлік­пен тең еңбегі, сондай-ақ белгілі себептер­ге байланысты соңғы уақытқа дейін жабық күйде қалып келген та­қы­рыптар, әрине, жаңа көзқарас тұр­ғысынан талдауға алынуға лайық. егемен каз Осы ретте мынадай бір жағ­дайға көңіл аударуға тура келе­ді. Ұлы Отан соғысы туралы ір­ге­лі зерт­теулер басым түрде ке­ңес­­тік билік кезеңінде, яғни ке­ңес­­тік идеологияның үстемдігі тұсын­да жазылды. Соған байланысты зерттеушілерге көптеген тақы­рыптарды айналып өтуге тура келді. Ал бүгінгі тәуелсіз мемле­кеттілік жағдайында Отан соғысы тақырыбының қай тұрғы­дан алған­да да практикалық маңы­зының өзек­тілігін мойындап, оның жабық немесе елеусіз жақтары болмауға тиіс екендігін ескергеніміз жөн. Міне, сондай соңғы уақытқа дейін ескерусіз қалып келген тақы­рыптардың бірі 1943 жылы май­дандағы қазақ жауынгерлеріне қазақ халқының атынан жолданған хат. «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты» аталатын құжатты бүгінгі күн тұрғысынан талдауға алудың өзек­тілігі неде? Хат, әрине, идео­логиялық құжат. Оны даяр­лау және насихаттау идея­сы бел­гілі бір өмірлік қажет­тілік­тен туындағаны даусыз. Яғни ол бел­гілі бір практикалық мәсе­лені шешуге қызмет жасауға тиіс болды. Сондай-ақ, осы мазмұнда жарияланған хат жалғыз емес-тін. Қазақ халқының қазақ жауын­герлеріне жолдаған хатынан үш ай бұрын «Правда» газетінің 1942 жылғы 31 қазандағы санында «Өз­бек халқының жауынгерлеріне олардың ел-жұртынан хат» ат­ты құжат өзбек және орыс тіл­дерінде жарияланды. Яғни, қазақ халқының хатын осы контексте талдауға алып, түсінік берген орынды. Сонымен, жоғарыда атал­ған хатты талдауға алу бірін­шіден, бұл құжаттың өмірге келуін ұйымдастырған Орта­лық биліктің соғыс жағдайында қазақ халқына байланысты саяси ұстанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік туғызса, екіншіден, хат майдандағы қазақ жауынгерлері мен тылдағы қарапайым еңбек адамдарының қызметіне бүгінгі заман биігінен қарап, мүмкін бол­ғанша шынайы, әділ баға беруге көмектесетін дерек көзі болып табылады. Алдымен, қысқаша болса да хаттың өмірге келуіне негіз болған тарихи жағдайға тоқталайық. 1942 жылдың көктемі мен жазында кеңес­тік Қызыл Армияға түрлі ауырт­палықтарды бастан кешіруге тура келді. Сәуірдің соңындағы оның Қырым­дағы шабуылы жеңіліспен аяқталды. Осы жылдың 4 шілдесінде 250 күнге созылған қорғаныстан соң кеңес әскері Севастопольды тастап шықты. Осы жылдың мамыр айындағы Ленинградтағы қоршауды (блокаданы) бұзып шығу әрекеті сәтсіз аяқталды. Кеңес әскерлерінің Харь­ков бағытындағы шабуылы жеңіліспен және 20 дивизиясының қоршауда қалуымен аяқталды. Сол сияқты Волхов майданындағы 2-ші шабуылдаушы армия да қор­шауға түсіп талқандалды. Армия қолбасшысы генерал А.Власов фашистер жағына өтіп, кейінірек гит­лерліктер жағында соғысқан Орыс азаттық армиясын (РОА) құрды. 1942 жылдың жазында гит­лерлік басшылық бірден екі ба­ғытта шабуыл­ға көшті: Сталин­градқа («Б» ар­миялар тобы) және Кавказға («А» армиялар тобы). 1942 жылдың 6 шілдесінде 4-ші неміс танкі армиясының бөліктері Воронеждің оң жақ бетін басып алды. Одан ары оңтүстік шығыс бағытта жүріп Донның оң жақ бетін­дегі жерлерді, Донбастың шы­ғыс бетіндегі өнеркәсіп ошақ­тарын өзі­не қаратты. 24 шілдеде Ростовты ал­ды. Ендігі уақытта Кавказға қауіп төнді. Кавказ үшін шайқас шілденің соңында басталып, Солтүстік Кав­каздың біраз бөлігін немістер басып алды. Осымен бір мезгілде «Б» армия­лар тобы Сталинградқа шабуыл­ды бастап кетті. Қорыта айтқанда, бірнеше же­тінің ішінде неміс әскері ке­ңес жеріне 400 километрге жуық тереңдеп енді. Соғыс қимы­лын­да Қызыл Армияның мұн­дай сәт­сіздікке ұшырауы әскер қата­рында тәртіптің күрт құлдырауына жол ашты. Тәртіп бұзушылық және үрей кең ауқым ала бастады. Мәселенің күрделене түсуінен қауіптенген Ставка жағдайды тұрақтандыру үшін ендігі уақытта Сталиннің қолымен бекітілген атақты №227 бұйрықты шығарды (1942 ж. 28 шілде). Әскерде темір­дей қатал тәртіп орнатуды көздеген бұл бұй­рық рұқсатсыз шегінген жауын­герлерге ең ауыр жаза қолдануды белгілеп берді. Қызыл Армия қатарында бай­қалған берекесіздік пен ба­сың­қы көңіл-күйді тез арада өз­гертуге бағытталған идео­логия­лық шаралар барлық Кав­каз өңірінде антифашистік ми­тингілер өткізуден басталып, оның арты ортаазиялық жеке ұлт­тардың атынан олардың май­дандағы жауынгерлеріне хат ұйымдастыруға ұласты. Бұл идео­логиялық шараларды өткі­зу барысында басымдылық бұрын­ғыдай партиялық-большевиктік ұстанымға емес, ұлттық-патриот­тық сезімге қозғау салып, оны күшейте түсуге берілді. Мәселен, «Правда» газетінің 1942 жылғы 1 қыр­күйектегі жарияланған материалда: «Тау халықтары... бауырлар, Кавказ тауларында, Донның, Кубанның, Терек пен Сунжидің еркін жазықтарында, Қалмақия мен Ставрополдың далаларында туып-өскен ержүрек жігіттер! Ақ­тық шайқасқа шығыңдар!.. Солтүстік Кавказдың кеңістіктері мен Кавказ тауларына кіре беріс неміс қарақшыларының моласына айналсын!», деген мазмұндағы үндеу айтылды. Сонымен бірге, Кавказдың мұсылман халықтарына сенім­сіз­дікпен қараған сталиндік орталық үкімет, ортаазиялық орыс емес халық­тарға толық сеніммен қара­ды деп айту бір жақтылық болар еді. Кеше ғана, яғни 20-30-шы жылдары ортаазиялық ұлт-азаттық қоз­ғалыстарды қанға бөктірген Сталин  өзінің бұл халықтарға жасаған ойранын ұмыта қойған жоқ-тын. Осы жағдайды ескере отырып, ол енді саналы түрде «жұмсақ» саясатқа көшті. «Правда» газетінің 1942 жылғы 31 қазандағы санында «Өзбек халқының жауынгерлеріне олардың ел-жұртынан хат» аталатын құжат өзбек және орыс тілдерінде жарық көрді. Жоғарыда аталған №227 бұйрығы рухында жазылып, әрбір абзацы «Бір қадам да шегініс жоқ!» деген сөйлеммен басталатын бұл хатта: «Өзбек халқының батыр ұлан­дары! Отанымызды фашист жыртқыштарынан азат ету ісінде басқа совет халық­та­ры­ның перзенттерінен кейін қал­маңыздар!.. «Жігіт кісінің ұялғаны – өлгені» деген бабаларымыз. Өзбек халқы­ның атына ұят келтіретін іс қылма­ңыздар», деген сөздер де бар-тын. Бұл хатта уақыт өтсе де ескір­мейтін бір ой, ұстаным болды. Ол халықтар достығы, яғни жеңіске бас­таған достық. Кеңес Одағын не­міс басқыншыларынан жеңілістен құт­қарған негізгі фак­торлардың бірі де осы рухани құндылық екендігі хақ. Кеңестік басшылықтың бұл рет­тегі ұстанымы өз нәтижесін бер­ді деп айтуға болады. «Сенің хал­­қың, – деп көрсетілді хатта – КСРО-ның бір перзенті емес пе? Енді, міне, сенің ағаң болған (бөліп көрсету бізден – авторлар) орыс­тың үйіне, бауырласың бела­русьтың және украинның үйіне герман баскесерлері басып кірді, олар өзгелермен бірге дар мен қам­шыны, өшпенділік пен өлімді, аштық пен қырғынды ала келмек. Ал шындығында орыстың үйі  – сенің үйің, украин мен беларусь­тың үйі сенің үйің ғой!». Сонымен бірге, қасиетті тақы­рыпқа арналған хатта «кіші» ұлт­тардың революцияға дейінгі өмірін кейінгі кеңестік өмірге қарсы қойып, Науаи мен Ұлықбек, Мукими мен Тараби сияқты ұлы тарихи тұлға­ларды өмірге әкелген орта мен за­ман­ды төмендетіп көрсетуге қажет­тілік бар ма еді? Әрине, жоқ-тын. * * * «Правда» газеті 1943 жылғы 6 ақпандағы санында «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауын­герлеріне хатын» жария­лады. Қазақ халқының соғыс жылдарындағы бұл хатына байланысты бір нәрсенің басын ашып алған жөн. Халық атынан майданға жолданған бұл құжаттың соғыс жағдайында қалыптасқан аса зор қажеттіліктен туындағандығын, сондай-ақ оның күрделі сәтте майдандағы қазақ жауынгерлеріне жағымды әсері болғандығы еш­қандай да күмән тудырмайды. Хатта айтылған тұжырымдар ар­қылы әрбір қазақ жауынгері сол бір күрделі тарихи сәтте туған хал­қының тағдыры одақтағы бас­қа да халықтардың тағдырына байлаулы екендігін терең ұғына түскендігін аңғару қиынға түспейді. Соғыстың бірінші күнінен бас­тап-ақ елдің басына түскен жауап­­кершілікті майдандағы жауын­гер қалай тура әрі терең түсінсе, оның артындағы әкесі мен шешесі, туған-туысы мен ауылдасы да сондай дәрежеде түсінді. Хатта айтылған: «Майдандағы қазақ жауынгерлері! Сендердің ерлік­терің, жауға жасаған шабуыл­дарың, туған елдерің Қазақстанды бір көтеріп тастады. Халық май­данға таңдаулы ұлдарын жібергенін қуанышпен мақтан етеді», деген тұжырым жеңіл-желпі айтыла салған сөз емес-тін, ол халық пен майдан арасындағы тұтастықты білдіретін орынды пікір болатын. Хатта баяндалған осы мазмұн­дағы пікірлердің халықтың терең жүрегінен шыққандығы және олар­­дың аса жауапты сәтте Отан-Ананың үніндей әсерлі болған­дығы хақ. Хатты жариялаған «Правда» газеті сол күнгі санында «Даңқты қазақ халқы Советтік Отан үшін күресте» деген тақырыппен бас мақаласын беріп, онда «қазақтар майданда жауға қарсы жақсы ұры­сады, тылда олардың әкелері, аналары, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай, жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық бай­лықтарымен, тауларының бар­лық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр. Гит­лершілдерді талқандайтын әрбір снарядта қазақ даласының, қазақ еңбегінің үлесі бар...Түсті металдар – Қазақстанның Отан қорғау ісіне беріп отырған баға жетпес көмегі. Оның астығы, еті мен жүні де – сондай бағалы көмек. Қызыл Армияны тамақтандыру, киіндіру үшін, қазақ халқы тылда патриоттық жігермен еңбек етуде. 1943 жылы Қазақстанның дәнді және техникалық егістерінің көлемі 842 мың гектарға артты. Республиканың колхоздарында мал басы 1.518 мыңға өсті. Қазақ­станның колхоздары мен сов­хоздары еліміз бен майданға етті 1941 жылғыдан 2.657 мың пұт, сүтті (тек колхоздар ғана) 1.467 мың пұт, жүнді 107 мың пұт артық берді», – деп жазды. Бұл айтылған ой-пікірде қазақ елін ешқандай да асыра дәріптеу жоқ-тын. Майдандағы қазақтардың осы биіктен көрінгендігі тарихи шындық болатын және ол мойын­­далған. Тылдағы қазақ хал­­қының ерлік еңбегі, қазақ же­рінің асты-үсті байлығы неміс басқыншыларымен соғыста қаже­тіне жұмсалғаны да ақиқат болатын. Қазақ халқы соғыс жылдары саяси тұрғыдан да, сон­дай-ақ рухани тұрғыдан да тұтастық және кемелдік танытты. Ол әлгінде ғана (30-шы жылдары) ел зиялылары мен басшыларына қарсы жүріп өткен жаппай репрессиялау саясатын есіне алмауға тырысты. Алаш қайраткері Базарбай Мәметовтің қызы Мәншүк Мәметованың майданда ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Ба­тыры атануы, алаш қайраткері Сма­ғұл Сәдуа­қасовтың ұлы, Әлихан Бөкей­хановтың немересі Ескендір Сма­ғұлұлының 14 жасында полк баласы ретінде майданға аттанып, сонда жүріп оққа ұшуы, лагерьде айдауда жүрген алаш офицері Бермұхамбет Сисекеновтің өз еркімен штрафбатқа сұранып майданға аттанып, соғыс аяқ­тал­ғанша әскер қатарында болуы, байдың қызы Мәрзия Ибра­гимованың (жамбылдық): «Әкем халық жауы болған жоқ, ал мен еліммен біргемін!», деп соғыс жыл­­дары білек түрініп колхоздың жұмысына араласып, сол үшін де Социалистік Еңбек Ері атануы, міне, осы саяси тұтастықтың нақты көрінісі болатын. Соңғы жылдары ғана анықталып отырғандай «Алаш» қозғалысы қатарында болып, сол үшін де репрессияға ұшыраған ақмолалық Шайшық Олжабаев, Тобай Барлыбаев және басқа да белгілі де белгісіз кеткен алашшыл азаматтардың туған-туыстары елімен бірге жеңіс үшін белсенді еңбек етіп, қоғамның құрметіне бөленді. Мысалы, Тобай Барлыбаевтың ұлы Әлихан Бар­лыбаев Ұлы Отан соғысын танк командирі болып, Орел – Курск иінінен бастап, майданда үш мәрте жараланып, Прага қаласында же­ңіспен аяқтады. Жазушы И.Эренбург соғыс кезе­ңіне тән саясаттанған пуб­лицистика үлгісінде жазылған «Қазақтар» аталатын мақаласында тұтқынға түскен неміс офицерінің қазақ жауынгерлеріне байланысты айтқан пікірін береді (пікірді жазылған тілінде бергенді жөн көрдік): «Против нас были страшные солдаты – их не мог остановить никакой огонь, они бежали прямо на нас. Потом мне сказали, что это – казахи. Я не знал прежде, что существует такой народ...» (Эренбург И.Г. Война. 1941-1945 / М., 2004, с. 796.). Бұл қазақ жауынгерлері жөнінде айтылған жалғыз пікір емес-тін. Соғыс жылдары КСРО-да «Санди таймс» газетінің және ВВС (Би-би-си) радиокомпаниясының тілшісі қызметін атқарған А.Верт «Россия в войне 1941-1945» атты кітабында: «Ортаазиялық халықтардың жауын­герлерінің қаһармандықпен соғыс­қандықтарына қарамастан, советтік басшылықтың бұл халық­тарға байланысты жайсыздық танытқанына тоқталып: «Советтік билік орындары Кавказға байланысты, әсіресе оның мұсылман халықтарына байланысты жайсыз­дық сезінді. Осындай жайсыздықты жауынгерлері майданда жаумен шайқаста қаһармандық танытса да Орта Азияның кейбір мұсылман халықтарына да байланысты байқатты. Қызыл Армияның ең тегеурінді жауынгерлері қа­зақ­­тар болды; жалпы алғанда соғыстың басынан соңына дейін қазақтар өздерін ең жақсы жағынан көр­сетті, ал Сталинградттың өзін­де жауынгерлердің ең үздік деген­дерінің қатарында қырғыз, қазақ және башқұрт сияқты орта­азиялық халықтардың өкілдері жүрді. Қы­рымдық емес, волгалық татарлар да өздерін өте жақсы жағынан танытты», деп жазды (А.Верт. Рос­сия в войне 1941-1945 //oyallib.com /book/vert_aleksandr/rossiya_v_voyne_1941_1945.html). Майданға қолындағы барын жіберген Қазақстанның ауылдары мен қалалары соғыс жылдары аштық жағдайды басынан кешірді. Ішкі Істер Халық Комиссариатының 1944 жылғы 18 сәуірдегі мәліметіне қарағанда, осы жылы Алматы облысында – 40, Ақмола облысында – 21, Солтүстік Қазақстан облысында 10 адам аштықтың салдарынан опат болған (Людские потери СССР в период второй мировой войны. Сборник статей. Санкт-Петербург. 1995. С.169). Оған бір жағынан 1943 жылы еккен егіннің түсім бермеуі болса, екіншіден, халықтың қап түбіндегі астығы мен соңғы тұяқ малын майданға жөнелтуі еді. Мәскеу түбіндегі қанды шай­қаста қаһарман істерімен көзге түскен Бауыржан Момышұлы Ал­матыдағы әдебиетші-ғалым Есма­ғамбет Ысмайыловқа жаз­ған хатында қазақ халқының рево­люцияға дейінгі өмірін қараңғы түнек, ал өзін бар жақсылықтан хабарсыз, бейшара ретінде көрсетуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Бауыржан Момышұлының бұл айтқан пікірі жай эмоциялық сілкіністен туа қалған негізсіз сөз емес-тін. Бұл соғыстың алдында ғана диктаторлық жүйе тарапынан ауыр соққы алған, бірақ оған сынбаған, тек іштей булығып, тына қалған ұлттық намыстың реті келген сәтте қайта бас көтеріп, дүлей билік алдында: «Мен бармын!» деп бой көрсетуі болатын. Қазақ рухы оны майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің жанқиярлықпен көрсеткен жаппай ерлігі арқылы, сондай-ақ тылдағы шаршап-шал­дығудың не екендігін білместен күні мен түнін ауыр еңбекте өткіз­ген қазақ әйелдерінің ерік-жігері арқылы білдірді. Неміс басқыншыларымен ақтық күрес жағдайында қазақ хал­қының майдан мен тылда танытқан мұндай «ашық мінез, кең пейіл» ықыласы Орталық билік тарапынан сондай дәрежеде түсіністік тауып, қолдауға ие болды ма? Мұндай сауалға сенім­ді түрде жағымды жауап беру қиын. 1941-1943 ж.ж. майдан даласында қалыптасқан ауыр жағдай өте салысымен-ақ партиялық идеология бұрынғы 20-30-шы жылдары қалыптасқан арнасына қайта түсті. «Қазақ ұлтшылдығы» туралы мәселе идеологиялық аппарат тарапынан қайта көтерілді және ол мынандай тарихи фактілерден анық байқалды. 1943 жылы ресейлік (соғыс жылдары Алматыда тұрған) жә­не қазақстандық ғалымдардың шы­ғармашылық бірлікте даярлаған «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» (М.-А, 1943) атты кітап жарық көрді. Кітап жарық көре салысымен сол жылы-ақ сәтті жазылған еңбек ретінде Сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Іргелі ғылыми тұрғыдан жазыл­­ған бұл кітапта патшалық билік­тің қазақ қоғамын отарлау және орыс­тандыру саясаты тия­нақты талдауға алынып, оған жауап реакция ретінде көрін­ген қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресіне, түрлі аймақтарды қамтыған ұлт-азаттық қозғалыстарға жеке тараулар арналды. Азаттық қозғалыстарды басқарған жеке қайраткерлердің тұлғалық болмысы сомдалды, қоғамдық ойдағы «Зар заман» ағымы көрініс тапты. Ресейлік отарлау саясатының мұндай ашық сынға алынуы Мәс­кеудегі ресми ұстанымдағы ғалымдардың «намысына» тиген еді. Мемлекеттік сыйлықтар бойын­ша комитеттің тапсыруы­мен еңбекке пікір жазған А.И.Яков­лев кітапта Ресей үкі­метінің им­периялық территориясын ке­ңейте түсу әрекеті қорғаныстық мақсатта жүргізілген, сондықтан да бұл процесс «про­гресшіл» сипаттағы әрекет ретінде көрсетілуге тиіс еді, ал қазақтардың орыс отар­шылдығына қарсылығын дабырайтып көрсете­тіндей ол соншалықты маңызды тақырып емес-тін, жалпы кітапта Ресей мемлекетіне де, сол сияқты орыс халқына да жағымды көзқарас жоқ деген қорытындыға келеді. Өз ретінде Қазақстан тарихынан аталған еңбектің жарық көретіндігі жөнінде хабар майдандағы жауын­герлерге де жетіп, олардың тарапынан қызығушылық тудырған еді. Мәселен, Д.Қосанов деген май­­­дангер кітапты жазуға атса­лыс­қан ғалымдарға жолдаған хатында: «Кеше ғана біз «Правда» газе­тінен өзіңіздің, біздің жа­қын дос­тарымыздың белсенді атсалы­суымен жақын арада «Қазақ КСР тарихының» жарық көретіні жө­нінде білдік. Біз сіздердің зор нәтижелі жұмыстарыңыз үшін өте қуандық, енді, міне, сол кітапты оқып шықсақ деген үміттеміз. Егер сіздерге қиын болмаса, осы са­рылып күткен кітаптың бір да­насын бізге жіберсеңіздер екен», деген өтінішін білдіреді. (Бран­денбергер Д.Л. Национал-большевизм. Сталинская массовая культура и формирование русского национального самосознания (1931-1956) Санкт-Петербург, 2009. С. 196) Өкінішке қарай, бұл кітапты оқу мүмкіндігі сол тарихи кезеңде майдангерлерге де, елдегі қалың оқырмандарға да бұйырған жоқ еді. Кітапты қалың оқырманның қолына беру қауіпті деген мағы­надағы тұжырым жасалынып, оның тиражы ұстанымнан қайтарылып, оқуға тыйым салынған еңбек ретінде сейфке бекітілді. Кітап авторлары мен оны шығаруға қатысы бар ғалымдар қудаланды, тұтқынға алынып, түрмеге тоғытылды. Сонымен, ел басына қауіп төнген соғыс жағдайында ұлттық-патриоттық ұстанымды күшейту жолына түскен сталиндік орталық билік ол қауіптің беті қайтқан сәтте-ақ сол бұрынғы қалпына түсіп, қазақ сияқты елдің табиғи ұлттық сезіміне сезікпен қарайтын болды. «Правда» газеті ендігі уа­қытта совет халқы «қазақ хал­қының турашыл, ашық, ерлік жүрегін, оның кішіпейілділігін, оның адалдығын жақсы көреді», деген мазмұндағы пікірді бер­мейтін болды. «Правда», әрине, партиялық, яғни идеологиялық ұстанымдағы басылым болды. Бүгін, біздің ел Ұлы Отан соғы­сы жылдары отан үшін от кешкен ұр­пақтың ерлік істеріне зор құрмет­пен қарайды, оны биік азамат­тықтың қайталанбас үлгісі ретінде бағалайды. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назар­­баевтың «Отанды қор­ғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлай­сың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың», деген аталы сөзі ойға оралады. Мәңгілік Ел идеясы да міне осы адам табиғатында бар және ешуа­қытта маңызын жоғалт­пайтын құндылықтардан бастау алатындығы хақ. Бүгінгі таңда осы ұлы идея біздің елімізде жалпы азаматтың құндылықтарды шоғыр­ландыру жүйесінің, сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың дүниетану негіздерін қалайды. Ендігі жерде ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін Мәңгілік Ел идеясын іске асыру үшін аянбай тер төгу керек. Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, профессор, Азат ПЕРУАШЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.